Қаныбеков қайта атқа қонды. Ол енді шіркей мен шегірткеге қарсы күреседі.

Oinet.kz 28-05-2025 69

3563bd90-a43c-4b0f-914c-bd1945a6059e.jpeg 

Мәжілісте Ұласбек Сәдібеков бастаған бір топ депутат Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады.

--Соңғы жылдары өңір халқын, әсіресе диқандар мен шаруаларды алаңдатқан өзекті мәселелер көбейіп барады. Атап айтар болсам, биыл шаруалар бұрын-соңды болмаған қуаңшылықтың қыспағында қалды. Жайылымның қурауы, мал азығының тапшылығы, егін алқаптарының күйіп кетуі ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын қиындатып отыр. Мәселен, қуаңшылық салдарынан шаруалар дәнді және майлы дақылдардан жоспарланған өнімді ала алмауы мүмкін. Болжамға сәйкес, бүгінде жалпы егілген 390 мың гектарға жуық алқаптың жобамен 20%-дан астамы жарамсыз күйге түскен. Алдағы уақытта да ауа райының қолайсыздығы күтілуде. Бұл, өз кезегінде, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына кері әсер ететіні анық. Сондай-ақ, аудандарда өзен-бөгеттер деңгейінің төмендеуі байқалады. Әсіресе, Созақ пен Бәйдібек аудандарында жауын-шашынның азаюы мен жер асты сулары деңгейінің төмендеуі – тіршіліктің тұтқасын ұстаған шаруаларға үлкен қиындық туғызып отыр. Бүгінде жергілікті тұрғындар күн сайын тасаттық беріп, жаратушыдан жаңбырдың жаууын сұрауда. Ал, Арыс қаласы мен Сарыағаш, Келес, Шардара, Отырар аудандарының тұрғындары жыл сайын шегіртке мен шіркейден зардап шегіп жатыр,-делінген депутаттың хатында.

Халық қалаулысы осыған байланысты  қуаңшылықтан зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режимін жариялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр. Бұдан бөлек тағы бірнеше ұсыныстар білдірген. Хатты бұдан әрі былай делінген:

--Екіншіден, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарына берілген несие қаражаттары мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2023 жылдан бері лизингке алынған техникалар бойынша несиелердің қайтару мерзімін 1 жылға шегеруді ұсынамын. Сондай-ақ, Оңтүстіктегі шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан аудандардағы несие серіктестіктеріне қойылатын талаптарды оңтайландыруға, жауып тастаған несие желісін қайта ашуға ықпал етуіңізді сұрайды. (Бұл жайында мен арнайы депутаттық сауал да жолдаған болатынмын. Нәтиже жоқ. Мұндағы мәселе - Аграрлық несие корпорациясы 2023 жылдан бері несие желісін жауып тастап отыр. Бұған басты себеп - жергілікті жердегі халықтың несие төлеудегі қабілетінің төмендігі болған. Бүгінде мұның зардабын несиесін уақытылы төлеп отырған тұрғындар да тартуда.) Үшіншіден,  жаңбырлатып суару жүйесіне берілетін субсидия көлемі бүгінде 80 пайызға артты. Әрине, бұл қуанышты жағдай. Дегенмен, оның 30 пайызын жергілікті бюджет қаржыландыруы тиіс. Ал, оған облыстың мүмкіндігі жоқ. Төртіншіден, зиянкестермен күрес бойынша кешенді өңірлік бағдарлама әзірлеуді, Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, шегіртке мен шіркейге қарсы күреске арналған арнайы өңірлік жоспар қабылдауды; Бесіншіден, аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес шараларын жедел әрі тиімді жүзеге асыру үшін өңдеуге жататын барлық жер көлемін республикалық бюджеттен 100% қаржыландыруды; Алтыншыдан, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жүргізу құзыретін, тиісті қаржы көлемімен бірге өңір әкімдіктеріне беруді ұсынамын.

P.S. Осы жерде айта кетері, елде шегірткеге қатысты мәселе күрделенген кезде, осы мәселеге жауапты мекеме-- Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспеция комитетінің төрағасы жаңарды. Жаңа төраға Сәкен Қаныбеков жалпы Оңтүстік жұртшылығына таныс шенеунік. Ол былтыр қарашада аталған комитет төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.

Сәкен Қаныбеков уақтысында Ордабасы ауданының әкімі қызметін атқарған. Асқар Мырзахметовтың тұсында облыс әкімінің орынбасары болды. Бұдан кейін Мәжілістің мандатын иеленді.

Араға біраз жылдар үзіліс салған Сәкен Қаныбеков 2021 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты құрылымдарда жұмыс істейді.

Сәкен Қаныбековтың ұлы Асқар Қаныбеков Шымкент қаласы мен Түркістан облысында қызмет еткен. Биыл ақпаннан бастап ол Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарады.  


«Шаға» "Тұран судың" меншігіне қайтарылады
«Nazira Gold» шуы күшейіп келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу