Прокурор жемқорлықпен бес жарым жылға сотталды

Oinet.kz 15-11-2023 1209

photo_366706.jpeg   

    Шымкентте қаланың экс-прокуроры Мақсат Қожабаевқа үкім оқылды. Ол биыл қаңтар айында қамауға алынған болатын.  

  Мақсат Қожабаев уақтысында  Сарыағаш ауданының прокуроры, бірнеше облыста прокурордың орынбасары, Шымкент қаласының прокуроры қызметтерін атқарған. Құзырлы органдардағы ширек ғасырдан астам еңбек жолында ол ауызекі тілде «финпол» аталып кеткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірнеше өңірдегі департаментіне басшылық жасады, агенттік төрағасының орынбасары болды. Мұндай карьера жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтінін мойындау керек шығар.

 Алайда кезінде заңдылықтардың сақталуын қадағалаған прокурор ауыр қылмыс жасады деген айып бойынша кінәлі деп танылды. Сыбайлас жемқорлықпен күрескен басшының өзі сыбайлас жемқорлық жасады деген айыппен сотталды. Бұған не айтуға болады?

Құзырлы органдарда өте ықпалды тұлға, рас-өтірігін қайдам,  Түркістан облысындағы біраз шенеуніктер мен кәсіпкерлердің «крышасы» ретінде аталып жүрген Қожабаевқа сот  бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Қожабаевтың ісі бірнеше айға созылды. Соңғы күндері Шымкенттің экс-прокурорының «кінәсіздігі», істегі айғақтардың қисынсыздығы  туралы материалдар мен посттар ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде  жарияланды. Мұның тегін еместігі айтпаса да түсінікті ғой. Сотта мемлекеттік айыптаушы Қожабаевқа 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Самидин Темиралиев бұл сұранысқа тағы жарты жыл қосып, Қожабаевты бас-аяғы бес жарым жылға бас бостандығынан айыруға соттады. Ал оның сыбайласы Закир Ғұламовқа жоғарыдағы баппен және пара беруге айдап салу айыбымен 5,1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды (прокурор оны 8 жылға соттауды сұраған болатын). Айтпақшы, судьяның айтуынша, қызмет бабын пайдалана отырып жасағандықтан Қожабаевтың әрекеті  сыбайлас жемқорлық қылмыстардың санатына кіреді екен.  Мұндай жағдайда ол түрмеден мерзімі біткенше оңайлықпен шыға қоймауы мүмкін.  Әрине, егер сот үкімі өзгеріссіз күшіне енсе деңіз. Сотталушы тарапқа әлі облыстық соттың апелляциялық алқасына, одан әрі Жоғарғы сотқа шағымдану құқығы бар.

Қожабаевқа үкім дүйсенбіде түс қайта оқылды. Сот залында ине шаншар орын жоқ деуге болады. Бұған дейін құзырлы органдардағы алқалы жиындарда төрде отыратын Мақсат Қожабаевқа бұл жолы сотталушының орынтағы бұйырды. Бұлай болады деп кім ойлаған десеңізші. Айтпақшы, жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінде бастықтың орынбасары лауазымын атқарған Дәуренбек Қожабаевқа (Мақсат Қожабаевтың туған інісі)  халықаралық іздеу жарияланған болатын.   Кіші Қожабаевтың ісінің немен аяқталатынын уақыттың еншісінн қалдырдық.  Сот залына қайта оралсақ.

Судья С.Темиралиев  үкімнің тек қарар бөлігін оқыды. Осыдан кейін іске қатысты бірқатар түсіндірмелер берді. Атап айтқанда, сот барысында сотталушылар Мақсат Қожабаев пен Закир Ғұламовтың және олардың адвокаттарының келтірген уәждерінің негізсіз екендігін алға тартты. Осы кезде адвокаттардың бірі орнынан тұрып, Ғұламовтың «соңғы сөзінде» кінәсін мойындамағанын, ал үкімде «кінәсін мойындады» деп не себепті жазылғанын сұрады. Судья  «мойындамағанымен, сот солай шешті» деді.

Соныменен Қожабаевтың ісін соттан кейін журналистерге арнап баспасөз мәслихатын берген судья С.Темірәлиевтің келтірген және бұған дейін  ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтермен баяндасақ.

2021 жылы Астана қалалық  көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қанат Құдайбергенов қылмыстық жауапқа тартылады. Бірнеше баптар бойынша айыпталған шенеунік қамауға алынған соң, туыстары оның ісін жеңілдету үшін жан-жақтан көмек іздейді. Осы кездері Құдайбергеновтердің көршісі Шолпанқұлов деген азамат «Түркиядан мықты адвокаттар әкелеміз» деп, ақша алғанға ұқсайды. Одан әрі осы істегі  ең басты фигура Жасұлан Құдайбергенов (Құдайбергеновпен фамилиялас азамат) пайда болған. Қанат Құдайбергеновтың жақын туысы өзінің әлеуметтік желі арқылы жариялаған үндеуінде берілген ақшаның көлемін айтпайды. Алайда кейбір ақпарат құралдары оны 200 мың АҚШ доллары деп көрсетті. Ал қылмыстық іс бойынша берілген параның көлемі 120 мың доллар. Екіортадағы 80 мың доллардың қайда кеткені белгісіз.

Көп ұзамай бұл іске төртінші делдал, Сарыағаш ауданы Жібек жол ауылының тұрғыны Закир Ғұламов араласады. Құдайбергенов пен Қожабаевты байланыстырған осы Ғұламов. 

Судья Темірәлиевтің айтуынша, Қожабаев пен Ғұламов 2021 жылдың желтоқсанында өзара сөз байласып,  сот жүйесіндегі таныстары арқылы Құдайбергеновтің ісіндегі ауыр айыптарды алып тастап, сот залынан шартты жазамен босата алатынын,  ол үшін 120 мың АҚШ долларын  беру қажеттігін айтқан. Оның 20 мың доллары 2021 жылдың 5 желтоқсанында Шымкентте, 100 мың доллары 2022 жылы 29 қаңтарда Астана қаласында берілген.

Осы жерде айта кетері, Мақсат Қожабаевтың өзі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары лауазымынан былтыр сәуірде босатылған болатын.  Ал, биыл маусымда Қанат Құдайбергенов 10 жылға сотталып кетеді.  Оның жақын туыстары ақша жөнінде құзырлы органдарға былтыр арызданғанға ұқсайды. Ал таңқаларлығы сол, Жасұлан Құдайбергенов Ұлттық қауіпсіздік комитетінде одан да бұрын арыз беріп қойған болып шыққан.

Жасұлан Құдайбергенов бірінші күннен бастап Қожабаевпен арадағы әңгімелерді диктофонға жазып жүрген. Осылардың бәрі тергеу кезінде негізгі айғақ ретінде қаралған.

Алғашқыда Жасұлан Құдайбергенов жәбірленуші ретінде танылған. Кейін куәгердің қатарына ауыстырылған. Құзырлы органдар оның үстінен қылмыстық іс те қозғаған. Бірақ кейін оны қысқартып жіберген.   Қысқасы, басты куәгер ҰҚК-нің тергеушілерімен тығыз байланыста жұмыс істегенін түсіну қиын емес.

 Айтпақшы, Жасұлан Құдайбергенов Мақсат Қожабаевпен бір жолы саунада кездесіп, ақша туралы мәселе қозғаған. Диктофонға жазылған әңгімеде Қожабаев «болмаса, қайтарып береміз» деген сөзді айтқан. Дәл осы сөз сот барысында көп талқыланған көрінеді. Бұл бойынша қосымша сараптама тағайындалғаны ақпарат құралдарында жазылды. Судья Теміралиев аталған мәселеге де түсініктеме берді. Оның айтуынша, даулы мәселе бойынша сарапшылар шақырылып, жауап алынған. Олардың берген қорытындысы сотталушылардың пайдасына шешілмегенге ұқсайды.

Сот барысында Қожабаев кінәсін мойындамаған. Ал Ғұламов 20 мың доллар алғаны мойындаған және бұл ақшаны қайтарып берген. Судья Темиралиевтің айтуынша, жаза тағайындау барысында Ғұламовтың қылмыстың ашылуына белсенді көмектескені ескеріліпті.  Сот үкімі бойынша пара ретінде берілген 100 мың доллар мемлекет кірісіне алынды. Бұл қаражат Қожабаев пен Ғұламовтан өндірілуі тиіс. 

Енді Шымкенттің бұрынғы прокурорына қатысты іс бойынша жоғары инстанциялар не айтар екен. Әліптің артын бағып көрейік.

"Рейтинг" газеті, 15 қараша, 2023 жыл. 

 

 


Болат Назарбаевтың өлімі: Тоқаев жаназаға қатыспайды
Сыздықбеков командасын жасақтауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу