Астананың әкімі Ж.Қасымбек сенсация жасады

Oinet.kz 16-10-2025 53

 _gluster_2022_6_6_bd3ad3fdc88ee34281a3039834f3cf42_1280x720.jpg

«Стратегия» саяси және әлеуметтік зерттеулер орталығы әдеттегіше саяси элитаның үшінші тоқсандағы рейтингісін жария етті. Бұл жолғы рейтингтің басты жаңалығы—Жеңіс Қасымбек болды. Астананың әкімі тізімде екінші орын алды. Сарапшылар мұны сенсация деп жатыр.

Рейтингте бірінші орынды сол баяғыша Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов иемденсе, екінші орынды елорданың басшысы Жеңіс Қасымбек еншіледі. Қасымбектің рейтингісі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннен (3 орын), Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтан (4-орын) жоғары болып шықты. Жеңіс Қасымбек өткен тоқсандағы рейтингте бесінші орын алған екен. Бұл жолы оның бірден екінші орынға көтерілуін сарапшылар нақты түсіндіріп бере алмаған. «LRT жобасын жандандыру, жылу маусымына дайындық, халықаралық іс-шаралар — негізгі жетістіктер. Ақпараттық ашықтық та жоғары — әкім жиі БАҚ-та және депутаттар алдында сөйлейді» деген мағынада пікірлер айтылыпты. Алайда өңшең ыңғайлар мен сығайлар жиналған тізімде екінші тұру үшін мұның жеткіліксіз екендігі айтпаса да түсінікті ғой.  Әлде гәп басқада ма?

Бұл жолы бесінші орынды Премьер-Министр Олжас Бектенов иеленді. Сарапшылардың сөзіне сенсек, Бектенов үшінші тоқсанда  экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етті, ашықтықты сақтауға тырысты. Алайда сарапшылар ұзақмерзімді стратегияның жоқтығын және нәтижеліліктің нақты көрінбейтінін атап өтті.

Алтыншы орынды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, жетінші орынды вице-премьер Қанат Бозымбаев иеленген. «Балаева — кәсіби әрі беделді саясаткер. Ақпараттық саясатта жедел әрекет етеді, фейктерге қарсы жауап береді. Сонымен қатар мәдениет саласында да халықаралық келісімдер жасап отыр».

Өткен жолғы рейтингте 6 орыннан көрінген Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бұл жолы 21-інші орынға төмендеді. Сарапшылардың айтуынша, коррупциялық жанжалдар және ақпараттық сәтсіздіктер оның беделіне нұқсан келтірді. Министр қызметінен кеткені осы жағдаймен байланысты.

Айтпақшы, тізімде Алматы қаласының әкімі лауазымына биыл мамырда тағайындалған Дархан Сатыбалды 23 орында тұр. 25 орында оның бұрынғы басшысы,  Президент әкімшілігінің жетекшісі Айбек Дәдебаев иеленген. Дәдебаев өткен екінші тоқсанда 42-орын алған екен. Президент әкімшілігінің басшысы елдегі ең жоғары, ең ықпалды лауазымдардың бірі саналады. Бұл креслода уақтысында саясат алаңындағы ауыр салмақтағы фигуралар Нұрлан Нығматулин, Ерлан Қошанов, Иманғали Тастамағамбетов, Кәрім Мәсімов сияқты шенеуніктер отырған.

Айбек Дәдәбаев (соңғы кездері Дәдебай)  1980 жылы туған. Президент әкімшілігінң басшысы лаузамына ол былтыр ақпанда Олжас Бектеновтен кейін таайындалды. Еңбек жолында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Сенатта, БҰҰ-да еңбек еткен. Президент әкімшілігіне дейін Президенттің іс басқармасына жетекшілік еткен.   


Бөлешовтың «қамқоршысы» кім?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу