«Сес көрсетті». Р.Берденов Е.Жиембайдың мәлімдемелеріне жауап берді
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне қастандық жасады деп айыпталған Ернар Жиембайдың сотта жасаған мәлімдемелеріне өзінің инстаграм парақшасы арқылы жауап берді. Ол былай дейді:–
--Қазіргі уақытта денсаулығыма және бес оқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатқаныма байланысты сот отырыстарына жеке қатысуыма мүмкіндік жоқ. Алайда, сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырмын.
Сотта жауапкер Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл тек қана шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ.
Кейінірек ол өкілдерімен бірге менің қорғаушыларыммен байланыс орнатуға тырысып, «достасуды» ұсынды. Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын.
Мен қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермедім.
Бастапқы ұстанымым өзгерген жоқ. Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім.
Ал қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын.
Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын.
Менің ұстанымым - өзгермейді. Депутаттық өкілет мерзімі аяқталған соң да, мемлекетке адал қызмет ету жолынан тайған жоқпын. Соңғы үш жылымды осы жолға арнадым. Қала әкімінің шақыруымен әкімдікке келіп, ашық, адал жұмыс істеуге, халыққа шынайы көмек көрсетуге күш салдым.