Жарты жылға жетпей қызмет ауыстыру. Оның астарында не жатыр?

Oinet.kz 28-05-2025 93

Screenshot_3.png 

Жыл басында Түркістан жұртшылығы қимай-қимай Елордаға шығарып салған Дархан Сатыбалдының Ақордадағы қызметі алты айға да жетпеді.

 Онсыз да жиі-жиі қызмет жаңартатын Сатыбалды Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымын бес ай жиырма күндей ғана атқарды. Өткен аптада күтпеген жерден Алматыға әкім болып барды. Бұл  өсу ма, әлде өшу ме? Сөз жоқ, өсу деп қарастыру керек сияқты.

Неге десеңіз, шенеунік үшін Ақорда әкімшілігі басшысының орынбасары болғаннан гөрі, өзі би, өзі қожа Алматының әкімі болған әлдеқайда жоғарырақ. Оның үстіне  ару Алматы әкімінің креслосында кімдердің отырғанына бір сәт көз салып көріңіз: Иманғали Тасмағамбетов, Ахметжан Есімов, Бауыржан Байбек, Шалбай Құлмаханов, Бақытжан Сағынтаев. Қай-қайсысы да билікте айы оңынан туған, Мемлекет басшысының ерекше сенімін арқалаған кадрлар саналды. Алматыға кездейсоқ адамның әкім болып баруы мүмкін емес. Яғни, Дархан Сатыбалды енді осындай сенімнің биігінен көрінген, салмағы ауыр саясаткерге айналды деген сөз.

Дархан Сатыбалды Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне жыл басында тағайындалған болатын. Оған дейін екі жарым жылдай Түркістан облысына әкім болған. Еңбек жолында Шымкент қаласының әкімі, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымдарында істеген. Яғни, әкімдік салада құралақан емес, жинаған әжептәуір тәжірибесі бар, ең бастысы, елдің алдында сүйкімі, абыройы бар шенеунік десек қателеспейміз.

Айта кетері, Дархан Сатыбалдыға дейін  Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымын биліктегі ең мықты саяси фигуралар атқарған. Олардың қатарында Марат Тәжин, Дархан Кәлетаев, Дәурен Абаев, Мәулен Әшімбаев бар. Бәрі де идеология саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар. Алайда Тоқаев Президент әкімшілігіндегі бірінші орнынбасардың штатын 2023 жылы жойып жіберді. 2025 жылдың басында Д.Сатыбалды арқылы қайта «тірілген» бірінші орынбасардың міндеті де, құзыреті де өзгерді. Дәлірегі Президенттің өзі атап өткендей, бұл лауазым басқару процесі мен аймақтар арасындағы ықпалдастықты жетілдіру, өзінің тапсырмалары мен шешімдерінің жергілікті жерде орындалу барысына бақылауды күшейту, сондай-ақ қабылданған шаралардың сапасын жақсартып, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайту мақсатында енгізілген. Қысқаша айтқанда, Сатыбалды облыс әкімдерінің Ақордадағы кураторы болған еді. Мұндай қызметтен алты айға жетпей кету нені білдіреді? Ақорда ұсынған жоба-жоспардың өз-өзін ақтамағанын ба? Президент әкімшілігінде бірінші орынбасар лауазымы сақтала ма? Сақталса, бұл қызмет енді кімге бұйырады? Соңғы уақытта кадрлық ауыс-түйіс туралы әңгіме басталса, ауызға алдымен ілігетін Ғабит Сыздықбековке ме әлде Нұрлыбек Нәлібаевқа ма?

Сарапшылардың айтуынша, Алматының бұған дейінгі әкімі Ерболат Досаев Назарбаев гвардиясындағы ең соңғы кадрлардың бірі саналады. Оның қызметтен кетуі жуырда Мемлекет басшысының Алматыға жасаған бейресми сапары кезінде шешілген көрінеді. Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Досаевтың кезінде Алматының бюджеті көбейіп, заңсыз құрылыспен күрес күшейген, инфрақұрылымды жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Алайда осыған қарамастан Досаев сынға көп ұшырады. Мұны сарапшы алматылықтардың көңілін табудың тым қиын екендігімен байланыстырыпты.  Дархан Сатыбалды жаңа қызметінде өзін қаншалықты мойындата алады? Не де болса Оңтүстік астана ол үшін үлкен сынақ болайын деп тұр.

Дегенмен жаңа әкімді Алматы әрқилы көзқарастармен, пікірлермен қарсы алды. Кейбір сарапшылар Сатыбалдының Түркістанда әкім болған жылдары бітпейтін жиындар мен конференциялармен ғана көзге түскенін жазыпты. Сонымен бірге оның карьерасында жиі қызмет ауыстырғанымен есте қалғанын тілге тиек етушілер де бар.  Кейбір білгіштер Дархан Сатыбалдының туған  бауырларының иелігінде өте көп құрылыс компанияларының барын, енді олардың жаппай Алматыны төңіректейтінін айтса, енді біреулер Түркістанда әкім болған жылдары Сатыбалды әулетіне тиесілі компаниялардың ешқайсысы тендерге қатыспағанын, себебі әкім мен бауырлар арасында сондай бір келісімнің болғанын алға таратыпты. Мұның қаншалықты шындық екендігін білмедік, бірақ жалпы Д.Сатыбалды билікте жүрген жылдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты әңгімелерге шатылмаған, мейілінше таза жұмыс істеген шенеуніктердің бірі саналады. Алматыда да осы жүрісінен жаңылмайтын шығар деген ойдамыз.

Естеріңізде болса, Дархан Сатыбалды Президент әкімшілігіне кеткен кезде соңынан кадр ерткен жоқ. Жалпы Түркістанның бұрынғы әкімі  соңынан шұбыртып команда ертіп жүруге онша құмар емес. Ол 2022 жылы Түркістан облысына әкім болып тағайындалған кезде де әлдебіреулер сияқты жаппай ауыс-түйіс жасаған жоқ.  Президент әкімшілігіне де «бір чемоданымен» кетті. Алматы әкімдігінде қалай болар екен?

Жоқ, осы жолы Дархан Амангелдіұлы  Түркістаннан біраз кадр тартуы мүмкін. Неге десеңіз, Алматы Шымкент немесе Түркістан емес. Аумағы да, салмағы да ауыр қала. Менталитеті басқашалау. Проблемасы да көбірек дегендей. Мұндай мегаполисте сенімді кадрларсыз жұмыс істеу оңай емес. Сатыбалды Алматыға кімдерді шақырады, кімдерге қызмет ұсынады екен? Не де болса әліптің артын бағып көрейік.

P.S. Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының жаңа әкімін арнайы қабылдады. Д.Сатыбалды Президентке алдағы жұмыстың басым бағыттары, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық даму, қала экологиясын оңалту және шаһар тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі жоспары туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполисті дамытудың негізгі міндеттерін айқындады. Атап айтқанда, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру, қаланың инфрақұрылымын кешенді түрде жаңғырту, сондай-ақ жол-көлік желісінің жағдайын жақсарту, экологиялық мәселелерді шешу сияқты бірқатар нақты тапсырма берді.

 

«Рейтинг» газеті, 28 мамыр 2025 жыл.


Сауран ауданының ветеринарлары субсидияны жымқырған
«Шаға» "Тұран судың" меншігіне қайтарылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу