Досым Сәтпаев ресейлік тарихшының мәлімдемесі Қазақстан үшін қауіпті екенін айтты

Oinet.kz 27-02-2026

Ресейлік тарихшы Дмитрий Верхотуровтың Қазақстандағы Ашаршылық тақырыбына қатысты даулы мәлімдемесіне қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев жауап берді, деп жазады Оinet.kz. Оның пікірінше, бұл – Қазақстанға қарсы бағытталған кезекті ақпараттық шабуыл. 

image.png

Сәтпаевтың айтуынша, Верхотуров сұхбатында «Ашаршылық» трагедиясын жоққа шығарып қана қоймай, Қазақстанды Украина сценарийі бойынша қарулы қақтығыспен қорқытқан. Сонымен қатар, ол қазақтарды «екінші сорттағы» халық ретінде сипаттаған.

«Өткендегі геноцидті жоққа шығара отырып, ол болашақтағы зорлық-зомбылықты ақтауға дейін барды. Жуырдағы сұхбаттарының бірінде Қазақстанға Украинадағыдай қарулы қақтығыс қаупін меңзеп қана қоймай, жаңа геноцид ықтималдығы туралы да ашық айтты. Егер Ресей, оның пайымынша, “туыстас халық” саналатын украиндарды да аямаса, онда қазақтарға қатысты қатыгездік одан да ауыр болуы мүмкін деген астар байқалады. Қазақтарды “екінші сорттағы”, “алыстағы адамдар” ретінде сипаттау — адамдарды кемсітуге негізделген қауіпті идеологияның көрінісі», – деді саясаттанушы.

Сарапшы мұндай мәлімдемелерде соғысқа үндеу, геноцидті ақтау, шовинизм мен ксенофобия белгілері бар екенін атап өтті. Ол даулы сұхбаттың Украинадағы соғыстың кезекті жылдығына тұспа-тұс жариялануын да символдық жайт деп бағалады.

«Осындай ақпараттық арандатулар кімнің агрессор, ал кімнің өз тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғап отырғанын айқындай түседі. Тарихты жоққа шығару немесе қайта жазу әрекеті көбіне кейінгі саяси қысым мен күш қолдануға апаратын алғашқы қадам болатынын ұмытпау қажет», – деді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының пікірінше, тәуелсіз мемлекет үшін тарихты жоққа шығару аса қауіпті үрдіс.

«Тарихты жоққа шығарғандар ертең мемлекеттігіңізді де жоққа шығаруға дайын болады. Сондықтан мұндай мәлімдемелерге бей-жай қарауға болмайды. Бұл – жай сөз емес, бұл – ескерту», – деп түйіндеді ол.

Шымкенттің бұрынғы әкімінің інісі қамауға алынды
Польша билігі Ресейдің өздеріне соғыс ашуы мүмкін екенін мәлімдеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу