Тоқаев: «Қазақстан антиядролық қозғалыстың жаһандық көшбасысына айналды»

Oinet.kz 29-08-2019 1398

eb1fe3bebb2b3e208394c584c564d7c2.jpg

Назарбаев орталығында ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының лауреаттары марапатталды деп хабарлайды Baq.kz 

Іс-шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр.

Мемлекет басшысы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде ядросыз әлем қалыптастыру жолында жұмыс жалғаса беретінін айтты.

«Бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Биыл Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және МАГАТЭ-ге қосылғанына 25 жыл толды. Сондай-ақ, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың күшіне енгеніне 10 жыл болды. Біздің басқосуымыз осындай маңызды оқиғалармен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан қару-жарақ арсеналы жағынан әлемдегі төртінші ел саналғанын білесіздер. Қазір біз ядролық мемлекеттер қатарынан әлемдік антиядролық қозғалыстың жаһандық көшбасшысына айналдық. Бұл Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асты. Осы мақсатқа жету жолы күрделі болды. Біздің халқымыз жанталаса қарулану мен әскери сынақтардың зардаптары қандай болатынын жақсы біледі. Өйткені Кеңес одағындағы ядролық сынақтардың үштен екісі елімізде жасалып келді. Қазақстан ядросыз әлемге қарай нық қадам басуға жол ашқан. Көптеген бастаманы көтерді, әлі де осы салада жұмысын жалғастырып келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Атап өтсек, марапаттау рәсімі Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне және Семей ядролық полигонының жабылу күніне орайластырылған. Бұған қоса, 2019 жылы Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына 30 жыл және 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн деп жариялау туралы БҰҰ қарарының қабылданғанына 10 жыл толады. 

2016 жылғы 10 қазанда тағайындалған ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен екі жылда бір рет табысталады. 

Сыйлық 2016 жылдың сәуірінде Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік саммитінде ұсынылған «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесі мәнмәтінінде құрылды. Бұл жаһандық бейбітшілікті орнатып, жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартып, орнықты әлемдік тәртіпті нығайтудағы Қазақстанның көшбасшылығын растайды. 

Сыйлықты тағайындау мақсаты – саяси және қоғамдық жетекшілер мен ұйымдардың ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудегі және әлемдік қақтығыстарды шешудегі еңбегін мойындау. 

2016 жылы бірінші сыйлық иегері Иордания королі Абдалла ІІ болды. Ол сыйлықты Таяу Шығыста жаппай қырып-жоятын қарудан азат аймақ құруға және 1,5 миллионннан астам сириялық босқындарды қабылдауға қолдау көрсеткені үшін алды.

Салтанатты рәсімге лауреаттар мен олардың өкілдері, Сыйлықтар жөніндегі комитет мүшелері, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдері, Ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі кең ауқымды келісімшарт ұйымының дайындық комиссиясының жауапты хатшысы, Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары, Парламент депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, республикалық мәдени және жастар ұйымдарының басшылары қатысуда. 

Іс-шараны ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қоры Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығына екі азамат ие болды. 

Головкин: «Мен Ресейдің емес, Қазақстанның тумасымын!»
Мәжіліс депутаты Гүлнар Иксанова отставкаға кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу