Жұмашев не үшін сотталды? Үкімде тағы бір шулы шенеуніктің аты аталды

Oinet.kz 30-07-2025 354

Screenshot_3.png

Сот шығарған әрбір үкімнің арғы жағында адам тағдыры жатыр. Әр үкімнің заңдылыққа, айғақ пен дәлелге негізделетіні айтпаса да түсінікті ғой. Бірақ бұл соттың жасаған төрелігі талқыланбайды, оған қатысты пікір білдіруге болмайды деген сөз емес, әрине.

Жуырда Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы қызметін атқарған Ғалымжан Жұмашевтың ірі көлемде алаяқтық жасады, қылмыстық жолмен тапқан мүлікті заңдастырды деген айыптармен 7,5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталғаны белгілі. Бүгінде сот үкіміне қатысты әлеуметтік желіде әрқилы пікірлер жазылуда. Кейбір азаматтар Жұмашевтың адал  қызметкер, білікті маман болғанын айтса, енді біреулер білім саласында басшылық қызмет атқарғандардың былыққа белшесінен батқанын алға тартуда. Кімге сенуге болады?  Басқарма басшысына шығарылған үкім қаншалықты әділ болды? Тағылған айып қаншалықты дәлелденді? Өткен нөмірлерімізде біз осы мәселеге үкіммен танысқан соң арнайы тоқталатынымызды жазған едік. Соның реті енді келді.

Ғалымжан Жұмашев Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына 2023 жылдың 12 қазанында тағайындалған. Шамасы, жәбірленуші Эльмира Дүйсенқызы оның үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне осы кездері арызданғанға ұқсайды. Қарашаның аяғында Жұмашевтан қорғануға құқығы бар куәгер ретінде жауаптар алынған.  2024 жылдың ақпанында басқарма басшысы қамауға алынды. Тергеу амалдары бір жылға жуық уақыт жүргізілді.

Үкімге қарағанда, Ғ.Жұмашев пен Э.Дүйсенқызы арасындағы таныстық 2007 жылдан басталған. Бұл кезде Жұмашев Білім және ғылым министрлігінде заңгер болып жұмыс істеп жүрген. Олар отбасымен, әпке-іні ретінде жақын араласқан. Э.Дүйсенқызының Шымкентте гуманитарлық және медициналық екі колледжі, сонымен бірге жекеменшік балабақшасы болған.

Жәбірленушінің сотта берген жауаптарына қарағанда, 2016 жылы Жұмашев оның колледжін аккредитациядан өтуіне көмектесе алатынын айтып, соның есесіне Түркияға демалуға кетіп бара жатқан енесіне материалдық жағынан көмектесу қажеттігін айтқан. Дүйсенқызы бұл өтінішті қабыл алып, 1 млн теңге  берген. Ақша берудің басы осылай басталғанға ұқсайды.

Бұдан кейін Жұмашев Білім және ғылым министрлігінде комитет төрағасының орынбасары лауазымында жүріп, Дүйсенқызына қарасты  колледжге мемлекеттен гранттар алып беруге жәрдемдескен. Ол бұл көмегін 30 миллион теңгеге бағалаған. Алайда Дүйсенқызы мұншама қаражатты бірден тауып бере алмайтынын білдірген. Жұмашев ақшаны  әр айға 2,5 млн теңгеден бөліп төлеуге келіскен. Жәбірленушінің айтуынша, ол 2018 жылдың қыркүйегінен бастап, Жұмашевқа жалпы көлемі 33 млн теңге қаражат берген. Бұдан бөлек ол Жұмашевтың ұшақ билеттері, қонақ үй шығындарын да көтеріп отырған.

2018 жылдың соңында Жұмашев Дүйсенқызына жекеменшік мектеп ашу туралы ұсыныс білдіреді. Атышулы «Риана» мектебі осылай дүниеге келген. Осы мектепке министрлік тарапынан мемлекеттік тапсырыс алып бергені үшін Жұмашев Дүйсенқызынан  ай сайын тағы 2,5 миллион теңге алып отырған. Кейінірек мектепте оқушы саны көбейген соң ставканы 3 миллионға көтерген.

«Жұмашев 2016 жылғы 11 қазаннан бастап 2019 жылғы 13 желтоқсанға дейінгі аралықта Дүйсенқызының білім беру саласындағы бизнесіне көмектескені үшін оның туыстарының, таныстарының және  қызметкерлерінің карточкалық шоттары арқылы ақша аудару жолымен одан 6 711 933 теңге алған. Қылмыстық әрекеттерін жалғастыра отырып, Жұмашев 2020–2021 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру кадрларын даярлауға мемлекеттік гранттар бөлу және «Риана» жекеменшік мектебін бюджеттен қаржыландыру мәселесін оң шешу үшін 2020 жылғы 21 тамыз бен 2023 жылғы 22 қазан аралығында бірнеше рет өзінің туыстарының, таныстарының және қызметкерлерінің карточкалық шоттарын пайдаланып, «Kaspі Bank» қосымшасы арқылы ақша аудару жолымен одан 50 558 000 теңге алған»,– делінген сот үкімінде.

 Дүйсенқызы ақшаның бір бөлігін нақтылай беріп отырған. Кейінірек үкімде келтірілгендей, тек банк арқылы аударатынын айтқан. Жұмашев бұған келіскен. Яғни, Дүйсенқызы мемлекеттен заңсыз алынып жатқан ақшалар үшін жауапқа тартылуы мүмкін екендігін түсініп, сондай күн туған жағдайда  Жұмашевқа берген қаражаттарды қайтарып алудың жолдарын күні бұрын қамтамасыз еткен... Оның күдігі ақыр аяғында расқа айналады.

2021 жылдың наурызында оның мектебін антикор тексереді. Желінген қаражаттар әшкереленіп, қылмыстық іс қозғалады.  Осы кездері   Жұмашев прокуратурадан таныс тапқанын, мәселені сол арқылы шешетінін айтып, Дүйсенқызынан 10 млн теңге алған. Кейінірек осы іс бойынша екінші сотталушы (сот үкімімен 2,8 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген) Тараз қалалық прокуратурасының қызметкері Н.Тілешевке Дүйсенқызы өзінің жүргізушісі арқылы тағы 10 млн теңге берген.  Алайда бұдан қылмыстық іс жабылмаған.

Қыркүйекте Дүйсенқызы қамауға алынады. Жұмашев Шымкентке келіп, тергеу абақтысында  оған жолыққан және тергеу кезінде өзінің аты-жөнін атамауды өтінген. Осыдан кейін тез арада келтірілген шығынды жабу керек деген себеппен Дүйсенқызының ұлынан 60 млн теңге алған. Ақшаны Дүйсенқызының құдағиы банкке үйін кепілге қойып алып берген. Жәбірленушінің айтуынша, Жұмашев не шығынды жаппаған, не ақшаны қайтармаған. Ақыр соңында 2022 жылы Дүйсенқызы алаяқтық жасады деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Бұл туралы біз уақытында «Рейтинг» газетінде кеңірек жазған болатынбыз. 

Осы жерде Жұмашевтың Шымкенттегі «Жаннұр» мектебі туралы бірер сөз келтіре кетейік.  Сот үкімі бойынша мектепті Жұмашев Дүйсенқызынан алған қаражатқа салып, жақын туыстарының атына рәсімдеген. Ол жер теліміне 4 миллион теңге, құрылысына 120 миллион теңге жұмсаған көрінеді. Нысан қылмыстық жолмен табылған қаражатқан салынды деген негізбен мемлекет есебіне тәркіленді.

Қылмыстық істе жасырын тергеу амалдары да жүргізілген. Дүйсенқызы мен Жұмашевтың арасындағы әңгімелер жазылған. Әңгіме барысында Жұмашевтың Дүйсенқызына көмектесе алмағанын айтып, 60 миллион және 10 миллион теңгені 2023 жылдың желтоқсанына дейін қайтарып беретінін айтқаны іске дәлел ретінде тіркелген.

Ал енді Жұмашевтың өзі не дейді?

Бір қызығы, сот үкіміне қарағанда, ол тергеу кезінде және сот барысында екі түрлі жауаптар берген. Тергеу кезінде Дүйсенқызының өзіне ай сайын 2,5 млн-3 млн теңге аударып отырғанын алға тартыпты. «Бұл не үшін керек?» деп сұрағанда, Дүйсенқызы оған «мен саған көмектескім келеді, мен жақсы табыс табамын, менің інілерім қаржылық қиындық көрмеуі керек?» деп жауап берген көрінеді. Ал сот барысында Жұмашев Дүйсенқызының өзіне қарыз екендігін, ақшалар осы қарыздан құтылу үшін берілгенін мәлімдеген (ол бұл сөзді үкімнен кейін журналистерге берген сұхбатында да айтқан). Осы жөнінде сотқа қолхаттардың көшірмелерін ұсынған. Алайда Дүйсенқызы құжаттағы қолдардың өзінікі еместігін айтқан.  Сот қолхаттардың түпнұсқасын әкелуді талап еткен. Жұмашевтың қорғаушылары түсініксіз себептермен оны ұсына алмаған. 

Сонда Жұмашевтың жоғарыдағы қай сөзіне сенуге болады? Қайсысы қисындырақ? Қай сөзі шындық?

Сотта Жұмашев өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істің себебін Оқу- ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың үстінен арыз жазбағанымен байланыстырған еді. Үкімде Бейсембаев  мүлдем жоқ. Есесіне сол кездегі облыс әкімінің білім саласына жауапты орынбасары атышулы Сәкен Қалқамановтың аты аталады (үкімде Калмаханов деп қате жазылған)  Жұмашев пен Қалқаманов жақсы қарым-қатынаста болғанға ұқсайды. Куәгерлердің сотта берген жауаптарына қарағанда, 2021 жылдың жазында Дүйсенқызы облыс әкімінің орынбасарына кіріп, онымен екі мектепті сенімгерлік басқаруға алу туралы мәселені ақылдасқан. Алайда бұл жоспардың немен аяқталғаны белгісіз. 

Сот Дүйсенқызы осы іс бойынша тек үш эпизод бойынша жәбірленуші ретінде танылғанына сүйене отырып, оған Жұмашевтан 67 миллион 400 мың теңгені өндіруге үкім етті (оның 60 миллионы жәбірленушінің ұлы арқылы берілген қаражат).  Қалған ақшаларды Дүйсенқызы енді азаматтық тәртіп бойынша өндіріп алуы мүмкін.

 Сот барысында мемлекеттік айыптаушы дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты Жұмашевқа «пара беру», «пара беруге айдап салу» баптары және ақша алуға қатысты кейбір эпизодтар бойынша тағылған айыптаулардан бас тартқан. Сотталушы тараптың Дүйсенқызын «пара беру» бабымен жауапқа тарту бойынша келтірген өтінішхаты  қараусыз қалдырылды.

Үкім әзірге күшіне енген жоқ. Жұмашевтың әлі жоғары инстанцияларға шағымдану құқығы бар. Апелляциялық алқа алғашқы сатыдағы соттың үкіміне қандай  төрелік айтатыны белгісіз. 

Бәрін тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық.


«Рейтинг» газеті, 30 шілде 2025 жыл.


Перизат Қайрат пен анасына үкім шықты
Берденовке жасалған қастандық. Сотта оның себебі айтылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу