Польша билігі Ресейдің өздеріне соғыс ашуы мүмкін екенін мәлімдеді
Польшаның Сыртқы істер министрі Радослав Сикорский «еліміз аталарымыз бен бабаларымыз көрген үлкен соғысқа дайын болуы керек» деп мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

Сеймдегі сөзінде Сикорский бірқатар еуропалық барлау қызметтерінің бағалауына тоқталып, Ресей алдағы уақытта НАТО елдеріне шабуыл жасауы мүмкін екенін еске салды. Сонымен қатар соңғы жылдары Еуропада, соның ішінде Польшада да күмәнді оқиғалар мен диверсиялардың көбейгенін айтты.
Министр Польша аумағына ресейлік ұшқышсыз ұшу аппараттарының жаппай кіру фактісін және теміржол желісіндегі диверсиядан кейін Мәскеу жауапкершілікті Украина мен НАТО-ға аударуға тырысқанын да еске алды.
Сикорскийдің пікірінше, Кремль «шекараларды сынауды» жалғастыруы ықтимал. Сондықтан Польша қоғамды біріктіріп, мемлекеттің тұрақтылығын күшейтуі, соның ішінде ақпараттық манипуляцияларға қарсы тұруы қажет.
«Қауіпті сезіну адамды не тұралатып тастауы, не жұмылдыруы мүмкін. Біз “бұл біздің соғыс емес” деп өзімізді жұбата алмаймыз. Путин бейбітшілікті емес, капитуляцияны қалайды. Егер Украина жеңілсе, Ресей тарапынан төнетін қауіп азаймайды, керісінше күшейеді», – деді министр.
Ол сондай-ақ НАТО-ның шығыс қанатындағы елдерге қарсы ықтимал агрессия бұл мемлекеттерге өте қымбатқа түсетінін ескертті.
Бұған дейін Радослав Сикорский Еуропа Ресей–Украина соғысы бойынша келіссөздер үстелінде толыққанды орын алуға құқылы екенін айтқан еді. Оның сөзінше, Еуропа іс жүзінде Киевке көмек көрсетуде АҚШ-ты негізгі донор ретінде алмастырды және бұл – бүкіл Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты мәселе.


