Әбдірахымов орала ма? «Зың әкім» өзіне қарсы топ барын Аюповтың сотында айтты

Oinet.kz 02-08-2023 649

Screenshot_6.png 

 Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың билікке қайтып оралуы әбден мүмкін. Былтыр қаңтар қырғынынан кейін «зың әкім»  Ақордаға шақырылып, оның мемлекеттік қызметке қайта оралу мәселесі қозғалған көрінеді. Алайда осыдан кейін оған қарсы ақпараттық шабуыл басталған. Шамасы әрбір сөзі хит болып кететін адамның билікке оралуы әлдебіреулерге ұнамаса керек.

Осындай мәлімдемелерді Ғабидолла Әбдірахымов жуырда өзінің бұрынғы қызметтесі, әрі көп қамқорлық көрсеткені кадрі, қазіргі уақытта ауыр айыптаулармен қамауда отырған Рашид Аюповтың сотында айтқан.  Әбдірахымовты билікке қайта әкелгісі келіп жүрген кімдер?  Ал оның карьерасына кесе көлденең кедергілер қойып, абырой-беделін былғауға тапсырыс берген кімдер? Бұл жағы жұмбақ.

 Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповтың былтыр қазаннан бері Астанадағы абақтыда отырғаны белгілі. Оның үстінен құзырлы органдарға белгілі бизнесмен Сайдулла Қожабаев арызданған.  Кәсіпкердің айтуынша, 2013 жылы, яғни он жыл бұрын ол Аюповқа 2,8 миллион доллар берген.  Аюпов ақшаның есесі ретінде  сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Ғабидолла Әбдірахымовтың ықпалы арқылы  қамқорлық көрсетіп, тендер әперуге уәде еткенге ұқсайды. Тергеушілердің тұжырымына сенсек, Аюпов ақшаны өзінде қалдырып, оның бір бөлігіне Астана қаласынан жаңа үй, қымбат тұратын автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алуға жұмсап жіберген.

Алғашқы сот отырысында Аюпов өзіне тағылған айыптауларды мойындаған жоқ. Ол  Өмірзақ Шөкеев пен Ғабидолла Әбдірахымовқа қарсы жалған куәлік беруден бас тартқандықтан, барлық айыпты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ойдан құрастырғанын айтып, «айды аспанға шығарды». Ал Әбдірахымов бұл істе «судан таза, сүттен ақ» болып шықты. Ол іске тек куәгер ретінде қатысып жатыр.  

Vera.kz порталының жазуынша, айыптау актісінде Әбдірахымовтың аты-жөні 10 мәрте кездеседі екен. Әбдірахымов сотта ешкімді маңына «жуытпаған». Дәлірегі ол Қожабаевты да, Аюповты да тек қызмет барысында  таниды. Жақын араластығы болмаған. Ешкімнен ақша алмаған, доллар талап етпеген, ешқандай кәсіпкерге уәде бермеген, тендер мәселесін талқыламаған.

Басты куәгердің айтуынша, былтыр ол достарымен бірге  кафеде отырған кезде  Сайдулла Қожабаевпен кездейсоқ жолыққан. Бизнесмен оған кезінде бір адамдар арқылы ақша бергенін айтқан кезде бұл қатты таңқалған көрінеді. Әбдірахымов «Сайдулла Қожабаев 2018 жылы Шымкентте зауыт ашқан. Сол кезде мен Шымкенттің әкімі ретінде онымен бір сағаттай сөйлестім. Ол сол кездесуде ақша туралы маған неге ештеңе айтпаған? Неге ол бірден құзырлы органдарға арыз жазады?» деген мағынадағы сөздерді алға тартады. Оның ойынша, осының бәрі кездейсоқ емес.

-Бұл маған қарсы жасалған тапсырыс. 2022 жылдың көктемінде  мені Президент әкімшілігінің басшылары шақырды. Наурызда менің мемлекеттік қызметке қайта оралуыма қатысты мәселе қойылды. Сәуірден кейін менің өмірімдегі негативтік кезеңдер басталды,-дейді Әбдірахымыов.

«Зың әкімнің» айтуынша, осындай келеңсіздіктерден кейін ол Қожабаевтың ұлы Еркебұланмен «Болашақтың» жиынында жолыққан. Ол Әбдірахымовтан кешірім сұрап, әкесінің осының бәрін жоғарыдағы біреулердің тапсырысы бойынша жасап жүргенін, оның түпкі мақсаты ақшаға барып тірелетінін айтыпты. Кім біледі? Кіші Қожабаевтың сөздерінде қаншалықты шындық бар?

-Мен мемлекеттік қызметте 22 жыл жұмыс істедім. Оның 20 жылында Мемлекет басшысы тағайындайтын лауазымдарда отырдым. Жоғары жалақы алдым. 28 жасымнан бастап ай сайын 10 мың доллар алып отырдым. Барлық уақытта ақша жеткілікті болды. Туыстарым да көмектесті. 2015-2019 жылдар аралығында Шымкентке әкім болған жылдары менің қарамағымдағылардың сыбайлас жемқорлық әрекеттерге барғаны тіркелеген жоқ. Бұл біраз нәрсені аңғартады, -депті Әбдірахымов.

Алайда «зың әкім» осы жерде аздап жаңылысып отыр. 2016 жылдың күзінде Әбдірахымовтың өзі тікелей тағайындаған Шымкент қаласының бас сәулетшісі кәсіпкерден 280 мың теңге пара алғаны үшін ұсталып, 2017 жылы сот үкімімен ірі көлемде айыппұл салуға сотталған болатын. Әбдірахымовтың мұны ұмытып қалуы мүмкін емес қой.

Ал, Аюповтың маңдайына қандай тағдырдың жазылғанына уақыты келгенде тоқтала жатармыз. 

«Рейтинг» газеті, 2 тамыз 2023 жыл.

 

 

 


Досын 100 мың долларға бопсаламақ болған күдікті ұсталды
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу