Арандатушы кім, террорист кім?
Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Мухаммад Асиф әлеуметтік желідегі Х парақшасында Исламабад тәліптер үкіметіне қарсы «ашық соғыс» бастайтынын жазды.

«Біздің сабырымыз таусылды. Енді бұл – біз бен сіздердің араларыңыздағы ашық соғыс», – деді министр. Оның сөзінше, қақтығыс «қанды» болмақ және пәкістандық армия қарсыласын жақсы біледі, өйткені екі ел – көрші мемлекеттер. Асиф тәліптерді «Ауғанстанды Үндістанның колониясына айналдырды», «әлемнің түкпір-түкпірінен террористерді жинады» және «терроризмді экспорттауды бастады» деп айыптады.
Бұған дейін ауған әскери құрылымдары «Дюран сызығы» бойында – Хост, Пактия, Нуристан провинцияларында және өзге де шекаралық аудандарда Пәкістанға қарсы операциялар басталғанын хабарлаған. Кабул мұны Пәкістанның әуе соққыларына жауап деп атады. Ал Исламабад қақтығыстар барысында 133 ауған жауынгері қаза тауып, 200-ден астамы жараланғанын мәлімдеді. Ауған тарапы керісінше, ондаған пәкістандық әскери қызметкердің мерт болғанын және бірқатар шекара бекеттерінің басып алынғанын алға тартады.
27 ақпанға қараған түні Кабул тұрғындары қала аспанында ұшақтардың дыбысын және әртүрлі аудандарда болған күшті жарылыстарды естігенін айтқан. Пәкістандық ақпарат құралдары соққылар оқ-дәрі қоймалары мен тәліптердің позицияларына бағытталғанын жазды. Ауған билігі бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын мәлімдеп, Пәкістанның әрекетін «арандату» деп бағалады.
Екі ел арасындағы қарым-қатынас Пәкістан аумағында болған бірқатар терактілерден кейін күрт шиеленісе түсті. Исламабад бұл шабуылдар үшін «Техрик-и-Талибан Пәкістан» (ТТП) қозғалысын айыптады. Пәкістан билігі ТТП мүшелері Ауғанстан аумағында әрекет етіп, сол жерден шабуылдарды жоспарлайды деп мәлімдейді. Кабул бұл айыптауларды жоққа шығарып, аталған топпен күресті Пәкістанның ішкі ісі деп атаған.
Соңғы оқиғалар екі көрші ел арасындағы қақтығыстың жаңа, қауіпті кезеңге өткенін көрсетеді. Ашық соғыс туралы мәлімдеме аймақтағы тұрақсыздықты күшейтіп, Орталық және Оңтүстік Азиядағы қауіпсіздік ахуалына тікелей әсер етуі мүмкін. Қазіргі жағдайда тараптардың ресми мәлімдемелері қатаң сипат алып отыр, ал шекара бойындағы әскери әрекеттердің ауқымы кеңейе түсуде. Сарапшылар бұл қақтығыс ұзаққа созылса, өңірдегі күштер теңгеріміне елеулі ықпал етуі ықтимал екенін жоққа шығармайды.


