Билік Әлтаевтың партиясын тіркемей жатыр

Oinet.kz 24-06-2021

Өткен аптада Шымкентте тіркелмеген «El Tiregi» партиясының филиалы ашылды.  Бұл өзін оппозиция санайтын партияның өңірлерден ашқан алғашқы өкілдігі. 

Screenshot_10.jpg

Партияның төрағасы Нұржан Әлтаев:

- Алғашқы филиалдың осы аймақта ашылуы бекер емес. Себебі, бұл менің кіші Отаным, кіндік қаным туған өлке және ең көп халық  қоныстанған аймақ. Партияға деген қолдау дәл осы оңтүстік өңірінен көп болатындығына менің сенімім мол. Енді Шымкент пен облыстың тұрғындары кез-келген мәселе бойынша біздің филиалызға келе алады. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Біз бәріміз бірге елдің тірегі боламыз,-деп мәлімдеді.

Нұржан Әлтаев Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.  Шымкенттегі Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша  тәмамдаған. Екі мыңыншы жылдардың басында ол осы оқу орнында студенттік проректор қызметін атқарды. Бұдан кейін екі жыл Ішкі істер министрлігінде еңбек еткен. 2007 жылдан бастап «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында департамент директоры болды. Бұл жылдары корпорацияға Асқар Мырзахметов басшылық жасаған. 2009 жылдың наурызында Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Бір жылдан кейін ол Әлтаевты облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы қызметіне алып келді. Одан кейінгі жылдары ол Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры болып, 2013 жылы  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ауысты. Әуелі палатаның Оңтүстік Қазақстан облыстық өкілдігіне жетекшілік етті. Кейінірек, басқарма төрағасының орынбасары лауазымына отырды. Осылайша әуелі Абылай Мырзахметовке орынбасары болған Әлтаев 2017 жылы Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың орынбасары лауазымына тағайындалды. Артынша Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі қызметіне ауысып кетті. Әлтаев бұл қызметте бір жыл отырып, 2018 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің креслосына отырды. Былтыр  ақпанда «Nur Otan» партиясының атынан Мәжіліс депутаты атанды Жалпы былтырғы жыл Әлтаев үшін ауыр болды. Ол билік партиясымен ірге ажыратты. Парламент қабырғасында отырып, өзінің оппозициялық партия құратынын мәлім етті. Осындай мәлімдемесі үшін Мәжіліс мандатынан айырылды. Әлтаевтың сонау студенттік проректорлықтан оппозициялық партияның төрағалығына дейінгі «тар жол, тайғақ кешуіне» қысқаша осылай түйіндеуге болады.

Төраға болғалы Әлтаевта тыным жоқ. Ол «Ұлттық мүддені қорғау» деп аталатын Кеңес құрды. Осы уақытқа дейін Кеңестің бірнеше отырысы өтіп, онда қоғамдағы әртүрлі өзекті мәселелер талқыланды. Кейбір сарапшылар Кеңестің үш партия, ондаған қоғамдық ұйым өкілдерінің басын қосқанын, саяси күштердің өзінің қанатының астына біріктірген мұндай ұйымның бұрын-соңды бізде болмағанын айтып жатыр. Алайда бұл тым асыра айтылған сияқты.  Әлтаев құрып жатқан партияның әзірге салмағы анау айтқандай ауыр емес. Мәселен партияның құрамында елге белгілі тұлғалар жоқ. Неге? 

Ал билік әртүрлі сылтаулармен «El Tiregi»-ін тіркемей жатыр. 

-Біздің партия салыстырмалы түрде жаңа әрі жас. Біз тіркеуге құжаттарды 7 рет тапсырдық, бірақ бізді әртүрлі ойдан шығарылған себептермен әлі күнге дейін тіркеуден бас тартуда. Менің ойымша бұл біздің дұрыс бағытта жұмыс жасауымыздың ең жарқын көрсеткіші. Егер, билікті мақтаған, жағымпаз партия болсақ, әлдеқайда тіркеуден өткізетін еді. Солай емес пе?!-дейді Н.Әлтаевтың өзі.

Айтпақшы, партияның Шымкенттегі филиалына Асылжан Жананов деген азамат жетекшілік етеді. Көпшілік үшін бұл азамат мүлдем танымал емес. 

Кәрістер аштан қырылуы мүмкін
«Путин Назарбаевқа «Тоқаевтың жұмысына кедергі келтірме» деп айтады»


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×