Қазақстандықтардың БАӘ-де 217 жылжымайтын мүлкі бар

Oinet.kz 13-03-2026

 Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан азаматтарының шетелдегі активтері туралы мәліметті жариялады. Анықталғандай  Біріккен Араб Әмірліктерінде  қазақстандықтардың 217 жылжымайтын мүлкі бар, деп жазады Оinet.kz  порталы Bes.media-ға cілтеме жасап.

image.png

Мәліметке сәйкес, 2025 жылға арналған 250-нысан (активтер мен міндеттемелер туралы декларация) бойынша БАӘ-де 168 жылжымайтын мүлік нысаны көрсетілген. Ал 2024 жылғы 270-нысан (табыстар мен мүлік туралы декларация) бойынша 49 нысан тіркелген. Осылайша, 2024 жылғы 31 желтоқсан жағдайы бойынша жалпы 217 жылжымайтын мүлік нысаны декларацияланған.

Бұған дейін БАӘ-дегі Fairmont The Palm тұрғын кешенінде қазақстандықтарға тиесілі 97 пәтер бар деген ақпарат тараған болатын. Дегенмен, комитет бұл пәтерлер бойынша жеке тексеріс жүргізілмегенін атап өтті. Ведомство өкілдері шетелде жылжымайтын мүлікке иелік ету өздігінен заң бұзушылыққа жатпайтынын түсіндірді.

270-нысанды мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, бизнес иелері мен олардың жұбайлары тапсырады. Ал 250-нысан мемлекеттік қызметке кандидаттар, жеке практикамен айналысатын тұлғалар, қаржы нарығының ірі қатысушысы мәртебесіне үміткерлер және шетелде мүлікті, банктік шоттарды немесе компаниядағы үлесті иеленетін азаматтар үшін міндетті.

Шетелдегі мүлік немесе банктегі қаражат декларацияда көрсетілмесе, заң бұзушылық болып есептеледі. Мұндай жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (шамамен 432,5 мың теңге) қарастырылған.

Сонымен қатар Қаржы мониторингі агенттігі мәліметіне сәйкес, соңғы үш жылда Қазақстан азаматтарының БАӘ-де жылжымайтын мүлік сатып алуына қатысты қылмыстық іс тіркелмеген.

АҚШ-пен бітімге келмейміз, кек қайтарамыз: Моджтаба Хаменеи алғаш рет үндеу жасады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу