Бір елде екі хан болмайды

Oinet.kz 21-05-2019 1357

Screenshot_19.jpg

Ауызекi тiлде және әдебиеттерде “Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды” деген сөз көп айтылып жатады. Неге еке­нiн қайдам, осы сөздi естiгенде ұдайы көз алдыма бiр ыдыс­тағы жемге таласып, бiрiн-бiрi сүзгi­леп жатқан екi қошқар елестейдi де тұрады. Мұның астары түсi­нiктi ғой. Бiрақ тереңiрек ойлап қарасаңыз, бұл сөздiң түпкi мағынасы әлдеқайда кеңiрек екен. Шамасы бұл өзiнiң тұп­нұсқасын жоғалтқан, соған қарай мәнi де “майысқан” сөз сияқты.   “Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды” емес, дұрысы “екi қойдың басы бiр қазанда қайнамайды” болуы керек. Сiздерде қайдам, Оңтүстiк жақта той-жиында, қонақ келгенде қатарынан екi немесе одан да көп қой сойылса, екi қойдың басын бiр қазанда қайнатпайды. Оларды мiндеттi түрде бөлек пiсiредi. Асылында бұл көнеден келе жатқан ырым болса керек. Өйткенi көне түркi ескерткiште­рiнде (егер жаңылыспасам Күл­тегiн жазуында болуы керек) “екi қойдың басы бiр қазанда қайнамас” деген сөйлем кездеседi. Ал бiр қазанда екi қойдың басын қайнатпаудың түпкi мәнi неде? Мұны да сол көне түркi ескерт­кiштерiнен табамыз. Онда “аспанда екi күн болмайды, бiр елдi екi хан бас­қармайды” деген сөздер кезде­седi. Көне түркi­лер­дiң түсiнiгiнде бiр елдi екi ханның басқаруы жаман ырым саналған. Егер бiр елдi екi хан бас­қарса, онда соғыс, шапқыншылық, талас-тартыс болатынын түсiну қиын емес қой. Сол сияқты бабаларымыз бiр қазанда қойдың ең қадiрлi мүшесi, ең сыйлы қонағының алдына қоятын басты бөлек қазанға қайнатқан. Ал екi қойдың басын бiр қазанда қайнату жаманшылыққа бастайды, ел билеген азаматтардың арасына ұрыс-керiс шақырады деп ырымдаған. Мұны неге айтып отыр дейсiздер ме?

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы республика көлемiнде кеңiнен атап өтiлдi. Рас, Қазақ хандығының қашан құрылғанына келгенде тарихшылар арасында талас-тартыс әлi бар. Кейбiр тарихшылар хандық 1445 жылы құрылды дегендi айтса, ендi кейбiрi 1470 жыл дегенге сенiм­дi. Дегенмен, Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы былтыр Астанада өткiзген брифингте Қазақ хандығының құрылған датасы 1465 жыл деп алынғанын және мұндай шешiмнiң Мұхаммед Хайдар Дулатидiң “Тарихи Рашиди” ең­бегiне сүйене отырып жасалғанын айтқан едi. Дегенмен, осы танымал еңбектi зерттеген кәсiби тарихшы-ғалым Берекет Кәрiбаев Керей мен Жәнiбектiң Қозыбасыда ту тiккен уақыты 1465 жыл емес, 1458 жыл дегендi жазды. Бiрақ бiздiң негiзгi айтайын дегенiмiз бұл туралы емес.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған iс-шаралардың ең негiзгiсi Таразда өттi. Әулиетада мерейтойға арнап көптеген нысандар салынды. Соның бiрi – “Қазақ хандығы” монументi. Биiктiгi 30 метрдi құрайтын ес­керткiш қаланың батыс бөлiгiн­дегi “Тараз-Арена” спорт сарайына қарама-қарсы бетте орналасқан. Бұл жер бүгiнде гүлзар және көлiк тұрағына айналды. Ескерткiште Қазақ хандығының негiзiн қалаған Керей мен Жәнiбек тақта қатар отыр. Екi хан, екi тақ, яғни екi билiк. Бұдан не түсiндiңiз? “Екi қойдың басы бiр қазанда қайнамайды” де­гендi осы жерден ары қарай сабақтасақ.

Тарихи деректерге қарағанда, Керей мен Жәнiбек бiр атадан тумаған. Мұхаммед Хайдар Дулати оларды “өзара туыс адамдар” деп жазады. “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” деп аталатын еңбектегi деректерге сенсек, Керей хан – Болат сұлтанның жар дегендегi жалғыз ұлы, Орыс ханның немересi. Туған жылы белгiсiз, шамамен 15 ғасырдың жетпiсiншi жылдарының басында қайтыс болған. Оның хан болған мерзiмi 1456–1473 жылдар деп көрсетiлген. Ал Жәнiбек хан – Барақ ханның баласы. Оның хан болған мерзiмi мектеп оқулықтарында 1473–1480 жылдар деп көрсетiлген. Яғни Қазақ хандығының тағына алғаш Керей хан, ол қайтыс болған соң Жәнi­бек хан отырған. Жәнiбек ханнан кейiн хандықты Керейдiң баласы Бұрындық бас­қарған. Одан кейiн билiк бiржо­лата Жәнiбек ханның ұрпағына өткен. Жалпы, хандық билiктiң ағадан iнiге мұра болып қалуы – сонау ғұн, түрiк дәуiрiнен берi бар дәстүр. “Аға өлсе, iнi мұра” деген таным-түсiнiк сол ерте замандарда қалыптасқан. “Таққа ханның ұлын емес, iнiсiн отырғызу мұрагерлер арасындағы талас-тартыстың болмауын қамтамасыз еткен” деп жазыпты бел­гiлi түрiктанушы Лев Гумилев. Осы жерде айта кетейiк, Керей мен Жәнiбек хандарға бұған дейiн Астанада ескерткiш орнатылған-ды. Осы ескерткiште Керей хан тақта отыр, Жәнiбек хан оның қасында түрегеп тұр. Керей – билiк етiп отырған хан, Жәнiбек оның iнiсi, әрi ақылшысы, әрi мұрагерi ретiнде бейнеленген. Ал Тараздағы “Қазақ хандығы” монументi тарихи дерекке де, қазақтың таным-түсiнiгiне де қайшы келiп тұр емес пе? Мерейтойдың басы-қасында жүр­ген, iс-шаралардың басты ұйымдастырушысы, бас идеологы болған Мәдениет ми­нистрi Арыстанбек Мұхамедиұлының қазақтың тарихын қаншалықты жақсы бiлетiнi осыдан-ақ анық аңғарылады. Сырттан келген қонақтар ес­керткiштi көрiп не дейдi? “Сендердiң мемлекеттерiңдi екi билеушi басқар­ған ба, онда неге қазiр екi прези­денттерiң жоқ?” деп сұраса ше? Қазақстанда жал­ғыз президенттiң барын, тiптi “Елбасы — ұлт көшбасшысы” деген атақтың да осы президентпен бiрге тарих қойнауына кете­тi­нiн, келесi президенттiң мұн­дай титулды иеленуге құқығы жоқ екенiн министр жақсы бiледi ғой. Жә, пре­зиденттi былай қойып, “екi қойдың басын бiр қазанда қайнатқан” Арыстанбек Мұхамедиұлынан “Қазақстанда қанша Мәдениет министрi бар?” деп сұрап көрелiкшi.

Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығын аста-төк тойға ұластырмай, мағыналы, тәрбиелiк мәнi бар шаралармен атап өтудi тапсырған едi. Осы шара барысында қаншама ғылыми конференциялар, жиындар ұйымдастырылды. Бiрақ айтып жүрер­лiктей одан қандай мән-мағына, қандай тағылым қалды? Ел-жұрт күтiп жүрген бiр дүние – Қазақ хандарының тарихына арналған киноэпопея едi. Бiрақ оның да соңы сиыр­құйымшақтанып бара жатыр. Мәдениет министрлiгi фильмдi түсiруге қаржыны уақтылы бөлмегенi осы жазда интернетте тараған бейнежазбадан белгiлi болды. Кейiн фильмнiң сценарийi өзгер­дi. Серияларының саны қысқартылды. Туындыны Тәуелсiздiк күнiнде тарту етуге уәде де сол жазда бе­рiлген едi. Алайда соң­ғы мәлiметтерге қарағанда тү­сiру тобы оны 16 желтоқсанға дейiн аяқтап үлгермейтiн көрi­недi. Ендi келер көктемде деп отыр...

***

Айтқандай, Тараздың тойдан кейiнгi “көңiл күйi” де онша болмай тұрған сияқты. 550 жылдыққа арналған үлкен жобаның бiрi, прези­денттiң өзi аралап, жо­ғары бағасын берген “Ежелгi Тараз ескерткiш­терi”” тарихи-мәдени қорық-мұражайы ғимаратының үстiнен су өтiп кеттi.  Тойдан кейiн бар-жоғы екi күннен кейiн толассыз жауған жаңбырдан кейiн орын алған бұл жайт естiген жаннан ұят болды. Мұны суретке түсiрiп алып, әлеуметтiк желi арқылы елге әйгiлеп жi­бергендер де бар. Бiз осының анық-қанығын бiлу үшiн алдымен Жамбыл облысы әкiмдi­гiнiң құрылыс, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бас­қармасының басшысы Рахманқұл Бәйтелиевпен жолықтық. Ол құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргiзiлуiнен ғимараттың төбе­сiнен су аққанын, соның салдарынан жертөлеге су кетiп, екiншi қабаттағы бiраз материалдардың бүлiнгенiн растады.

– Қайта бұл жақсы болды. Төбеден жаңбыр өтетiнiн дер кезiнде бiлдiк. Егер мердiгерлер жұмыстарын бiтiрiп, мұражайға экспонаттарды әкелiп қойғанымызда, бәрi кеш болар едi. Бұдан ешқандай шығын көргенiмiз жоқ. Мердiгерге төленбеген әлi 68 миллион теңге бар. Яғни ақшаны алып қашып кеттi деген әң­гiме болмауы тиiс. Мердiгер қа­зiр қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзiп жатыр, – дедi Р.Бәйтелиев.

Басқарма басшысынан сұрап бiлгенiмiз, құрылыс жұмыстары жүргiзiлген мұражайға қажеттi 950 миллион теңгенiң 100 миллионы – жергiлiктi қордан, ал 850 миллион теңгесi республикадан, шұғыл шығындарға арнал­ған резервтен Мәдениет және спорт министрлiгi арқылы бө­лiнген. Яғни, “кiм ақы­сын төлесе, музыкаға сол тапсырыс бередi” деген тәмсiлге салсақ, қаржының дұ­рыс игерiлуiн қадағалау Арыстанбек Мұхамедиұлы жетекшiлiк ететiн министр­лiкке тиесiлi. Мұражайдың құрылысына конкурс наурызда өтiп, мердiгер­мен келiсiм сәуiрде жасалған. Тен­дердi түрiк компаниясы ұтып алған. Неге шетелдiк компания? Отандық компаниялардың құрылыс жүргiзуге қауқарлары жетпей ме? Бұдан бөлек мердiгер­мен келiсiм сәуiрде жасалғанымен, Мәдениет министрлiгi тарапынан бөлiнетiн қаржы шiлдеде келiп түскен. Министрлiктiң мұны неге созып жiбергенi түсiнiксiз. Тiрлiктерден шикiлiк шығып жатса “мұның бәрi қаржының кеш бөлiнуiмен, жұмыстар тақап қалғандықтан, асығыс-үсiгiс жасалғандықтан” деп ақталу алдағы уақытта да аз болмайтын сияқты. Қысқасы, “Таз таранғанша, той тарқадының” керi болған тiрлiк.

Ал аталған мұражайдың директоры Тәкен Молдақыновпен хабарласқанымызда, ол құрылыс жұмыстары желтоқсанда аяқталады дедi. Желтоқсаныңыз басталып кеттi. Айдың соңына дейiн құрылыстың аяқталатын сыңайы сезiлмейдi. Келер жылға өтiп кетпесе деңiз. Қазақ хандығының тарихына арнап түсiрiлетiн фильмнiң уәде етiлген мерзiмiн­де бiтпей, 550 жыл емес, 551 жылдыққа қалғанын жоғарыда айттық. Уақтысында Қазақ хандығының тойын өткiзу үшiн құрылған комиссияға төрағалық еткен вице-премьер Бердiбек Сапарбаев Таразға келген сапарында шенеунiктерге қаржы жұмсауға сақтықпен қарауды, той өткен соң әрбiр тиынына дейiн сұрау болатынын ескерткен едi. Нә­тижесi мынау болды? Бердi­бек Сапарбаевтың орнына келген Дариға Назар­баева бұған ендi не дер екен?

Ғалымжан Елшiбай,

Жамбыл облысы

Жас Алаш №96 (16074) 3 желтоқсан, бейсенбі 2015

Бейбіт Атамқұлов: «100 күн өтті, жұмыс жоқ. Ертең жұмыстан айырылсаңдар маған ренжімеңдер»
Алматыда Денис Тен ескерткіші ашылды (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу