«Әйтеновтің әмияны...» Немесе Бауыржан Канкин кім?
Жуырда fbrk.kz порталы «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының бұрынғы басқарма төрағасы Бауыржан Канкинге қатысты қызықты мәліметтерді жария етті. Канкин жақында «Астана» халықаралық қаржы орталығында клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі бас директор лауазымына тағайындалып әрі орталықтың басқарма мүшелігіне өткен. Бұған дейінгі қызметінде даулы, шулы істерімен есте қалған шенеуніктің жаңа қызметі бірқатар сарапшыларды таңқалдырғанға ұқсайды.
Сонымен Бауыржан Канкин кім?
Б.Канкин «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы лауазымына 2020 жылдың мамырында тағайындалған. Яғни ол сол кездегі қала әкімі Мұрат Әйтеновтің алып келген кадры еді десек, қателеспейміз.
Осы жылдары корпорацияның мемлекет жерін конкурссыз, оңды-солды сатумен айналысқаны бұған дейін көп жазылды. Соның бірі цирктің жеріне қатысты. Бұл туралы 2023 жылы «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жазған. Мәселе былай: 2019 жылдың желтоқсанында қалалық әкімдік цирктің 0,28 гектар жерін «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына сатады. 7 миллион 305 мың теңгеге. Жер инвестициялық жобалар негізінде әкімшілік ғимарат салу үшін деген себеппен берілген. Алайда кейінірек Канкин басшылық ететін «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жер телімін «Sun Holіday ЖШС-ына сатып жіберген. 63 миллион теңгеге. Яғни жер сатып алынған құнынан 8 есе қымбатқа саудаланып, корпорация көл-көсір пайдаға батқан. Нәтижесінде цирк көлік тұрағынан айырылған. Ал серіктестік сатып алған жеріне кафе салған (сонда корпорацияның көздеген инвестициялық-инновациялық жобасы кафе болғаны ғой).
Тағы бір факті келтірейік: 2014 жылы Шымкент қалалық әкімдігі мемлекеттік мұқтаждық үшін деген негізбен 262 миллион теңгеге жер телімін сатып алады. 2019 жылы әкімдік оны тұрғын үй кешенін салу үшін «Shymkent» ӘКК-ға берген. 2020 жылы әкім М.Әйтенов пен төраға Б.Канкиннің тұсында жер телімі «Hyundaі Premіum Shymkent» ЖШС-ына сатылып кеткен (абырой болғанда, 2023 жылы қалалық жер ресурстарын басқару департаменті сотқа арызданып, жерді мемлекетке қайтарып алған).
Дәл осындай әдіс-тәсілдермен корпорацияның иелігіне берілген жер телімдерін саудаға салу мұнымен тоқтамаған. Кезек жұрт арасында үлкен резонанс тудырған қырық жылдық тарихы бар ипподромның жеріне де келіп жетеді. Біз бұл туралы уақтысында «Рейтинг» газетінде осы мәселені көтерген Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбекпен сұхбат жариялағанбыз. Оның айтуынша, ипподромның жерін 2021 жылы Шымкент қалалық әкімдігі «Жас НС» деп аталатын серіктестікке инвестициялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы сатқан. Ал серіктестік ол жерге тұрғын үй салған. Базарбектің айтуынша, тұрғын үй инвестициялық-инновациялық жобалардың тізіміне кірмейді. Осы жөнінде сотқа талап арыздар берілгенімен, ол қанағаттандырылмады.
Назарбаев даңғылының бойында «BІ Group» компаниясы салған тұрғын үй кешеніндегі жағдай да осыған ұқсас. Жер телімін «Shymkent» корпорациясы «BІ Group» компаниясына қарасты серіктестікке заңсыз, яғни конкурстан тыс сатып жіберген. Жер ресурстарын басқару департаменті оны сот арқылы мемлекетке қайтарды. Алайда кейіннен ол «BІ Group»-тың тағы бір еншілес компаниясына заңдастырылды.
Жоғарыдағы fbrk. kz порталының жазуынша, осындай ұшан-теңіз пайдалардан кейін «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы құрамы миллиондап сыйақылар алған. Канкиннің өзі Қаңтар оқиғасы кезінде Танзанияның таулы аймақтарында дем алған.
– Яғни «әкімнің әмиянын» басқарушы елдегі азаматтық парызынан гөрі Африкадағы қызықты артық көрген, – делінген порталдың жазған мақаласында.
Бұл әкімнің кім екендігі айтпаса да түсінікті шығар...
«Рейтинг» газеті, 6 тамыз 2025 жыл.