«Әйелің жезөкше болады»: Жиембай Берденовті өлтіруге не түрткі болғанын жайып салды
Шымкент қалалық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті жаралаған күдікті Ернар Жиембайдан жауап алу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі KursivMedia-ға сілтеме жасап.
Бұған дейін Жиембай Руслан Берденовпен болған алғашқы кездесуі қалай басталғанын айтқан еді. Жиембайдың пікірінше, осы бірінші кездесуінше Берденов оның әр сөзіне шүйліккен. Ар-намысына тиетін сөздер айтқан.
«Сенің түрің қандай қандай өзі? Шаштарың түсіп қалған. Қайдан келгенсің өзің» деді. Көңіліме тиіп кетті. Бірақ ол кісіге артық сөз айтпадым. «Жұмыста осылай киінесіңдер ме сендер» деді. Жағдайды түсіндірейін деп едім, уын шашып жібереді. Қабылдамай жатты. Мен сөйлеймін, ол жерге кіргізеді. Жұмысымды көрсетейін десем, «сен өзі қандай адамсың» деп, балағаттады. Кабинетінен шығып кеттім», – деді ол.
Жиембайдың алдынан көмекшісі шығып қалған. Оған бар жайды айтқанда күте тұруын сұраған. Көмекшісі қайта кіруін сұраған. «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2024 жылғы бюджеті туралы жұмысын айта бастағанда сөзін қайта тоқтатқан.
«Сен мылқаусың ба, отыршы» деді. «Не үшін ар-намысыма тиетін сөздерді айтып отырсыз, жекеме өтпесеңізші» дедім. «Арыз жаза салшы» деді. «Кетем» дедім. Балағаттады. «Шық та кетші» деді. Кеттім. Мен не істеп қойдым? Кешке қалалық құрылыс басқармасынан хабарласып, Берденов сені «соттатамын» деп жатыр деп сәлемдемесін айтты», – деді сотталушы.
Жиембай Берденовтің бұл сәлемдемесін бірнеше адамнан айтқызған. Содан кейін Жиембай Берденовпен ашық сөйлесу амалын іздеген. 5 адамға «есігімді аттап баспасын, мен оны соттатамын, ода мүмкіндік жоқ. Мінез көрсетті» деген. Араға тағы 5 адамды салып, Берденовпен қайта кездесуге келіскен.
«Бір нәрсе істеп қойсам түсінемін. Жәйдан жәй тағдырымды сындырып жіберейін деп жатыр. Арадан екі апта өтті. Осы уақыт ішінде күйзеліске түстім, стресс алдым. Кабинетіне келдім. Берденов «сен кірші» деді. Ең қатты ашуланғаным сол жер болды. «Сен арыз жазбаймын деп жатыр екенсің ғой. Ернар сені қаматамын. Әйелің әдемі екен. Қамаласың әйелің жезөкше болады, балаң жетім қалады. Саған сол керек пе?» деді. Үндемедім, бірақ ашуландым. Балағаттады. «Кім не айтқанын білмеймін. Сізді құрметтеймін. Мені қаматамын дегеніңізді түсінбедім. Не үшін маған тіс қайрап тұрсыз? Не істедім сізге? Әйеліме лайк басқаныңызды көріп, қызғаныш сезімдерімді айтып жатқан жоқпын» десем, «сен әйеліңді маған жабыстырма. Қатыныңа ие бол. Өзіңе сенімсіз еркексің ғой» деп менің айтқанымбы басқа жаққа бұрып кетті», – деді Жиембай сотта.
Жиембай мен Берденовтің сөзі бұл кездесуде де жараспаған. Жиембай әкесінің онкологиямен ауыратынын, әпкесі 4 баласымен ажырасып келгенін, тұңғыш баласы ерекше бала екенін жеткізген. Намысына тимеуді сұраған.
«1 айда арызыңды жаз. Әйеліңе қ..- ғың тұрмайды» дегенде ұрып жібергім келді. Өзімді жерден төмен сезіндім. «Шектен шығып кеттіңіз» дедім де шығып кеттім. Өлгім келіп кетті. Намыстан өліп кеттім. Өз-өзімді қоярға жер таппай кеттім. Арада уақыт өтті. 20 сәуір күні кешке әйеліммен ұрыс басталды. Таңертең бала-шағаны балабақшаға алып барып, жұмысқа баратын болдым. Ұрыс жалғасты. Басымды кетірген әйелімнің «Мен күйеуімнің белсенді, бұлшық етті, келешегі бар болғанын қалаймын» дегіні. Бұл еркек ретінде намысыма тиіп кетті. «Кімді мысалға келтіріп тұрсың?» дедім. «Руслан Берденов» деді», – деді сотталушы.
Бұл оқиғадан соң сол күні Жиембай әйелімен ажырасуға сотқа арыз түсірген. Бұған әйелі қарсы болмаған. Бүгінгі сот отырысына жәбірленуші Берденов денсаулығына байланысты келмеді. Өткен жолы алдын ала тыңдау кезінде судья Абинұр Қарабаев Берденовтің сотқа келіп қатысуын міндеттеген еді.
Айта кетейік Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» (99-баптың 1-бөлігі) бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен (24-баптың 3-бөлігі) түскен.
21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасалып, күдікті Ернар Жиембайды полиция қамауға алған.