Кеше Берденов, бүгін Рабаев «Respublika» партиясының не көксегені бар?
Өткен аптада Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының орынбасары лауазымына Әбілсейіт Рабаев тағайындалды. Жаңылыспасақ, бұл Әбілсейіт Рабаевтың әкімдіктің ауылына осыменен үшінші, бәлкім төртінші мәрте оралуы.
Жалпы көпшілік Рабаевты іскер және білікті шенеуніктердің бірі ретінде жақсы біледі. Басшылық лауазымға ерте араласқан кадр. Еңбек жолын жекеменшік компанияда бастаған. Бұдан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында істеген. Барлық баспалдақтан өткен. Алдымен бас маман, бөлім басшысы, одан кейін басқарма басшысының орынбасарлығына өскен. Осы жылдары басқарманың басшысы лауазымын қазіргі Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев атқарған. Көп ұзамай Әлиев облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің орынбасары болып жоғарылады, оның орнын Әбілсейіт Рабаев басты (содан бері Рабаевты көпшілік Болекеңнің кадры есептейді).
Әбілсейіт Рабаев басқарма басшысы болғаны жылдары істі болды. Бұл 2013 жылдың мамыры еді. Құзырлы органдар жол құрылысына бөлінген үлкен сомадағы қаражат жымқырылды деген айыппен оны тұтқындады. Осы кездері облыстық құрылыс басқармасының басшысы Альмира Орманшинаның да үстінен жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен іс қозғалып, тергеу амалдарынан бой тасалап кетуіне байланысты оған іздеу жарияланды. Осындай аласапыран кезеңде облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиев отставкіге кетті. Алайда арада бір жыл өткенде Әбілсейіт Рабаев сот үкімімен ақталып, қызметіне қайта оралды.
Бұдан кейін ол қайтадан жекеменшік ұйымдарда қызмет етіп, 2017 жылы «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылығына келді. Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы болды. Ресми биографиясына қарағанда, Түркістанға келгенге дейін ол Respublika партиясының Шымкент қалалық филиалына жетекшілік еткен.
Яғни, Рабаев соңғы кездері билікке өз адамдарын әкеліп жатқан Respublika партиясының өкілі деген сөз. Естеріңізде болса, биыл ақпанда осы партияның тең төрағаларының бірі Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған. Сәуірде оны қарамағында істейтін қызметкері мылтықпен атып, ауыр жаралағаны белгілі. Қысқасы, кеше – Берденов, бүгін – Рабаев. Берденовке қатысты сәтсіз сценарийдің есесін енді Рабаев толтырып жатса, таңғалмаймыз.
P.S. Айтпақшы, Берденов жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметінен ресми түрде босатылды. Алайда экс-орынбасар бұған қатысты әзірге ешқандай пікір білдірмеді. Жуырда ол әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ боксшыларының әлем чемпионатындағы тарихи жеңісіне қатысты жазба қалдырды. Геннадий Головкинді мақтапты, қызметінен кетуіне қатысты тағы да үн жоқ.
Ал осы аптада Шымкентте қала әкімінің бесінші орынбасары – Берік Беркімбаев тағайындалды. Еңбек жолында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі болып істеген. Соңғы қызметі – Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.
Шымкентте әлі аппарат басшысының орны бос тұр.
«Рейтинг» газеті, 24 қыркүйек 2025 жыл.