Дархан Сатыбалды Алматының әкімдігінде үлкен өзгерістер жасады
Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІI сессиясы өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Сессия барысында Алматы қаласын басқару схемасын бекіту мәселесі талқыланды. Алматы әкімі аппаратының басшысы Ерлан Исабеков қала басшылығына қарасты 8 аудан әкімдігі мен 24 басқарма бар екенін атап өтті. Ол Үкімет бекіткен базалық құрылымға сәйкестендіру және басқарма атаулары түсінікті әрі жеңіл болу мақсатында 4 басқарманың атауын өзгертуді ұсынды:
* Қоғамдық даму басқармасы — ішкі саясат басқармасы болып қайта өзгереді;
* Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы — сәулет және қала құрылысы басқармасы болып өзгереді;
* Сейсмикалық қауіпсіздік және мобилизациялық дайындық басқармасы — мобилизациялық дайындық, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы болып қайта құрылады;
* Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы — коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы болып аталады.
Сонымен қатар экономика басқармасы мен қаржы басқармасы біріктіріліп, экономика және қаржы басқармасы құрылады. Одан бөлек қалалық мобильділік басқармасын екі дербес ведомствоға бөлінеді:
— жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы;
— жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы.
Қала әкімдігінің бұл ұсынысы мәслихат депутаттары арасында қолдау тапты.
Еске салайық, былтыр Алматы әкімдігінде екі жаңа басқарма құрылды. Олар — сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы және қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы.