Шымкентте 405 мың оқушы үшін жаңа оқу жылы басталды
Шымкентте жаңа оқу жылында мектеп партасына 405 мыңға жуық оқушы отырды. Оның шамамен 29 мыңы – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер. Білім күніне арналған негізгі салтанатты жиын Теріскей шағынауданындағы жаңартылған №46 мектеп-лицейде өтіп, оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Биылғы 1 қыркүйек «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды. Бұл бағыт жаңа оқу жылындағы тәрбие жұмысының мазмұнымен де сабақтасты. Мерекелік жиын Мемлекеттік Туды көтеріп, Әнұранды орындаудан басталып, ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылына сәттілік тілеумен жалғасты.
Салтанатты жиында қала әкімі білім сапасын арттыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеру, сондай-ақ балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Қазіргі білім беру үдерісінде оқушының тек пәндік білімін жетілдірумен қатар, оның заманауи технологияларды тиімді пайдалана білуі, өздігінен ізденуі мен жауапкершілігін қалыптастыруға да басымдық берілуде.

Қалада осы мақсаттарға сай білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасып келеді. Соңғы екі жылда Шымкентте 13 жаңа мектеп салынды. Биыл 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 6 мектепке қосымша ғимараттар салынды. Мұндай жұмыстар мектептердегі оқу жағдайын жақсартуға, оқушы саны артқан аудандардағы білім беру орындарына түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Білім күні өткен №46 мектеп-лицей де жаңарған білім нысандарының қатарында. Биыл мектепке 478 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Жөндеу барысында ғимараттың қасбеті, шатыры, спорт залы мен жертөле бөлігі толық жаңартылды. Екі ауысымда білім алатын мектепте бүгінде шамамен 2 700 оқушы бар. Биыл бірінші сыныпқа 218 бала қабылданып, олар үшін мектеп өмірінің жаңа кезеңі басталды.
Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде оқушыларды қарсы алу шаралары да тәрбиелік мазмұнмен ұштастырылды. Білім күні аясындағы іс-шаралар тәрбие мен ұлттық құндылықтарға басымдық бере отырып, артық шығынсыз ұйымдастырылды. Бұл ретте мерекенің мәнін сыртқы сән-салтанаттан гөрі балаға білім мен тәрбие беруге бағыттау көзделді.
Салтанатты жиындардан кейін оқушылар үшін Конституция құндылықтары мен жалпыұлттық жобаларға арналған бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Сабақ барысында елдің басты құжатының маңызы, азаматтық жауапкершілік, отансүйгіштік және қоғам алдындағы міндеттер туралы түсініктер кеңейтілді. Осылайша Шымкент мектептерінде жаңа оқу жылы білім алуға ғана емес, жас ұрпақтың бойына елдік құндылықтарды сіңіруге бағытталған мазмұнды бастамалармен басталды.


