Көшпенділер ойындарында Қазақстан бірінші орын алды
Спорт және туризм министрлігі Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойындарына қатысты мәлімет таратты. Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орын алды.
--Ойындар қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан екінші орынға, жеті алтын жүлдесі бар Ресей үшінші орынға тұрақтады. Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанды. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты,-делінген хабарламада.
Бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Instagram-дағы ресми парақшасында Қырғызстанның 30 алтын, Қазақстанның 26 алтын медаль алғаны туралы мәлімет жарияланды. Жарияланған медальдық кесте алдымен өшірілді. Біраз уақыттан кейін қайта жарияланды. Алайда кейіннен тағы да жойылды. Кейінірек Қырғызстанның дене шынықтыру және спорт агенттігі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық есебінің шығарылмайтынын мәлім етті.


