Рим Папасының «оң қолы» – педофил ма?

Oinet.kz 14-07-2019 903

Screenshot_8.jpg

Джордж Пелл  – Ватикандағы екінші адам. Бұл шағын мемлекеттегі иерархияда Кардинал Рим Папасынан кейінгі орында тұрады. Оны тағы «Рим Папасының оң қолы», «Ватиканның  экономика министрі» деп те атайды. Бүкіл христиан әлемін билеп төстеп тұру оңай дейсіз бе? Бірақ, біраздан бері сол Пелланың басы бәлеге қалды. Өзінің отаны  Австралияда ұзақ жылдар бойы дін саласында қызмет еткен Джордж Пелланың бұрынғы қателіктері үшін жауап беруіне тура келетін сияқты. Көп жылғы тергеу жұмыстарынан кейін австралиялық полицейлер «Пелла кішкентай балаларды зорлаған» деген күдігін мәлімдеді. Биыл ақпан айынан бастап полицейлердің сұрақтарына жауап беріп келе жатқан Ватиканның өкіліне қарсы қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін.  

Жалпы, Батыста педофилияға қатысты қылмыстарды жасағаны үшін бұған дейін шіркеудің көптеген дін қызметкерлері айыпталғаны белгілі. Рим Папасы шамасы келгенінше ақталып келген еді. Бұл жолы енді Ватиканның өзі масқара жағдайға тап болып отыр. 

 Католик әлемінің кардиналы 70-ші жылдарда Австралиядағы Балларат қаласының діни мектебінде Джеральд Ридсдейл атты священниктің көмекшісі болып жұмыс істеген. Екеуі бір үйде тұрған.  Кейіннен Ридсдейлдің мектепке келіп жүрген 50-ге жуық баланы зорлағаны анықталып, дін қызметшісі 10 жылға сотталды. Зорлықшының ең кішкентай құрбаны небәрі 4 жастағы бүлдіршін болған екен. Бірақ, тергеу амалдары мұнымен тоқтамай, полиция «атышулы священниктің көмекшісі болып жүрген Пелла бастығының қылмыстарын қалайша байқамаған?» деген күдігін білдірді. Кардиналдың өзі бұл сұраққа «мұндай жағдайлар менің есімде жоқ екен, сондықтан өзім бұған сенбеймін. Әйткенмен, кейбір нәрселер естен шығып та кетуі мүмкін ғой» деген Джордж Пеллдің өзі кінәсін мойындамауда. Бірақ, зорланған балалардың ата-аналары бұған сенбей отыр. «Өзі тұрған үй немесе бөлменің ішінде қандай жиһаз болғанын бүге-шігесіне дейін айтып береді де, педофилияға келгенде барлығын ұмытып кетеді.  Қалайша күдіктенбейсің?», дейді ызаға булыққан ата-аналар жағы. 

Қазір кардиналдың жасы 74-те.  Денсаулығын сылтауратып Сиднейде өтетін сексуалдық қылмыстар жөніндегі комиссияның отырысына бара алмайтынын мәлімдеп, Римнен онлайн арқылы байланысқа шықты. Қойылған сұрақтарға нақты жауап бере алмай, екіұшты жауаптармен шектелді. Мәселен, 70-ші жылдарда священниктер балаларды жиі сүйгенін айтты. 

Жалпы, Джордж Пелл тарапына  педофилия қылмысына барғаны жайлы айыптаулар бұрыннан айтылып келген. Соған қарамастан кардинал шеніне дейін өсті.  Бірақ, осыдан біраз жыл бұрын  зорлықтың құрбанына пара бермек болғаны анықталған соң атышулы дін қызметшісіне қатысты іс қайта қозғалды. Журналистер анықтағандай, Балларат қаласындағы діни мектепте оқып, зорланған балалардың біразы кейіннен өзіне қол жұмсаған. Кейбірі есірткі мен алкогольдің  құрбанына айналды.  

Кардиналдың 1970-1990 жылдардағы қылмыстары дәлелденсе Ватиканның тарихындағы ең даулы мәселелердің біріне куә боларымыз хақ. Қалай болғанда да, бұл жағдай Рим Папасының да имиджіне зор нұқсан келтірді. 

Бекбол Қалдыбек, 

«Рейтинг» газеті №41, 27 қазан 2016 жыл

Айсұлтан Назарбаев әкесінен ешуақытта бас тартпайтынын айтты
Монополистер халықты майшелпекке айналдырып алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу