Дариға Назарбаеваның вице-премьер болғанын қазақ қоғамы қалай қабылдады?

Oinet.kz 06-05-2019 882

Screenshot_12.jpg

Таяуда ғана Елбасының үлкен қызы Дариға Назарбаева Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімовтың орынбасары қызметіне тағайындалды. Елбасының жарлығымен. Дариға Нұрсұлтанқызы Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметінен Бердібек Сапарбаев атқарып келген вице-премьерліктің креслосына келіп отырды.  Бұрын-соңды атқарушы билікте істеп көрмеген, бұл саланың ыстығына күйіп, суығына тоңбаған адам, енді сол атқарушы биліктің әлеуметтік саласына жетекшілік етпек... Бұған дейін заң шығарушы биліктен атқарушы биліктің үлкен креслосына топ ете қалған адам бізде болған ба еді? Ары-бері ойланып еске түсіре алмадық. Шамасы мұндай-мұндай тағайындау  тек ханның қызына ғана тиесілі енші болса керек.    

Дариға Назарбаеваның жаңа қызметі көпшілік үшін өте тосын болды. Егер ол вице-министр, тым құрығанда министр лауазымын алса, дәл мұндай таңырқау болмас еді. 

Біріншіден, Дариға Назарбаеваның президенттің жарлығымен вице-премьер болып тағайындалғаны туралы ақпарат Ақорданың ресми сайтында кешкі сағат 4-5-тердің шамасында пайда болды. Екі сағаттан кейін Астанада түркі мемлекеттері президенттерінің қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралар басталды.  Мемлекеттік телеарналар мұны тікелей эфирден көрсетті. Іс-шара өте үлкен ауқымда өтті. Қазақ хандығының сонау сақ, ғұн, түркі заманынан бүгінгі Тәуелсіздікке дейінгі тарихы көрсетілді. Театрландырылған көріністердің сценарийіне Елбасының өзі ме, оған жақын жүретін адамдар ма  ақыл-кеңестерін, ұсыныстарын қосқан сияқты. Өйткені қойылмының әрбір кезеңі Елбасының тарихи кітабымен байланысып отырды. Бір көріністе президент  Абылай хан туралы толғанысын білдірді (мұны мемлекет басшысы өткен жексенбі күні телеарналарға берген сұхбатында да қайталады). «Ел арасында Абылайдың арманына байланысты айтылатын тәмсіл бар. Ақтық сәтінде: «Хан ием, не арманыңыз бар?» деп сұраған Бұқар жырауға Абылай хан: «Үш арманым бар. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Екіншісі, халық жер емшегін еме алмады, қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым», – деген екен». Осыны айтқан Елбасы «Тәуелсіздік алғалы біз Абылай ханның осы арманын жүзеге асырдық» деді. Абылай хан Елбасының пір тұтатын тұлғасы екендігі көпшілік жақсы біледі. Дегенмен... «Тәуелсіздік алғанға дейін қазақта қала болмаған ба, Қонаевтың Қазақстанда елуден астам қала салдыртқанын қайда қоямыз, Тәуелсіздікке дейін қазақтың басы бірікпеген бе, қазақ жердің қызығын көрмеген бе?» деп, Елбасының осы сөзін ит алып қашқандай ырың-жырыңға айналдырудың әрине, реті жоқ. Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда бұрын-соңды болып көрмеген жұмыстар атқарылды. Мұндай жетістікті қазақ қазақ болғалы естіген емес десек қателеспейтін шығармыз.  Біздің айтайын дегеніміз басқа. Ақорда Д.Назарбаеваның тағайындауын елге осындай отаншылдық, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын дүбірлі тойдың қалқасында жасап жіберуді алдын ала ойластырған сияқты. Және жасыратыны жоқ, ескі әдіс жақсы нәтиже берді.   

Айтқандай, Ақтөбе облысының әкімі қызметіне тағайындалған Бердібек Сапарбаев дәл осы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы болатын. Бекеңнің бұған дейін Тараз жеріне 3-4 рет барып, тойға дайындық мәселесімен қызу айналысқанын ақпарат құралдары арқылы жақсы білеміз. Тойға бір айға жетер-жетпес уақыт қалғанда бұл неғылған ауыс-түйіс болды? Бір ай қоя тұруға болмайтын бұл неғылған асығыстық? 

Екіншіден, билік Д.Назарбаева вице-премьерлікке тағайындалысымен көпшілік арасында пайда болған көңіл-күйді де «контролда» ұстады. Тіпті қоғамдық пікірді де қолдан жасады десек артық айтпағанымыз шығар.  Жаңалықты елден бұрын беретін Тенгриньюс сайтында Дариға Назарбаеваның тағайындалғаны туралы ақпараттың астына жазылған пікірлерді оқып көріңізші. Көп нәрсеге көзіңіз жетеді. Тіпті алғашқы пікірлердің бірі «Ура!» деген бір ғана сөзден тұрады. Бұдан кейін Дариға ханымның атына ақ тілек, ыстық ықылас жаңбырша жауады. Қазақшасы да, орысшасы да аралас. Мұрагерлік туралы бір ауыз сөз жоқ. Ал елді отыз жылға жуық басқарған президенттің қызы үкімет жетекшісінің орынбасары лауазымына тағайындалса, мұрагерлік туралы мәселенің қозғалмауы мүмкін бе? Қалай десеңіз де мүмкін емес қой (оның мүмкін емес екенін әлеуметтік желілерде жазылған посттар да дәлелдейді емес пе?). 

Үшіншіден,  іле-шала ақпарат құралдарында жаңа тағайындауға қатысты  белгілі саясаттанушылардың пікірлері жарық көрді. Ерлан Қариннің айтуынша, соңғы кездері Қазақстанда кадрлық мәселеге қатты мән беріле бастапты. Маңызды орындарды нағыз кәсіби мамандар иеленуге көшкен. Дариға Назарбаева Мәжілістегі әлеуметтік даму жөніндегі комиеттің тізгінін ұстаған, вице-спикер болған, «Нұр Отанның» фракциясына жетекшілік еткен. Депутат кезінде әлеуметтік мәселелерді көп көтеріпті. Биліктің «асханасында» жүрген Ерлан Қарин бұдан асып не айтуы мүмкін? Кейбір Ресей  сарапшылары Дариғаның үкіметке мұрагер болу үшін келген жоқ, Дариға тіптен мұрагер емес, өйткені Орта Азия елдерінің таным-түсінігінде әйел адам ел басқармайды, әйел адамды халық басшы деп қабылдамайды деген сыңайдағы пікірлерін білдіріп жатты. Кім біледі, бірақ бұлардың бәрі де тек пікір, болжам емес пе?  

Президенттің баспасөз хатшысы, Елбасының кейбір сөздерін сылап-сипауды жақсы меңгеріп келе жатқан Дәурен Абаев та Дариға Назарбаеваның тағайындауына қатысты пікір білдірді. Мұны енді Ақордада келісілген, әбден пысықталған пікір деуге болады.  

-Елбасы әрбір тағайындауы егжей-тегжей талдап барып  қабылдайды. Бұл тағайындау да тыңғылықты талданған. Үміткерді премьер-министр Кәрім Мәсімов ұсынды. Бұл тағайындау меритократиялық қағидаларға сәйкес келеді ,--дейді баспасөз хатшысы. 

Енді қалай десеңіз де Дариға Назарбаеваның атқарушы биліктегі дәурені басталды. Бұл карьераның қайда алып баратынын дәл қазір кесіп айту қиын. Бірақ қызметі өсе беруі әбден мүмкін. Жаңа қызметке ол президенттің ұсынысымен тағайындалмайтыны бесенеден белгілі. Бәлкім Мәжілістегі ескі әріптестерінің ұсынысымен, бәлкім қоғамдық ұйымдардың, бәлкім Қазақстан халқы Ассамблеясының... 

Дәл қазір Қазақстанда мұрагерлік туралы әңгіменің қызып тұрған кезі. Орталық Азия елдерінің ішінде бұл проблема Түркіменстанда, Әзірбайжанда шешілді. Өзбекстан күн тәртібіне қойды. Қазақстан да мұны айналып өтпейтінін айдан анық. Дариға Назарбаеваның үкіметке басшылық қызметке келуі бізде «мұрагер операциясының» қандай сценарий бойынша жүзеге асатынын көрсетті ме, жоқ па? Көрсетсе ол қалай жүзеге асады? Әзірбайжандағыдай ма, әлде Ресейдегідей ме?  Сіз қалай ойлайсыз?  

Мұрағаттан, 2015 ж

Қытай үйретеді, Қытай...
Назарбаев пен Лукашенконы салыстырамын деп депутат партбилетінен айырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу