Сапарбаевтан енді пайда бар ма?

Oinet.kz 10-02-2022 1656

Ақпан айында Бердібек Сапарбаевқа қатысты екі атаулы дата бар. 9 ақпан оның туған күні. Жамбылдың әкімі биыл 69 жасқа келді. 10 ақпанда, яғни бүгін Бердібек Машбекұлының Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалғанына тура 2 жыл толды.  Ол бұл орынға 2020 жылдың ақпанында Қордайда болған қазақ-дүнген қақтығысынан кейін келген болатын. Әулиеата өңірі Сапарбаев басқарған бесінші облыс. Бұған дейін де жазылып жүргендей, қазақстандық шенеуніктердің ішінде бес бірдей өңірге әкім болған жалғыз Сапарбаев қана.

Screenshot_5.jpg

Қазір Жамбыл облысында Бердібек Сапарбаевтың құрметті демалысқа кетіп, оның орнына Бақытжан Сағынтаевтың тағайындалатындығы туралы әңгіме өршіп тұр. Кім біледі? Президент осындай өліара шақта Сапарбаевты отставкіге жіберу де әбден мүмкін. Бірақ қызметінен босатқан күннің өзінде Сапарбаев демалысқа өз биігінде, өз абыройымен кететін сияқты. Өйткені  осы аптада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Бердібек Машбекұлы баяндама жасады. Президент Әулиеата өңірінде жасалып жатқан жұмыстарға оң баға берді. 

Жамбыл облыстық әкімдігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, жиында Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндаған. Өткен жылы 38 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. 

- Мемлекеттік бағдарламалардың көмегінің нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері былтырғыдан жоғары қалыптасып, экономикалық өсім 5,8 пайызды құрады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, сауда, байланыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірісі артты.  Қаржы 99,5 пайызға игерілді. 705 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 409,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. 2025 жылға дейін 2 триллион теңгені құрайтын 74 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Былтыр 70 миллиард теңгеге 14 жоба іске асырылды. Барлығы 38,8 мың жаңа жұмыс  орны ашылды, оның 19 мыңы тұрақты, - деді Бердібек Сапарбаев.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда.

- «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» шегінде 12,7 миллиард демеушілер қаражаты есебінен облыс орталығында 10 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді. «Асарлатып үй салу» жобасымен 134 мұқтаж отбасы үйлі болды. «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде 157 мың түлектің демеушілігімен 8,8 миллиард  393 инвестициялық жоба іске асырылды. «Таразға тарту» бойынша облыс орталығында 2,1 миллиард 42 нысанда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Биыл «Жаңғырған Жаңатас» жобасы қолға алынады,-деген Бердібек Сапарбаев алдағы жоспарлы міндеттерге тоқталып өтті.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қарқынды жұмыстарды жалғастыра түсу керектігін баса айтты.

- Кең ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жоспар айқын. Орындаңыздар», - деп, нақты міндеттер жүктеді.

Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі үкімет отырысында да Жамбыл облысында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берген еді.

 Былтыр Сапарбаев ақпарат құралдарына берген сұхбатында өзінің зейнеткерлікке кетуіне қатысты пікір білдірген болатын. Ол:

-Көрерміз, қабілетім, денсаулығым, жұмысымның нәтижесі нашар болса мен жұмысты істей алмаймын. Егер менен мемлекетке, өңірге, халыққа ешқандай пайда жоқ болса, кетемін. Пайда болған соң жұмыс істей беремін,-деп жауап берген еді. Ал қаңтар оқиғасы кезінде әкімдікке жиналған жұртшылық Сапарбаевқа зейнеткерлікке шығып, жастарға орын беру керектегін баса айтқаны бұған дейін де жазылды. 

Сапарбаевтан енді пайданың бар-жоғын тек Президент шешеді.    

"Рейтинг" газеті, 

10 ақпан, 2022 ж

Президенттің батыл шешімдерінің арқасында елдің тұтастығын сақтап қалдық - сенатор
Мәди Ахметов Үкіметке өткір сұрақ қойып састырды (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу