Әбдірахымовтың қанша «кредиті» бар?
Шымкенттің атышулы экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жылқы жылын жаңа қызметпен бастағаны туралы жаңалық қазір әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Уақтысында ескі биліктің еркетотай кадрларының бірі болған «зың әкім» елді таңқалдыруды «Жаңа Қазақстанда» да жалғастырып жатыр.

"Рейтингтің" коллажы
Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтен кетіп, өзі айтпақшы бизнеспен айналысып жүрген Әбдірахымов жаңа жылдың қарсаңында «Самұрық-Қазына» қорына қарасты «Samruk-Kazyna Constructіon» компаниясында басқарма басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған. Бұл тағайындаудың астарын сарапшылардың өздері де неге жорырын білмей отыр. 2019 жылы Шымкенттің әкімі қызметінен «сенім кредиті таусылды» деген «диагнозбен» босатылған шенеуніктің жауапты лауазымға бір емес осыменен үшінші мәрте тағайындалуы нені білдіреді? Билікте кадрлық кризистің шарықтау шегіне жеткенін бе? Әлде бұл уақтысында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған, амбициясы жоғарылау Әбдірахымовтың «незаменимый» кадр екенін мойындау ма? Өткен аптада «Түркістан БГҚ» компаниясының әлеуметтік желілеріндегі парақшасында «Samruk-Kazyna Constructіon» басшылығының Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары туралы ақпарат жарияланды. Сапар барысында компания кеңсесіне басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов және басқарма төрағасының активтерді басқару және цифрландыру жөніндегі орынбасары Аман Асановтың барғаны айтылды. Артынша, «Самұрық-Қазынаның» баспасөз қызметі Ғабидолла Әбдірахымовтың «Samruk-Kazyna Constructіon» АҚ басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары қызметіне 29 желтоқсанда қабылданғаны туралы ресми мәлімет таратты. Осы ақпаратта сонымен бірге Ғабидолла Әбдірахымовтың компанияның басқарма мүшесі болып табылмайтыны атап өтілген. Айта кетері, «Түркістан БГҚ» ЖШС-ы 2022 жылдың сәуір айында «Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысы базасында электр станциясын салу» жобасын іске асыру мақсатында құрылған және «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниясы болып табылады. Компанияның кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан.
Бұған дейін де айтылғандай, Оңтүстік өңіріндегі энергия тапшылығын шешу үшін қолға алынған бу-газ қондырғысы жобасының құны 722,7 млрд теңгені құрайды. Сайрам ауданында 60 гектар жерге салынатын нысан болжам бойынша биыл аяқталуы тиіс. Күні кеше соңынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты әңгімелер ерген Әбдірахымовтың бүгін жүз миллиардттаған қаражатты сіміріп жатқан жобаның басы-қасында жүргенін немен түсіндіруге болады?
Ал енді «Samruk-Kazyna Constructіon» акционерлік қоғамының басқармасы төрт мүшеден тұрады – басқарма төрағасы мен оның үш орынбасары. Төраға Мәулен Айманбетов те шымкенттіктерге таныс шенеунік. Ол 2020-2022 жылдар аралығында Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновтің орынбасары болған.
Осы жерде мынандай бір қызықты жәйт еске түседі. 2021 жылы Шымкентте мердігерден ірі көлемде ақша алғаны үшін құрылыс басқармасында істейтін бөлім басшысы сотталған. Сотта ол ақшаны құрылыс басқармасы басшысының тапсырмасы бойынша Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына іPhone 12 pro ұялы телефонын сатып алу үшін алғанын айтқан. Ал, бұл кезде құрылыс саласына әкім орынбасары ретінде Мәулен Айманбетов бақылау жасаған болатын. Алайда Айманбетов сотқа куәгер ретінде шақырылған жоқ. Осылайша қызметін ың-шыңсыз атқарған ол 2022 жылы жоғарыдағы аталған «Samruk-Kazyna Constructіon» компаниясының басшылығына келген.
Ал Әбдірахымовтың Шымкентке алғаш рет 2015 жылы әкім болғаны, осы жылдары мегаполисті Нью-Иорк, Лондон, Париж сияқты әлемнің таңдай қақтырарлық әсем қалаларының елесі кезіп жүргеніне тоқталып жату енді керек емес шығар.
Армандар мен қиялдардың жетегінде кеткен Әбдірахымовтың 2018 жылдың маусымынан басталған екінші әкімдік дәуірі дау-дамайлармен көбірек есте қалды. Бір жылдан асар-аспас «Лондоннан жолдаған сәлемдемесінен» кейін қызметінен босатылды. Сол кезде Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаевтың «Әбдірахымовқа берілген сенім кредиті таусылды» деген сөзінен кейін «Рейтинг» газетінде «Әбдірахымовтың әкімдік дәуірінің аяқталғаны былай тұрсын оның енді мемлекеттік қызметке қайта оралуы да нейғабыл» деп жазған едік. Алайда қателескен екенбіз.
Сол 2019 жылдың қыркүйегінде ол Үкімет басшысы Асқар Маминнің кеңесшісі болды. Артынша Мәдениет және спорт вице-министрінің тізгінін ұстады. 2021 жылдың қыркүйегінде бұл қызметінен де босатылды.
Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген ауыр айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің кадры есептелетін Әбдірахымовтың дәурені осыменен тәмамдалғандай көрінген еді. Алайда...
Бұдан кейінгі екі жыл Әбдірахымов үшін өте ауыр сынақ болды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істің басты кейіпкерлерінің біріне айналды. 2022 жылы Қазақстанға белгілі бизнесмен Сайдулла Қожабаев құзырлы органдарға арызданып, 2013 жылы сол кездегі Президент Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Ғабидолла Әбдірахымовтың және Премьер-министрдің кеңсесінде істейтін Рашид Аюповтың өзінен әртүрлі жолдармен 3,5 миллион доллар алғанын мәлім етеді. Алайда бұл іс бойынша Әбдірахымовтың ең сенімді кадрларының бірі бертінде Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы, Түркістан қаласының әкімі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Кентау қаласының әкімі қызметтерін атқарған Аюпов ғана айыпталушы деп танылды. 2023 жылдың тамызында ол пара беруге айдап салды және алаяқтық жасады деген айыппен 10 жылға сотталып кетті. Сотта Аюповтың Мәсімов пен Әбдірахымовтың атынан кәсіпкерден 2,8 миллион доллар алғаны дәлелденді.
Көкқағаздарды бизнесменнен чемоданмен алған ол бірнеше айдың ішінде 13 миллион теңгеге көлік, 82 миллион теңгеге үй сатып алған. Депозитке 30 миллион теңге салып, бауырына 26 миллион теңгеге үш «Камаз» көлігін, 7 миллион теңгеге баспана әперген. Ал осы істің басы-қасында жүрген екі азаматтың біріне 20 мың, біріне 10 мың доллар берген. Осыншама шығындардың жалпы жиынтығы 1 миллион долларды құрайды. Қалған 1,8 миллион доллардың қайда кеткені белгісіз күйде қалды.
Сот үкіміне және ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Аюпов Қожабаевқа Әбдірахымов арқылы ірі көлемде тендер алып беруге уәде еткен. Алайда уәдесін орындамай, ақша сұрауды үдете берген. Сот барысында бұл іске Әбдірахымовтың да қатысы болуы мүмкін деген мәліметтер айтылды. Мәселен, Әбдірахымов сол кезде «Самұрық Энерго» компаниясының басшысына Қожабаевқа тендер алып беру жөнінде өтініштер айтқан. 2022 жылы антикорға арыз жазылғаннан кейін Аюпов Қожабаевтың ұлымен кездескен. Сол кезде Аюпов өзінің бұл іске қатысы жоқтығын, өзінде Әбдірахымовқа қатысты компраматтар барын айтқан. Алайда оның нендей компромат екендігі әлі күнге құпия. Алдын ала тергеу барысында ол кінәсін мойындаған, тіпті Әбдірахымовтың қылмыстарын әшкерелеуге келісімін берген-мыс. Алайда сөзінде тұрмаған көрінеді. Ал сотта Аюпов бәрі алдын ала жасалған сценарий екендігін, бұл қылмыстық істің Әбдірахымов пен Шөкеевті «отырғызу» үшін жасалғанын мәлімдеді. Сотта Әбдірахымов тек куәгер ретінде жауап берді. Ол 2022 жылы Президент Әкімшілігіне жауапты қызметке шақырылғанын, осы кезден бастап өзіне қарсы шабуылдардың басталғанын айтқан болатын. Бизнесмен Қожабаев пен оның адвокаттары Әбдірахымовты да жауапқа тартуды талап еткенімен, «зың әкім» бұл істен құрғақ шықты.
Осындай дүрбелеңдерден аман құтылған Әбдірахымовтың ендігі карьерасы қалай болады? Оның әлі қанша «сенім кредиті» бар? Әліптің артын бағып көрейік.
"Рейтинг" газеті


