Шымкенттің бұрынғы әкімінің інісі қамауға алынды
Алматыда Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Амалбек Тшановтың інісі Жамалбек Бекдәулет халықаралық есірткі трафигін ұйымдастыру күдігімен ұсталды, деп хабарлайды oinet.kz сайты Polites.news-ке сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, 2025 жылғы 8 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Жетісу» кеден бекетінде Таиландтан келген пошта жөнелтілімдерінің бірін тексеру кезінде ерекше иісі бар сұйықтық анықталған. Сараптама оның каннабис экстракты – гашиш майы екенін көрсетті.
Алдын ала нұсқа бойынша, Жамалбек Бекдәулет халықаралық пошта арқылы есірткі жеткізу схемасын ұйымдастырып, бұл іске делдалдар мен қылмыстық мақсаттан бейхабар үшінші тұлғаларды тартқан. Қазіргі таңда оның әрекет ауқымы мен ықтимал сыбайластары анықталып жатыр.
Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Құқық қорғау органдары оған есірткі контрабандасы және заңсыз айналым бойынша айып тағуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Амалбек Тшанов 1990-жылдары Жамбыл облысы әкімі қызметін атқарған, сондай-ақ министр және Мәжіліс депутаты болған. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде ол Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауында сенімді өкілі ретінде танылған. Кейін Шымкент қаласының әкімі, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі қызметтерін атқарды. 1999 жылы Парламент Мәжілісінің екінші шақырылымына депутат болып сайланған. Соңғы жылдары ғылыми және қоғамдық қызметпен айналысып келеді.


