Соңынан дау ерген Жамалов. Мәселе көтермейтін Рожин. Кім, қандай еңбегі үшін депутат болды?

Oinet.kz 02-09-2026

 Screenshot_6.png

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғашқы бір палаталы Парламент-Құрылтайдың бірінші шақырылымын толық құрып біттік. Құрылтайдың құрамындағы 145 депутатты жасақтадық. Өткен аптаның соңында Парламенттің тізгінін ұстайтын төрағаны бекіттік. Апта басында Үкімет жетекшісі мен Вице-президент тағайындалды. Осыменен көптен күткен, көпшілікті күпті еткен саяси реформалардың ең қызықты кезеңі түгесілді.

Енді өткен–кеткен оқиғаларды ой сүзгісінен өтізіп, баға беру ғана қалды.  «Аманаттан» «Әділдетке» дейін. Мәжілістен Құрылтайға дейін...    Әсіресе, Құрылтай сайлауы туралы қазір ел арасында әңгіме көп.  Аты да, заты да толықтай өзгерген заң шығарушы органға сайлау партиялық тізім бойынша өткені белгілі. Бұл сайлаушының, әсіресе өңірлердің мүддесіне қаншалықты сай келді?  Бұл тақырыпты қозғап отырған себебіміз--Түркістан облысы мен Шымкент – халық саны көп, саяси салмағы жоғары өңірлер саналады. Бұл аймақтан Құрылтайға кімдер өтті, кімдер өтпеді? Бәріне рет-ретімен тоқталамыз.

Саяси партиялардың ақырғы тізіміне көз салғанда ә дегеннен «Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалының  тұңғыш төрағасы болған Нұрлан Толыбаев көзге түсті. Толыбаевтың төрағалығы екі айға да жеткен жоқ. Жалпы бұған дейін көпшілікке аты-жөні аса таныс бола қоймаған азамат еңбек жолында вице-премьер-министрдің кеңесшісі лауазымын атқарған екен. Соңғы жылдары Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі болған. Бірақ жұртшылық Толыбаевтың саяси қызметінен гөрі оның бір кездері Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының бірнеше шақырылымына депутат болған, белгілі кәсіпкер Рәшкүл Оспанәлиеваның ұлы ретінде көбірек таныды десек қателеспеуіміз мүмкін. Толыбаев «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы ретінде сайлауалды ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмыстарының бел ортасында жүрді.  Құрылтайға кандидаттардың тізіміне енді. Ақырғы тізімнен де тыс қалған жоқ. Бұдан Толыбаевтың саяси салмағы жоғары, сайлаушысы көп өңір-- Түркістан облысына арнайы  миссиямен жіберілгенін және оның бұл міндетті ойдағыдай атқарып шыққанын байқауға болады. Сөз жоқ, Толыбаев  саяси карьерасында айтарлықтай секіріс жасады. Енді оның орнына «Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалына кім жетекшілік етеді? Бұл өз алдына бөлек тақырып.

 Оңтүстіктен Құрылтайға өткен тағы бір азамат – Нұрлан Бекназаров. Саяси карьерасы тұрғысынан Бекназаровты жолы болғыш азамат десек, артық айтқандық емес шығар. Бұл оның білімі мен біліктілігінің нәтижесі шығар, соған қоса  билікпен тіл табыса білетін, жұрттың бәріне ыңғайлы тұлға екендігі де түсінікті. Бұл да өз алдына бөлек әңгіме.

Бекназаровтың негізгі мамандығы – инженер-құрылысшы. Сонымен қатар экономика және құқық мамандықтары бойынша да дипломы бар. Еңбек жолын Шымкенттегі Орталық стадионда инженер болып бастаған. Тоқсаныншы жылдардың соңында, отыздан енді асқан шағында Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болды. Кейін мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болған (екі шақырылымда). 2011 жылы мәслихат хатшысы болып сайланып, бұл қызметті үш шақырылым бойы атқарған. 2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін Бекназаров Сенат депутаты болып сайланды. Ол бұл мандатты екі шақырылым бойы иеленді. Бекназаров Сенатта конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдарымен жұмыс жөніндегі комитетке төрағалық етті. Енді міне, депутаттық салаға ширек ғасырдан астам еңбегінің ескеріліп, Бекназаров жаңадан құрылған Құрылтай төрағасының орынбасары лауазымына бекітілді.  Бекназаров бұл жолы да Парламенттен жоғары лауазым алды. Іске сәт дейміз!  

Жалпы, Оңтүстікте мәслихат басқарған азаматтың одан әрі Мәжіліс пен Сенат төрінен көріну үрдісі бұрыннан бар. Оңтүстіктегі алдыңғы буын Орынбай Рахманбердиев, Шалатай Мырзахметов, Құдайберген Ержан, Қайрат Балабиев  жүріп өткен жолдар осының айғағы. Құрылтайға өткендердің арасында Бахадүр Нарымбетов  осы дәстүрді ары қарай жалғады. Ол Оңтүстіктегі мықты идеологтардың бірі саналады. Облыстық ішкі саясат басқармасын басқарған, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған. Соңғы жылдары Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы қызметін атқарды. Сайлау науқаны қарсаңында «Аманат» партиясынан «Әділетке» ауысып, төрағалық қызметті жаңа басшылыққа тапсырды. Мәслихат төрағалығын тәрк еткен Нарымбетовтың Құрылтай мандатына ие болуы  күтпеген жағдай емес, әрине.  Десек те, Нарымбетовтың дәл қазір нағыз бабында тұрған кадр екені рас. Парламент төрінде тек Шымкенттің ғана шаруасын емес, жалпы елдің мәселелерді көтере алатын осындай тұлғалар көп болуы керек.

Құрылтайға өткен оңтүстіктік депутаттардың қатарында Бауыржан Жамалов та бар. Оның есімі бұған дейін де саясат сахнасында аталған. Жансейіт Түймебаев облыс әкімі болған кезеңде оның орынбасары лауазымын атқарды. Қайбір жылдары Жамаловтың аты-жөні Мәжіліске «Нұр Отан» партиясының атынан ұсынылған кандидаттардың қатарында да аталған. Бірақ сол жолы депутат атана алмаған Жамаловқа мандат араға бірнеше жыл салып барып бұйырды. Игіліктің ерте кеші жоқ. Бірақ «Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде жазғанымыздай, соңғы жылдары Жамаловтың кәсіпкерлік саласындағы қызметі көбірек назар аудартады. Кезінде мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен ашылған AZALA Textile кәсіпорнының айналасындағы әлеуметтік мәселелер ақпарат құралдарында бірнеше рет көтерілді. Осы жарияланымдарға қарағанда, 2025 жылы кәсіпорынның миллиардтаған теңге қарызына қатысты проблема туындаған. Кейін өндірістің тоқтауы, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналарына қатысты даулы мәселелер де айтылды. Ал 2026 жылы кәсіпорынның оңалту рәсіміне енгізілгені туралы ақпарат тарады. Ашық деректерде Бауыржан Жамалов осы кәсіпорынның басшысы ретінде көрсетіледі.

Осылайша, соңынан осындай дау-дамайлар еріп жүрген Жамаловтың Құрылтайға келудегі негізгі мақсаты қандай деген заңды сұрақ туындайды. Кәсіпкер ретінде өзі көрген түйткілдерді шешу ме, бизнеске жасалатын кедергілерді азайту ма, әлде бұдан да ауқымды саяси мақсаттары бар ма?

«Әділет» партиясының тізіміндегі тағы бір назар аударарлық есім – Максим Рожин. Ол бұған дейін «Аманат» партиясының партиялық тізімі бойынша Мәжіліс депутаты болған. Жұртшылыққа қазақ тілін жетік меңгерген журналист әрі тележүргізуші ретінде жақсы таныс. Түркістан облысының Арыс қаласынан шыққан түлек.  Соңғы жылдары «Қазақ тілі» халықаралық ұйымында басшылық қызмет атқарып, Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде мемлекеттік тіл мәселесін көтерді. Алайда оның Мәжілістегі үш жарым жылдық қызметі көпшіліктің жадында айрықша із қалдырды деу қиын. Мәжілістің ресми мәліметтеріне қарағанда, оның жеке бастамасымен жасалған депутаттық сауалдар жоқ деуге де болады, негізінен әріптестерінің бастамаларына ғана қосылған. Парламенттің жаңа кезеңінде Рожин өзін белсендірек көрсетіп, қоғамның көкейіндегі мәселелерді батыл көтере ала ма? Уақыттың төрелігін күтіп көрейік.

Мандат алғандардың тізіміне Нұрсадық Ергешбек те кірді. Ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, соңғы жылдары Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Коммуналдық салада тәжірибесі мол маман ретінде белгілі. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев та Парламенттің депутаты атанды. Білуімізше, ол «Әділет» партиясының сайлау алды науқанына мүлдем араласқан жоқ.  Бұған дейін әділет органдарында еңбек еткен, мамандығы заңгер бола тұра, қала әкімінің орынбасары ретінде коммуналдық салаға бақылау жасау жүктелгенімен «көтере алмас шоқпарды беліне байлағаны»  «Рейтинг» газетінде ауыр сыналған  Беркімбаевтың Шымкент әкімдігіндегі жұмысы бір жылға да жетпеді. Сонда Беркімбаев елордадан Шымкентке Парламенттің мандатын алу үшін келген бе? 

Тізімде шымкенттік кәсіпкер Айжан Найымбекова, белгілі шахматшы, соңғы жылдары елордада  бірқатар қызметтерді атқарған Гүлісхан Нахбаева да бар.

 «Республика» партиясынан Құрылтайға Бекжан Айтқұлов та өтті. Ол партияның облыстық филиалының жетекшілік еткен. Кәсіпкер әрі бұған дейін Түркістан облыстық мәслихатының екі дүркін депутаты болған. Айтқұловтың кандидатурасы қай жағынан алып қарасаңыз да жаңа Қазақстанның талаптарына сай келеді. Жас, іскер, халықпен жұмыс істеу тәжірибесі бар азамат.  Айтқұлов жаңа Парламентте өзін жаңа тұлға ретінде көрсете алады деген сенім мол.

Ал енді Құрылтайға «Ауыл», «Ақ жол», «ЖСДП»  секілді партиялардан Түркістан облысы мен Шымкенттен бірде-бір депутаттың өтпеуі  ойланатын жағдай. Халықтың кемінде 15 пайызын құрайтын алып өңірден бірде-бір өкілдің өтпеуі нені білдіреді? Бұл партияның әлсіздігі ме әлде партиялық тізім жүйесінің әлсіздігі ме?  «Әділет» партиясы 110 мандат алғанымен, Шымкент пен Түркістан облысынан іріктелген депутаттардың саны халық саны мол өңірден екендігіне қарай бұдан да көп болуы керек еді. Жалпы партиялық тізімде өңірлік өкілдік пен халық саны қаншалықты ескерілді? Жоқ әлде бұл жерде сан маңызды ма, сапа маңызды ма? Сіз қалай ойлайсыз, мәртебелі оқырман?

 

«Рейтинг» газеті, 2 қыркүйек 2026 жыл.


Олжас Бектенов—Премьер-министр лауазымына қайта тағайындалды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу