Олжас Бектенов—Премьер-министр лауазымына қайта тағайындалды

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Олжас Бектеновті Премьер-министр лауазымына тағайындау туралы ұсынысын қолдады.
Жалпы отырысқа қатысқан 144 депутаттың 137-сі Олжас Абайұлы Бектеновтің Үкімет басшысы болуына келісім берген.
Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша үздік бітірген.
Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасында бастаған. Кейін Премьер-министр Кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде және Әділет министрлігінде жауапты қызметтер атқарды.
2012-2014 жылдары қаржы полициясының орталық аппаратында департамент басқарды. Одан кейін Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, Президент Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2016-2018 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Астана қаласы бойынша департаментін басқарды, Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды. 2018-2022 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2022-2023 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды. 2023-2024 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігін басқарды.
2024 жылғы ақпанда Олжас Бектеновті Премьер-министр лауазымына тағайындауға сол кездегі Мәжіліс депутаттары келісім берген болатын. Енді араға екі жыл салып, ол Үкімет басшысы қызметіне Құрылтайдың қолдауымен қайта кірісіп отыр.
Олжас Бектенов ІІ дәрежелі «Айбын» және «Даңқ» ордендерімен наградталған.


