Берденовке жасалған қастандық. Сотта оның себебі айтылды
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық оның жеке басына емес, қызметімен байланысты. Осы аптада Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Е.Жиембайдың ісін қарау басталды.
Tengrіnews.kz тілшісінің хабарлауынша, алғашқы сот отырысында прокурор айыптау актісін оқып, оқиғаның жай-жапсарын баяндаған.
Ернар Жиембай Шымкент қалалық құрылыс басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның басшысы қызметін атқарған. 21 сәуірде оған басқармадағы бөлім басшысы қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің тапсырмасы бойынша серіктестік басшысы қызметінен өз еркімен кету қажеттігін хабарлаған. Осыдан кейін Жиембайда Берденовті өлтіруге бағытталған қылмыстық ниет пайда болған. Күшті эмоционалдық күйзеліс жағдайында ол дүкенге барып, бір бөтелке ішімдік сатып алып, оны көлігінде отырып ішкен. Содан кейін үйіне барып, “Сайга” маркалы аңшылық мылтығын алып, оны біраз уақыт бойы жұбайына тиесілі көліктің жүк салғышында алып жүрген.
Кешке қарай ол қала әкімдігі ғимаратына барып, әкімнің орынбасарын күткен. Берденовті көрген кезде Жиембай оған бес рет оқ атқан. Шенеунік жерге құлағаннан кейін, күдікті оған жақындап, тағы да атпақ болған. Алайда Руслан Берденов қарсыласқан. Сол сәтте әкім орынбасарының жүргізушісі араласып, кісі өлімінің алдын алған. «Қызметіңнен өз еркімен кетуің керек» дегені үшін адамға осыншама қастандық жасалуы мүмкін бе? Сіз қалай ойлайсыз?
Қылмыстық іс «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қаралуда. Сот отырысына Руслан Берденов қатысқан жоқ. Оның өкілі сотқа қазіргі уақытта әкімнің орынбасары ем қабылдап жатқанын хабарлады. Сот Берденовке келесі сот отырысына міндетті түрде қатысу туралы нұсқау берді.
Айта кетері, жуырда жоғарыда аталған «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінің директоры болған Серік Көшербеков деген азамат қаржы жымқырды деген айыппен 7,6 жылға сотталған болатын. Үкімнен кейін сот Шымкент қалалық әкімдігінің атына жеке қаулы шығарды. Қаулыда «Тұрғын үй Шымкент» мекемесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындататын біраз фактілер келтірілген. Мекеме мемлекеттік сатып алулар барысында ұдайы бір фирмамен келісім жасаған. Мекемеде жыл сайын басшы ауысып отырған. Ернар Жиембай аталған мекеменің басшылығына былтыр шілдеде тағайындалған.