Тоқаев пен Зеленский қандай мәселені талқылады?
Қасым-Жомарт Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Екі ел президентінің әңгімелесі Украина тарапының бастамасымен өтті, деп хабарлайды Orda.kz Ақорда мәліметіне сүйеніп.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский 10 тамыз күні түстен кейін сөйлесті.
«Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқы украин халқына, оның тарихына, мәдениетіне, тіліне шынайы құрметпен қарайтынын атап өтті. Ол халықаралық құқық қағидаттары негізінде Украинада берік бейбітшілік орнауына Қазақстанның сөзсіз мүдделі екенін растады» деп жазылған Ақорда хабарламасында.
Тоқаев Қазақстан бастапқыда қақтығысты бейбіт жолмен шешуді, бірақ БҰҰ Жарғысын, егеменді мемлекеттер шекараларының қол сұғылмаушылығын және олардың аумақтық тұтастығын сақтай отырып, жақтағанын еске салды.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргі күрделі жағдайда Украина мемлекеттілігінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ете отырып, қақтығысты байыпты және ұтымды шешу маңызды. Ол барлық тараптар ежелгі даналыққа сәйкес әрекет етуі тиіс деп санайды» деп жазады Ақорда.
Қазақстан Президенті бейбітшілік жолында жиі кедергі болатын аумақтық проблемалардың күрделілігін түсінетінін жеткізді.
«Қазір басты басымдық — Украина қауіпсіздігінің мызғымас халықаралық кепілдіктері негізінде Украина мемлекеттілігін сақтау» деп келтіреді Ақорда Тоқаевтың сөзін.