Сыздықбековті не күтіп тұр? Үш жылда үміт қаншалықты ақталды?

Oinet.kz 09-09-2026

Screenshot_2.png 

Ғабит Сыздықбековтің Қазақстанның үшінші мегаполисі – Шымкент қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанына үш жыл толды.

Үш жыл мемлекеттік қызметкер үшін аса ұзақ мерзім емес шығар, бәлкім. Бірақ әкімі жиі ауысатын Шымкент үшін бұл – аз уақыт емес. Өйткені соңғы жиырма-отыз жылда шенеуніктердің Шымкенттегі «әкімдік мерзімі» орташа есеппен үш жылдың төңірегінен аспайды. Мәселен, Шымкентті ең ұзақ басқарған әкім Арман Жетпісбаев бұл қызметті 4 жыл 2 ай атқарса, ең қысқа уақыт әкім болған Ерлан Айтаханов мегаполисті небәрі 6 ай басқарған.

Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі қызметіне 2023 жылдың 5 қыркүйегінде, Президент Жолдауынан кейінгі ірі кадрлық ауыс-түйістер кезінде келді. Содан бері үш жыл өтіпті.

Шатағы да, шаруасы да жетіп артылатын, тұрғындарының менталитеті ерекшелеу Шымкентте осы үш жыл ішінде Сыздықбеков қандай жұмыстарды атқара алды? Ең бастысы – қала тұрғындарының өзіне артқан үмітін ақтады ма?

Жалпы, Шымкентке әкім болып келген шенеунік туралы «кетеді екен» деген әңгіме көп ұзамай басталады. Ғабит Сыздықбековтің Астанаға қызмет ауыстыратыны туралы әңгіме биыл жыл басынан бері айтылып келеді. Құрылтай сайлауы қарсаңында бұл болжамдар, тіпті, күшейе түскен. Дегенмен сайлаудан кейін жасақталған жаңа Үкіметтің құрамынан Сыздықбековке ешқандай қызмет бұйырған жоқ. Алайда бұл «ауысады екен» деген әңгімені толықтай жоққа шығармайды.

Дәл қазір Президент Әкімшілігінде бірінші орынбасардың қызметі бос тұр. Сонымен қатар «Сыздықбеков Астана қаласының әкімі болады» деген әңгімелер де бұрыннан айтылып жүр.  Жеңіс Қасымбектің Астана қаласының әкімі болып тағайындалғанына жуырда төрт жыл толады екен. Қазақстандағы қалыптасқан кадрлық тәжірибені ескерсек, мұндай мерзімнен кейін ротация болуы керек.  Ал босаған орынның Сыздықбековке бұйырмасына кім кепіл?! Әрине, мұның бәрі болжам ғана. Бірақ болжамның өзі де кадрдың саяси салмағын, биліктегі беделін білдіреді емес пе? Сыздықбековтің алдағы уақытта Астанаға, үлкен креслоға өсіп кету ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. Неге дейсіз бе? Неге десеңіз,  Ғабит Әбдімәжитұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді кадрларының бірі саналады.

Оның еңбек жолының едәуір бөлігі Тоқаевтың мемлекеттік қызметтегі жолымен қатар өрбіген. Сыздықбеков дипломатиялық қызметтегі карьерасын Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі болған кезеңде бастаған. 2007 жылы Тоқаевпен бірге Сенат аппаратына ауысты. Тоқаев Женевадағы халықаралық қызметке кеткен кезде Сыздықбеков қайтадан Сыртқы істер министрлігіне оралды. Тоқаев екінші рет Сенат төрағасы болған кезеңде де Сыздықбеков Парламенттің жоғары палатасында түрлі қызметтерді атқарған. Кейін қайтадан Сыртқы істер министрлігіне ауысты. Шымкентке әкім болғанға дейін дейін ол Үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Яғни, Президент Сыздықбековті Шымкентке жайдан-жай жібермегені айтпаса да түсінікті. Бұл сенімді кадрды Шымкентте шыңдап алу ғой.

Жасыратыны жоқ, Ғабит Сыздықбеков Шымкент әкімінің креслосына отырғанға дейін әкімдік жүйеде жұмыс істеп көрмеген.

Бірақ бұл – Шымкент үшін тосын жағдай емес. Мәселен, қаланы бұған дейін басқарған Ғабидолла Әбдірахымов, Нұрлан Сауранбаев, Мұрат Әйтенов те әкімдік қызметте мүлдем тәжірибесі жоқ кадрлардың санатында болатын.  Дегенмен олардың әрқайсысы мегаполисте өзінше із қалдырды.  Алғашқы кезде Сыздықбековтің Шымкентте туып, Шымкентке әкім болған алғашқы азамат екендігі баса айтылды. Шымқаланың асфальтінде өскен әкімді жұртшылықтың жылы қабылдағаны, үлкен үміт артқаны рас. Сол үміт қаншалықты ақталды? Сыздықбеков артында айтып жүретіндей нендей із қалдырды?

Шыны керек, Сыздықбековтің үш жылында  Шымкентте көзге бірден түсетіндей ірі құрылыс жобалары іске асқан жоқ.  Мысалы, Мұрат Әйтенов әкім болған кезеңде қалада көптеген ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Елді мекендердегі жылдар бойы шешілмей келген коммуналдық мәселелердің бірқатары шешімін тапты. «Бозарық» станциясы, Қызғалдақ сарайы, Оқушылар сарайы, ипподром салынды, бұған дейінгі әкімдердің ешқайсысы толық іске асыра алмаған Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстары белсенді түрде жүргізілді.  Мегаполисте бір емес, екі бірдей жолайрық іске қосылды.

Ғабит Сыздықбеков қалаға келген бойда алғашқы уақытта қоғамдық кеңістіктерге ерекше назар аударды. Қалада ондаған аллеялар мен демалыс аймақтарын көбейту басталды.  Балалар темір жолының орнына веложол салынды. Бір кездері түрлі жолдармен жекеменшікке өтіп кеткен жерлер мемлекетке қайтарылды. Солардың бірі «Кең баба» саябағының орнынан биыл «Жапон саябағы» салынды. Әкімдіктің меншігіне қайтарылған бұрынғы «Фосфоршылар» сарайы бұзылып, оның орнына Жастар сарайын салу жұмыстары басталды. Сыздықбековтің тұсында құрылысы тым ұзаққа созылған Шымкент әуежайының жаңа терминалы пайдалануға берілді. Төлеметов көшесі мен Бәйдібек би даңғылының қиылысынан жолайырық құрылысы басталды. Темір жол вокзалы жаңартылды. Бұған тағы не қосуға болады?

Мұрат Әйтеновтің кезінде Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің көбейгені рас. Басқарма басшыларының парамен ұсталуының ақыры қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың сотталуымен аяқталды. Осы жағдайдан кейін әкім болып келген Сыздықбеков сыбайластықпен күрестің бұрын-соңды болып көрмеген тың жолдарын таңдады. 2024 жылдың ақпанында тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момыновты антикордың қызметкерлері жиналыстың үстінде тұтқындап алып кетті.  Бұдан кейін жиналысты өткізіп отырған Сыздықбеков залда отырған шенеуніктерге «арқаға пышақ сұғатын сатқындар» туралы біраз ескертулер айтқаны ақпарат құралдарын, әлеуметтік желіні шулатты. Мұны біреулер дұрыс деді, біреулер бұрыс деді. Бірақ Азат Момыновтың кейінірек расында да қазына қаржысын талан-таражға салғаны дәлелденіп, сотталып кетті. Осыдан кейін Шымкент әкімдігінде біраз уақыт сыбайлас жемқорлық дауы бәсеңдегендей болған еді. Алайда былтыр Шымкентте қаланың бас сәулетшісі, оның артынша тұрғын үй басқармасының басшысы қаржы жымқырды деген айыптармен Астанада ұсталды. Бір қызығы, қазір  шымкенттік қос шенеуніктің ісі Тараздағы сотта қаралып жатыр.

