Путинге бейбітшілік емес, жеңіс керек
Польша Сыртқы істер министрі Радослав Сикорский Сеймдегі сөзінде Еуропаның қауіпсіздік архитектурасы түбегейлі өзгергенін және Ресей тарапынан төнетін қауіп ұзақмерзімді сипат алғанын мәлімдеді.

Министр соңғы жылдары Еуропаның әр түкпірінде күмәнді оқиғалар, стратегиялық инфрақұрылымдарға бағытталған диверсиялар мен кибершабуылдардың көбейгеніне назар аударды. Оның сөзінше, Польша аумағына ресейлік ұшқышсыз ұшу аппараттарының жаппай кіру деректері тіркелген. Сонымен бірге теміржол желісіндегі диверсиялық әрекеттерден кейін Мәскеу жауапкершілікті Украина мен НАТО-ға аударуға тырысқан жағдайлар болған. Варшава мұндай әрекеттерді ақпараттық соғыстың элементі және қоғамдық пікірді шатастыруға бағытталған тактика деп бағалайды.
Сикорский Кремльдің «шекараларды сынау» стратегиясы жалғасуы мүмкін екенін айтып, Польша қоғамын ішкі бірлікке шақырды. Оның пайымынша, қазіргі жағдайда қауіп сезімі қоғамды үрейге емес, жұмылуға итермелеуі тиіс.
--Біз “бұл біздің соғыс емес” деп өзімізді жұбата алмаймыз. Путин бейбітшілікті емес, капитуляцияны қалайды. Егер Украина жеңілсе, Ресей тарапынан төнетін қауіп азаймайды, керісінше күшейеді, – деді ол. Бұл сөздер Польша саясатының басты ұстанымын айқындайды: Киевтің қорғаныс қабілеті – Варшаваның да қауіпсіздігі.
Польша соңғы жылдары қорғаныс шығындарын айтарлықтай ұлғайтты. Ел бюджетінің елеулі бөлігі армияны жаңғыртуға, әуе қорғанысын күшейтуге және шекара инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған. Варшава АҚШ-пен және өзге де одақтастармен әскери-техникалық ынтымақтастықты кеңейтті.
Министрдің мәлімдемесі тек әскери қатерге қатысты емес. Ол ақпараттық манипуляциялар мен қоғам ішіндегі алауыздықты қоздыру әрекеттерін де басты қауіп ретінде атады. Еуропадағы энергетикалық инфрақұрылымдарға жасалған шабуылдар, әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған ақпарат, сайлау процестеріне ықпал етуге талпыныстар – мұның барлығы гибридті соғыстың құралдары ретінде қарастырылады. Польша билігі медиасауаттылықты арттыру, киберқауіпсіздікті күшейту және барлау құрылымдарының үйлесімділігін жетілдіру бағытында шаралар қабылдап жатыр.


