«Шаға» "Тұран судың" меншігіне қайтарылады
«Рейтинг» газетінде біз бұған дейін Түркістанның іргесінде 2022 жылы ашылған «Шаға» жасанды көлінің қазіргі жағдай туралы жазған болатынбыз. Нысан «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» ЖШС-іне сенімгерлік басқаруға берілгенімен бүгінде қараусыз қалып, талау-тонауға ұшыраған. Құрылыс жұмыстарының бір бөлігі аяқталмаған. Оны ары қарай жалғастыруға қаржы бөлінбеген. Осы аптадағы «Шағаның» шарасыз жағдайына ҚазАқпарат арнайы тоқталды.
Аталған агенттіктің хабарлауынша, туризмді дамыту мақсатында құрылған «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы бүгінде тоқтап тұр. Шаға ауылындағы жасанды көл мен жағажай инфрақұрылымы толық іске қосылмай, күтімсіз күйде қалған. Нысан бірнеше рет жеке кәсіпкерлерге сенімгерлікке берілгенімен, түрлі себептерге байланысты олардың да жобадан бас тартуына тура келген.
Түркістан облысы туризм басқармасының мәліметіне сүйенер болсақ, 2022 жылғы 8 шілдеде Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен аталған нысан облыстық туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Серіктестік бірқатар кәсіпкерлермен жалдау келісімшарттарын жасасқанымен, инфрақұрылымдық және санитарлық қиындықтар жобаның жүзеге асуына кедергі келтірді. 2023 жылғы 1 қарашада жеке кәсіпкер келісімшартты өзара келісіммен бұзды. Кәсіпкер бұл шешімін жағажай аумағының ластануы, иістің пайда болуы және қаржылық қиындықтармен түсіндірген. Мұндай жағдай өзге кәсіпкерлердің де келісімшарттарды тоқтатуына себеп болған.
2023 жылы болған сел апаты жасанды көлдің гидроқұрылымына айтарлықтай зақым келтіріп, су деңгейінің төмендеуіне және жағажай құрылымының бұзылуына себеп болды. Бұл жағдай экологиялық және санитарлық ахуалды нашарлатып, нысанды одан әрі пайдалану мүмкіндігін жоққа шығарды.
— Кейінгі сараптамалар көрсеткендей, жаяу жүргінші жолдары, жарықтандыру бағаналары, демалыс орындықтары мен көлеңке павильондар жарамсыз күйге түскен. Бұл ақаулар техникалық актілермен және фотоматериалдармен құжат түрінде расталған. Сенімгерлікке берілген уақыттан бері жобаға бюджеттен қаржы бөлінбеген. Жарықтандыру мен күзет шығындары Серіктестіктің ішкі резервтері есебінен төленіп отыр. 2024 жылдың өзінде жарыққа — 1 170 355 теңге, күзетке — 4 037 295 теңге, қысқы техникалық қызметке — 1 064 899 теңге жұмсалған. Бүгінгі таңда жобаны қайта іске қосу мүмкін болмай отыр, өйткені көлді қалпына келтіру және жағажай инфрақұрылымын толық жөндеуден өткізу қажет. Қазіргі уақытта серіктестіктің және нысанның қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, сенімгерлік басқаруға берілген жер учаскесін Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне қайтару мәселесі қаралып жатыр, — делінген осыған қатысты Түркістан облыстық әкімдігінің таратқан ақпаратында.
Түркістан облысының экономикалық тергеу департаменті бұл жобаға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін құрылыс және пайдалану жұмыстары толығымен тоқтатылған.