Осы үш жылда Шымкентттің әлеуметік-экономикалық көрсеткіштері жағынан біршама оң жағдай қалыптасқанын айту керек. Мәселен, биыл маусымда Ақордада Президенттің қабылдауында болған Сыздықбековтің айтуынша, былтыр Шымкенттің өңірлік жалпы өнімі 5,7 триллион теңгеге жетіп, 11 пайызға ұлғайған. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент өңірлер арасында екінші орынға шыққан. 2025 жылы қала экономикасына 859,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 72 пайызы жеке инвестицияларға тиесілі болды. Жалпы өсім 7,5 пайызды құрады. Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында құны 170 миллиард теңге болатын 50 жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Қазіргі уақытта 200 орынға арналған заманауи перинаталдық орталық салынуда. Сондай-ақ биыл 150 орындық оңалту орталығын пайдалануға беру жоспарланған. Яғни, экономикалық көрсеткіштерге қарасақ, Сыздықбековтің кезеңін сәтсіз деу қиын.

Дегенмен...

Сыздықбековтің үш жылдық кезеңіндегі ең әлсіз тұстардың бірі – жарияланған ірі жобалардың мерзімінде орындалмауы, созбалаңға салынуы. Президент тапсырмасына сәйкес Шымкентте опера және балет театрының ғимараты салынатыны айтылған болатын. Бұл – Шымкент үшін символдық мәні бар жоба. Халқы миллионнан асқан мегаполистің жеке опера және балет театры болуы – қаланың мәдени деңгейін көрсететін мәселе. Алайда үш жыл өтсе де бұл жобаның нақты жүзеге асқан нәтижесі көрінбейді.

Бұдан да көп талқыланып жүрген мәселе – жаңа стадион. 2024 жылы Қазақстандағы 35 мың адамға арналған ең үлкен стадиондардың бірінің құрылысы басталатыны жарияланды. Нысанның іргетасына қазық қағылды. Жоспар бойынша нысан биыл пайдалануға берілуі керек еді. Алайда бүгінде стадионда құрылыстың қарқыны бәсең. Бұл туралы мәселе ақпарат құралдарында бірнеше мәрте көтерілді. Соңғы мәліметтерге қарағанда, стадионның құрылысын аяқтау мерзімі тағы екі жылға шегерілген. Бірақ Қызылорда қаласында осы екі жылда Нәлібаев 11 мың адамға лайықталған «Қайсар арена» стадионын сәтті іске асырып, былтыр пайдалануға берді емес пе? Бұдан не байқауға болады?  

Осы жерде Сыздықбековтің кадр саясаты туралы бірер сөз айта кетейік. Кейбір басқарманың басшылығына бұл салаға қатысы жоқ мамандардың тағайындалғаны туралы әңгімелер көп айтылады. Осы үш жылда кадрлық сапырылыс жасалмаса да, Әйтеновтің кезінен қалған лауазымды креслода отырған шенеуніктердің барлығы дерлік жаңарды. Былтыр ақпанда қала әкімінің орынбасары болған Руслан Берденов жұмысқа бар ынта-шынтасымен кіріскенімен, сәуірде оны қарамағындағы қызметкері отты қарумен ауыр жаралады. Осыдан кейін Берденовтің Шымкенттегі карьерасы шорт кесілді.

Жалпы алғанда Ғабит Сыздықбековтің Шымкенттегі үш жылын бір жақты  бағалау қиын. Бірақ жалпы халықтың ол туралы пікірінің жаман еместігін баса айту керек. Үш жылда Шымкентте бірқатар жобалар іске асырылды. Бірқатары іске асып жатыр. Оны аяқтау Сыздықбековтің еншісіне тие ме, әлде басқа әкімнің еншісіне бұйыра ма, оны уақыт көрсете жатар.

Ал сіз Сыздықбековтің үш жылына қандай баға берген болар едіңіз?

«Рейтинг» газеті, 9 қыркүйек 2026 жыл.

 


Көшпенділер ойындарында Қазақстан бірінші орын алды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу