Министр Сәрінжіпов пен депутат Перуашовтің текетіресі неден туындады?

Oinet.kz 24-04-2019 922

 118943.jpg

Кешегі күні өткен Мәжілістің отырысында депутат, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповқа қатты шүйлікті. 

--Жоспар бойынша биылдан бастап жоғары оқу орындарын аттестациялаудан бас тартып, аккредитациялауға көшуіміз керек еді. Білім және ғылым министрлігі бұл тапсырманы орындай алмады. Бұл олардың кемшілігі. Жұмыс істеудің немесе оны істей алмайтынын айтудың орнына Аслан Сәрінжіпов бізге заңды өзгертуді ұсынып отыр. Бұл не? Президенттің тапсырмасы орындалған жоқ. Жоқ, кейде  заңды өзгерткеннен, министрді өзгерткен оңайырақ. Осыған байланысты  менің министр мырзаға қоятын сауалым бар: президенттің тапсырмасын орындамағаны үшін сіз неге отставкіге кетпейсіз, неге заңды өзгертуді ұсынып отырсыз?—деп қатты кетті депутат Азат Перуашев. 

Текетірестің төркіні білім берудегі кейбір заңмамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау кезінде шықты.  Биыл расында Елбасының берген тапсырмасына сәйкес жоғары оқу орындарын аттестациялаудан өткізуден бас тартып, оның орнына тәуелсіз аккредитациялауды енгізілуі тиіс болатын. Бірақ Сәрінжіповтың уәжіне қарағанда біздегі жоғары оқу орындары мұншалықты дәрежеге жете қойған жоқ. Бір жапырақ дипломдарында бір мысқыл білімі жоқ оқу орындары кездеседі. Оның үстіне акредитациялаудан өткізетін тәуелсіз агенттіктер бұл қызметтері үшін 5 миллион теңге алатын көрінеді. Әрине, мұншама ақшаны қалталарына басқан соң, аккредиатциялаудан өткізбей көр. Келіспей жатса, тәуелсіз агенттіктердің басқасына барып бағын сынап көрулеріне әбден болады ғой. 

--Біздің есебімізше, Қазақстанда 127 жоғары оқу орны болса, соның үштен бірі жекеменшік. Олар бұл қадамға дайын емес. Берген білімдері стандартқа сай келмейді. Дипломдарына, даярлаған мамандарының біліктілігіне ешқандай кепідік жоқ. Сондықтан олар өз-өздерін бақылап, білім деңгейлерін өздері сараптай алмайды. Екіншіден, аккредитациялаудан өткізеді деген агенттіктер жоғары оқу орындарындағы білім сапасын бақылауға қауқарлары жетпейді.  Өзімізге жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, біз бұған дайын емеспіз деп мәлімдеп отырмыз. Аккредитация –көп ақша. Әрбір бағдарлама үшін жоғары оқу орындары 5 миллион теңгеден төлеуі тиіс. Аккредитациялаудан өткізуге өтініш беріп, ақшасын төлегендердің барлығы дерлік сынақтан сүрінбей өтіп кетті. Яғни,  бұл дұрыс жүйе емес, әлі де болса оны жетілдіре түсу қажет. Сондықтан бізге өтпелі кезеңде қала тұрып, білім беру ұйымдарының, аккредитациялаудан өткізетін агенттіктердің әлеуетін көтеруіміз керек,--деді министр.

Қызықтың көкесі жиын біткеннен кейін басталды.  А.Сәрінжіпов іштегі шерін ақпарат құралдарына ақтарып тастады. Ол депутат Азат Перушаевтың мәлімдемесін білім беруді бизнеске айналдырған жекеменшік жоғары оқу орындарының сойылын соғу, дәлірегі лобби деп атады. 

--Бұл біріншіден. Екіншіден, менің ойымша, бұл жекеменшік аккредитациялау агенттіктерінің сойылын соғу. Олар да білім берудің сапасын бақылауды бизнеске айналдырып жіберді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз осымен күресіп жатырмыз. Әрине, қарсылық бар, бірақ біз осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз,--деген минстр артқа бір табан да шегінбейтінін білдірді. 

Ал Азат Перуашев мәселені жылы жауып қоя салмады. Ол мәжілістің төрағасына Бас прокуратураға арызданып, Сәрінжіповтың әрекетіне баға беруді сұранды. 

--Министр мырза осы залдан шыққан соң ақпарат құралдарына депутат Перуашев жекеменшік жоғары оқу орындарының сойылын соғып отыр деген мәлімдеме жасады. Өздеріңіз білесіздер, сойылын соғу (лобби жасау Б.Е.) деп ақша үшін заңдарды тықпалауды айтады. Бұл біріншіден. Екіншіден, Қылмыстық кодекс бойынша депутаттың ар-намысына ақпарат құралдарын пайдалана отырып тию белгілі бір деңгейде жауапкершілікке апарып соғады. Осыған байланысты менің Мәжіліс төрағасына,  Бас прокуратураға арызданып, осы мәселеге баға беруді сұрануыңызды өтінемін. Бір депутаттың пікірі бәріміз үшін маңызды. Министр мырза парламенттік талқылаудан кейін шығып, депутатты жекелеген ұйымдардың сойылын соғып отыр деп айыптай алады ма?—деді Перуашев. 

Осылайша бір-біріне біріншіден, екіншіден деп, алма-кезек жұдырық жұмсағандай болған депутат пен министрдің арасындағы текетеріс әзірге осы жерге келіп тоқтады. Спикер Бас прокуратураға арызданады ма, арызданса, құзырлы органдар министрді жауапқа тартады ма? Ол жағы белгісіз. Дегенмен Сәрінжіпов осы жолы тым қатты кеткен сияқты. Президенттің тапсырмасын неге орындамадың дегені үшін  Парламент депутатын біреудің сойылын соғып отырсың, лобби жасадың деп айыптау қаншалықты ақылға сыйымды?  Әлде министрдің шамына  «оттставкіге неге кетпейсіз» дегені қаттырақ тиді ме екен? 

Жекеменшік жоғары оқу орындарындағы сапасыз дипломы туралы әңгіме бүгін шығып отырған жоқ. Білім және ғылым министрлігі талапқа сай келмейтіндерін жапты, бірін біріне қосты. Аккредтитациялаудың бизнеспен біте қайнасып  кеткенін жақсы білетін министр аттестацияның да көл-көсір табыс көзіне айналғанын білмеуі мүмкін емес қой. Жуырда Мемлекетік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров облыстардағы  білім сапасын бақылау департаменті басшысының  мектеп мұғалімдерін аттетациялаудан сәтті өткізу үшін 860 мың теңге көлемінде пара алғанын айтқан еді. Мектепті аттестациядан өткізу үшін жиналатын қаржының көлемі осыншама. Ал білдей жоғары оқу орнының ставкісі қанша екенін кім біледі? 

Жоғары оқу орындарын аттестациялаудан Қорғаныс министрлігі немесе Бас прокуратура өткізбейді. Бұл функция Білім және ғылым министрлігіне жүктелген. Ал енді оны қайдағы жоқ бір жекеменшік ұйымдарға сеніп тапсыра салу кімге оңай дейсіз?

Айтқандай, Перушаев пен Сәрінжіповтың арасындағы дау-дамайға себеп болған "ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне бiлiм беру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы"  Заңның жобасын Мәжіліс бiрiншi оқылымында мақұлдап жіберді. Енді жаңа тәртіп бойынша мемлекеттiк бiлiм тапсырыс негiзiнде бiлiм алған азаматтар оқу орнын бiтiргеннен кейiн кемiнде үш жыл мамандығы бойынша жұмыспен істеуге мiндеттi болды. Бірақ қолына бір жапырақ дипломын алған маман жұмыс таба алады ма, жоқ па? 

Мұрағаттан, 28.05.2015 ж

Қажыгелдин қартайған шағында елге орала ма?
Қазақ хандығының 550 жылдығына қаржы бөлуге үкімет неге құлықсыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу