«Nazira Gold» шуы күшейіп келеді
Бұған дейін «Рейтинг» газетінде жазғанымыздай, Шымкентте «Nazira Gold» деген атаумен танылған қылмыстық іске қатысты шу күшейіп келеді. Қазір қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген айып бойынша басты айыпталушы Нәзирамен бірге 5 адам қамауда отыр.
Бұған дейін Нәзираның адвокаттары, туыстары мен жақтастары Шымкенттегі тойханалардың бірінде баспасөз мәслихатын өткізіп, Нәзираны босатуды талап еткен. Алайда жиынды әкімдік пен полиция қызметкерлері таратып жіберген болатын. Осы жиында Нәзираның адал еңбек еткені, ешкімді алдамағаны, құзырлы органдардың оған негізсіз жала жауып отырғаны айтылды. Алайда өткен аптада Өңірілік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері бұл мәліметтердің біразын жоққа шығарды.
Брифингте айтылған мән-жайларға қарағанда, 2025 жылдың алғашқы айларында Шымкент қаласында қаржы пирамидасына қатысты 8 қылмыстық іс тергеліп жатыр, оның біреуі — атышулы «Nazira Gold» ісі. Белгілі бір топ мыңдаған адамның (4 мыңнан астам) сеніміне кіріп, жалған уәделермен олардан ақша жинаған. Қазірдің өзінде Экономикалық тергеу департаментіне 104 салымшы ресми арыз жазған. Оларға келтірілген шығынның көлемі 810 миллион теңгені құраған.
Тергеу барысында күдіктілердің аса қомақты табыс түсіретінін айтып, халықты сендіру үшін алтын бұйымдарын заңсыз сатқандығы анықталған. Бұл тек сыртқы көзбояушылық болып, адамдарды заңды саудамен айналысып жатыр дегенге сендіру үшін жасалған. Қазіргі таңда тергеу органдары әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарды таратушыларды бақылауға алып отыр. Заңсыз насихат жүргізіп, тергеу ісіне кедергі келтіргендерге қатысты заң аясында шаралар қабылданады.
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлының айтуынша, ««Nazira Gold» салымшыларына жылына 200-300 пайыз көлемінде пайда уәде еткен. Мәселен 10 миллион салсаңыз алты айда оны 30 миллио теңге көлемінде қайтарып беруге уәде еткен.
-- 10 миллион теңгеге 384 грамм алтын келеді. Алтынның грамын 26 мыңнан алып, 30 мың теңгеден сатсаңыз, 10 миллион теңгеден шамамен 1 миллион 538 миллион теңге пайда табуға болады. Байқағандарыңыздай, «Nazira Gold» уәде еткендей, 200-300 пайыз болуы мүмкін емес,--дейді Алмас Манатұлы.
Сондай-ақ, брифингте Нәзираның адвокатымын деп жүрген Тілеужан Кішкенебаевтың адвокаттың лицензиясының жоқ екендігі айтылды. Кішкенебаев халық арасында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып, Нәзираға қарсы арыз жазбауға үгіттеп жүрген көрінеді. Жуырда өткен баспасөз мәслихатында Т.Кішкенебаев Нәзираның алтын саудасымен айналысып жүріп, мемлекетке 1,2 миллиард теңге салық төлегенін жария етіп еді. А.Манатұлының айтуынша, бұл мәліметті салық органдары растамаған. Сондай-ақ, спикердің айтуынша, аталған ұйымның басшысы бұған дейін үш рет ұрлық, бір рет алаяқтық бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшылары «Nazira Gold»-қа қатысты қылмыстық істің бір ай ішінде сотқа жіберілетінін мәлім етті.
Ал, Нәзираның қорғаушысы Тілеужен Кішкенебаевтың әлеуметтік желідегі парақшаларындағы материалдарға қарағанда, құзырлы органдар бұл қылмыстық іс бойынша осы уақытқа дейін ешқандай дәлелдер ұсына алмаған. Нәзираға негізсіз жала жабылып отыр. Ол Нәзираның адал еңбек етіп, көптеген азаматтарға жәрдем бергенін алға тартуда.
Не де болса, істің анық-қанығы сот үкімінен кейін белгілі болады.
«Рейтинг» газеті, 28 мамыр 2025 жыл.