Арыстағы жағдайдан ешкім сабақ алмады

Oinet.kz 17-07-2025 102

photo_516203.jpg

Су тасқыны мен Палестинаға деп жиналған қайырымдылық қаржысын қара басына жаратқан Перизат Қайраттың ісіне кеше Үкімет басшысы Олжас Бектенов те пікір білдірді

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министр Олжас Бектеновке осы істен кейін қайырымдылық қорлары мен қаражат жинаумен айналысатын ұйымдарға қандай талаптардың күшейтілетіні туралы сұрақ қойылған.

– Иә, мен бұл жағдайдан хабарым бар. Өкінішке қарай, өмір көрсетіп отырғандай, тек бюджет қаражаты ғана емес, азаматтардан қайырымдылық ретінде жиналған қаражат та мақсатсыз жұмсалып жатыр. Бұл кейс – соның айқын мысалы. Бұл – жалғыз оқиға емес, басқа да мысалдар бар. Бірақ, бұл істі ең резонансты деуге болады, – деп жауап берді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы бірінші кезекте қайырымдылыққа жиналған қаражаттың ашық болуы керектігін атап өтті. 

– Қаражаттың жұмсалуы туралы есеп бақылауда әрі ашық болуы керек. Сондықтан бұл жерде, меніңше, Үкімет тарапынан да, құқық қорғау органдарының негізінде де, ұрлықтың нақты қалай жүзеге асқанын анықтау керек. Бұл – тиісті заңнамалық түзетулерді қабылдауға мүмкіндік. Болашақта осы секілді құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталады, – деді Үкімет жетекшісі.

Бектенов айтқан «басқа да мысалдардың» біріне тоқтала кетейік. Естеріңізде болса, ел басына түскен ауыртпалықтарды пайдаланып, жекелеген азаматтардың ақша жинап, оны жеке бас пайдаларына жұмсау фактілері 2019 жылы Арыс қаласында болған жарылыста, 2020 жылы Мақтаарал ауданындағы су тасқынында да байқалған. Қайырымдылықтың қаржысын қымқырғандардың арасында облыс әкімі де болған.

 2020 жылы Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов  аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкіміне қарағанда, әкім қарамағындағыларға тапсырма бере отырып, жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласына арнап қайырымдылық қорына жиналған қаражаттардың 80 миллион теңгесін төрт құрылыс компаниясына аудартқызған. Артынша бұл қаржы айналып келіп, облыс әкімінің уысына түскен. Өкінішке қарай, Арыстағы жағдайдан ешкім сабақ алмады.

Сол жылдары облыста қайырымдылық қаражаттары бір адамның атына тіркелген қайырымдылық ұйымына аударылды. Сол ұйым бүгінде бар ма? Қорға түскен қаражаттар тиісті мақсатына жұмсалды ма?




Білім саласын салықшы басқара ма? Бір Ғалымжан кетіп, бір Ғалымжан келе жатыр...
"Шымкент жемқорлықты жеңген жалғыз қала". Немесе Берденов популист шенеунік пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу