Бапаевтың басынан бақ тайды ма?

Oinet.kz 17-05-2019 958

Screenshot_17.jpg

«Уақтысында қаржы полициясы қылмыстық іспен қыңқ дегізе алмаған Қуатбек Бапаевты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті тәртіптік іспен қызметінен алуға ұсыныс берді.  Қалай дегенмен де дәуреннің баста мәңгі тұрмайтынын Бапаевтың өзі де түсінетін кез келген сияқты.   ...Кезі келді ме, әлде ол сотқа шағымданады ма? Оны тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық».

«Рейтинг» газетінің өткен сандарының бірінде біз Мақтарал аудандық білім беру бөлімін басқарып, талай шулы істерге тамызық болған, биыл маусымда Тәртіптік кеңестің ұсынысымен қызметінен босатылған Қуатбек Бапаев туралы осылай деп жазған екенбіз. Алдын ала келтірген күдігіміз айна қатесіз тура келді. Қызметтен кетпеудің амалын қарастырған Қ.Бапаев соттан төрелік сұрады. Бірақ кезінде аудан мектептеріндегі жылыжайлар бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалған айыпталушы Бапаевты ақтап шыққан Мақтарал аудандық соты бұл жолы істі талапкер Бапаевтың пайдасына шешкен жоқ. Неге?    

Қ.Бапаев соттан Мақтарал аймағы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының №489 санды 02.06.2015 жылғы ұсынымын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы тәртіптік кеңесінің 18.06.2015 жылғы №62 санды шешімін және Мақтарал ауданының әкімі Ж.Бейсенбаевтың 18.06.2015 жылғы өкімін заңсыз деп танып, бұзуды, бұрыңғы жұмысына қайта орналастыруды, лажсыз бос жүрген уақытына еңбек ақы өндіруді сұранған. 

Ол мынандай бір қызық уәж келтіреді. Қ.Бапаев 16-17 маусым аралығында  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы тәртіптік кеңесінің отырысына қатысуға барыпты, алайда отырыс 18 маусымға қалдырылған. Басшы бұл туралы Мақтарал ауданының білім бөліміне хабар береді, 18 маусым күнгі бұйрықпен Шымкент қаласында 1 күнге Тәртіптік кеңестің отырысына қатысуға қалады. Тәртіптік кеңес отырысы 18 маусымда өтіп, Бапаевты қызметінен босату туралы шешім қалбылданады, ұсыныс аудан әкіміне орындау үшін жолданады. Бір қызығы, аудан әкімінің жұмыстан босату туралы бұйрығы да 18 маусымда шығарылыпты. Осыны алға тартқан Қ.Бапаев 18 маусым күні Шымкентте Тәртіптік кеңестің отырысына қатысу үшін іс-сапарда болғанын, ал іс-сапарда жүрген қызметкерді жұмыстан босату заңға қайшы дегенді айтады.  Алайда аудан әкімдігінен келген сенімді өкілдің айтуына қарағанда Қ.Бапаевты қызметінен босату туралы шешім 19 маусымда шығарылып, сол күні сағат 11-00-де Бапаевтың өзі онымен танысып қол қойған. Бұйрықта 19 маусым деген сөздің 18 маусым болып қате жазылып кеткені осыдан кейін белгілі болғанға ұқсайды. Сол күні кешкі сағат 5-те бұйрыққа өзгеріс енгізіліп, ол дереу Қ.Бапаевқа пошта арқылы салынған екен...Қ.Бапаев жазықсыз жапа шекен жаннан гөрі қалай болғанда да қызметте қалу үшін ілік іздеп, шарқ ұрған адамға көбірек ұқсайтын сияқты. Ол  өзінің үстінен қозғалған істі Тәртіптік кеңеске ұсыну аудан прокурорымен келісілген жоқ дегенді де алға тартады. Алайда сот барысында мұндай ұсынымның аудан прокурорымен келісілмейтіні анықталады. Бұдан кейін Бапаев өзінің ештеңені бүлдірмегенін, мемлекеттік сатып алуларға қатысты заңбұзушылықтар білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қоқанбаевтың кезінде болған тірліктер екенін тілге тиек етеді. Алайда кінәні біреуге аудару да нәтижесіз аяқталады. Сот Бапаевтың қойған талап арызын түгелдей қанағаттандырусыз қалдырған. 

P.S. Жалпы «РайОНО» болуы дегеніңіз екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейді. Ал, Қазақстандағы ең үлкен ауданның білім бөліміне басшылық жасау біреулердің түсіне де кіре бермейтін бақ қой. Осындай үлкен қызметтен кету кімге  оңай дейсіз. Рас, Қуатбек Бапаевтың тұсында Мақтаралдың білім ұяларында арыз жазудың, дау-дамайдың үдеп кеткені рас. Қанша дегенмен үлкен ауданның проблемасы да үлкен болады емес пе?! Бірақ қызметтен кетіп жатқан адамның артынан пәлен-түген деу де адамгершілікке сыйымсыз тірлік. «Болар іс болды, бояуы сіңді». 

Аудандық соттың шешімімен Қуатбек Бапаев келісе ме, жоқ па, әлде тағы бір бағын сынап көре ме? Ол жағын білмедік.  Мақтаралдың білім бөліміне жаңа басшы тағайындау осы шешімнің күшіне енуіне қарап тұрған сияқты. Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда Бапаев соттан жеңілген соң бұл орынға таласушылардың саны күрт көбейіп кеткен көрінеді. Бақ енді кімнің басына барып қонатынын тағы да сол тақсыр уақыттың еншісіне қалдырдық.  

Мұрағаттан, 2015 ж

Соғыстың бір күні 5 миллион доллар
Әбдірахымов құрылыста «арзанның сорпасы татымайтынын» мықтап тұрып ескертті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу