"Шымкент жемқорлықты жеңген жалғыз қала". Немесе Берденов популист шенеунік пе?

Oinet.kz 17-07-2025 49

fbc251c3-d8e4-4501-8217-d376b0d70653.jpg

Бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Шымкент жемқорлықты жеңген жалғыз қала» деген мәлімдеме жасағаны белгілі. Әкім орынбасарының мұнысын көпшілік сол кезде-ақ популизм ретінде қабылдаған еді. Рас болып шықты.

Жемқорлықтың жеңілгенін, кері шегінгенін қайдам, үшінші мегаполисте қазынаның қаржысына қол салу, қол салғанда да мол салу фактілері әлі де кездесіп жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі  өткен аптада «Шымкент жастар театры» директоры мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты 136 млн теңгеден астам көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеудің аяқталғанын хабарлады. Күдіктілер 136 млн теңгеден астам көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырған көрінеді.  Мемлекеттік бюджеттен концерт өткізуге арналған жабдықтарды (соның ішінде колонкалар, сабвуферлер, сахналық ферма, күшейткіштер, микрофондар және т.б.) сатып алуға 320 млн теңге бөлінген. Жауаптылар сатып алу талаптарын бұза отырып, лоттарды қолдан бөлшектеу арқылы 20-дан астам атау бойынша сатып алу электронды дүкен арқылы жүргізілген. Электронды сауда алаңы арқылы жабдықты нақты жеткізбеген жалған жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Күдіктілердің бірі қылмыстық жолмен алынған табысқа жалпы құны 48 млн теңгені құрайтын автокөлік пен пәтер сатып алып, мүлікті жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды. Енді өзіңіз ойланып қараңыз, мекемеге бюджеттен бөлінген қаражаттың көлемі 320 миллион теңге. Оның 136 миллионын, яғни тең жартысын жеп қойған. Мұны «шымкентше жымқыру» дейміз бе?

Кейінірек, қалалық әкімдік қылмыстық істің «Шымкент жастар театры» мекемесіне емес, қазіргі таңда таратылған бұрынғы «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының қызметіне қатысты екендігін мәлімдеді. «Шымкент жастар театры» – сол таратылып кеткен «Шымкент қалалық мәдениет үйінің» құқықтық мұрагері ғана екен.

Жалпы, Шымкенттің мәдениет саласы соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықтан көз ашпай келеді. Қайбір жылдары қарамағындағы қызметкерінен пара алды деген айыппен мәдениет басқармасының басшысы сотталып кетті. Одан кейін мәдени шараларға бөлінген қаражаттарды ұзақ уақыт бойы жеп келген бір топ бухгалтер сотталған болатын.

Жоғарыдағы қылмыстық оқиға қай әкімнің кезінде болған?  Әйтеновтің бе, әлде Сыздықбековтің бе? Не де болса сот үкімін күтіп көрейік.



Арыстағы жағдайдан ешкім сабақ алмады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу