Бейбіт Атамқұлов: «Әйелдердің арасында облысты басқаратындары да бар»

Oinet.kz 01-07-2019 803

Screenshot_8.jpg

-Кадрларды іріктеудің талаптарын күшейту арқылы шынайы таланттарды іздеу және оларды қызметке тарту көзделуде. Біз қазір дарынды жастарды іздеп жатырмыз. Жаңа идеялары бар және отансүйгіштігі жоғары азаматтарды мемлекеттік қызметке тартқымыз келеді. Түпкі мақсатымыз – өзінің біліктілігі мен қабілеттілігін, отансүйгіштігі мен еңбекқорлығын көрсете білетін әр азаматқа мемлекеттік қызметке кіруге жағдай жасау. Бұл бірінші бағыт.

Екінші бағытта мемлекеттік қызметшілерге лайықты жалақы төлеп, әрбір азаматтың қол жеткізген жетістіктерін әділ бағалау үшін бонус пен көтермелеу  жүйесін ендірмекпіз. Бұған Мемлекет басшысы «100 нақты қадамда» үлкен мән берген.

Үшінші бағыт бойынша мемлекеттік қызметшілердің өзіндік дамуына жағдай жасалады. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Мемлекеттік қызметшілердің Назарбаев университетінде, Мемлекеттік басқару академиясында білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттыруына болады. Сонымен қатар шетелдерде білім алу мүмкіндіктерін пайлануларына жағдай жасап, оларға ағылшын тілін үйретуге көшеміз.

Кезесі өзекті мәселе – гендерлік тепе-теңдікті сақтау. Мемлекеттік қызметке әйел адамдарды көптеп тарту, оларды қоғамды мәселелерге араластыру басты міндетіміз. Әйелдердің жауапкершілігі  жоғары болады. Олардың арасында ертең облысты да, мемлекеттік мекемені де басқара алатын дарынды азаматтар бар, – деді осы сәрсенбінің сәтінде Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған бес институционалдық реформаның жүзеге асуы туралы баяндаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов.  

Облыста тұрғындар алдында есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылып, аудандар мен қалаларда жергілікті полиция қызметінің басшылары тағайындалған болатын. Бүгінде оның құрамында 2747 қызметкер бар. Аталған қызметтің араласуымен жыл басынан бері, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда әкімшілік құқық бұзушылықтардың ашылуы 4,5 пайызға, «нөлдіктөзімділік» 120 пайызға, айыппұл мөлшері 15 пайызға көбейген.

– Мәселен, облыстағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Сарыағаш ауданында құрылған «Сарбаз» еріктілер жасақтарының тәжірибесін өзге аудандар мен қалаларға ендіру үшін шешім қабылданып, оған жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге қарастырылды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстағы 262 учаскелік полиция бекетінде қоғамдық кеңестер құрылып, учаскелік полиция инспекторларымен бірге 1 мыңға жуық қоғамдық көмекші кезекшілікке түсуде. Нәтижесінде бүгінге дейін қоғамдық көмекшілердің қатысуымен 65 қылмыс ашылып, 583 әкімшілік құқық бұзушылық деректері анықталды, –  деді облыс әкімі.

Б.Атамқұлов Оңтүстік Қазақстан облысында туризм кластері құрылатынын, сол арқылы өңірдің «Ұлы Жібек жолының жүрегіне» айналатынын хабарлады.

Аталған кластерге Түркістан зиярат орталығы, ежелгі Отырар мен Сарыағаш шипажайы, «Ақсу-Жабағылы» мен «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлтттық табиғи паркі кіріп, орталығы Шымкент қаласы болмақ.

– Өткен жылдың өзінде Түркістанға 1 миллионға жуық туристің келгенін ескерсек, біздің облыстың туризм саласы бойынша елімізде көшбасшы өңірге айналуына мүмкіндігі бар, – деді Атамқұлов.

Аймақ басшысы осы бағыттағы жұмыстарды атқаруда бүгінгі таңда облыстың «Ontustik» туризм бренді қалыптасып, «OntustikTourismCenter» туристік ақпараттық орталығы құрылғанын жеткізді. Сонымен бірге, «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысы аясында алдыңғы қатарлы туроператорлармен меморандумдар түзіліп, шетелдік және отандық туроператорлардың туристік бағыттарының таныстырылымы бойынша жұмыстардың жүріп жатқанын мәлімдеді.

А. Құнанбайұлы,

«Рейтинг» газеті №16, 28 сәуір 2016 жыл

«Мақтаралға ұялмай қалай келіп отырсың?»
Қазақстан әлемдегі ең жемқор елдердің тізімінде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу