«Байдың балалары» жарап тұр

Oinet.kz 19-02-2019 1463

Халықты күлдіру тау басына жүк арқалап шыққанмен тең. Осындай ауыр жүкті арқалаушылардың қатарына КВН ойыншыларын жатқызуға болады. Жалпы қазақ тілді КВН елімізде тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басында құрылып, дами бастады. Қысқа әзілдерімен астарлы ой жеткізуге тырысқан әзілкештердің бұл ойыны жастардың арасында үлкен қызығушылық, резонанс тудырды. Әр өңірде, әр оқу орнында осындай талантты жастар бас қосып, түрлі командалар дүниеге келді. 

Screenshot_3.jpg

КВН десе әрине, бірінші кезекте ойыңызға сахнада жымиып тұрған сары бала Есен Елеукеннің түсені анық. Өйткені ол Қазақстанда осы  жастардың сатира жанрындағы «театрдың» алғаш кірпішін қалағандардың бірі. Сондай-ақ, қазақ  КВН-ның негізін салушылдардың бірі – Баймұрза Зұлпыхарды да атап өтпеу мүмкін емес. Ол Шымкент қаласындағы белді де беделді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде алғашқы КВН командаларының басын құрап, талай шәкірт тәрбиеледі. ОҚМУ-дың КТК тарихы Б.Зұлпыхардың жетекшілігімен құрылған  «Оңтүстіктің серілері» командасынан бастау алды. Көңілді команда 2001-2002 жылдары екі дүркін Қазақстан КВН одағының Жоғары Лига ойындарының чемпионы атағын жеңіп алды және көптеген түрлі сайыстарда жеңістерге жетіп, Оңтүстіктің намысын қорғады. Кейіннен  «Шуылдақтар» командасы көпшіліктің көңілінен шыға білді. 

Оның ізінен ерген «ТехАС» командасының әзілдерін, (әсіресе, «Әбіләкім» интермедиясын) халық әлі күнге дейін езу тартып айтып жүр. ОҚМУ-дың атын шығарған тағы бір «Шымқала» командасы да жоғаы Лиганың чемпионы, Халықаралық орыс тілінде өтетін  КВН сайыстарының чемпионы, 2009 жылы Республикалық жоғары Лиганың вице-чемпиондары атанды. Команда құрамындағы Нұркен Иманқұлов, Дәурен Әміреев, Дәурен Мәдиев секілді ойыншылардың шымши сөйлеген сөздерінен қарсыластары аяқ тартынатындай дәрежеге жетті.   

2010 жылы негізі қаланған «Корпус В» командасы да толағай табыстарға қол жетізді. Атап айтқанда Алматы қаласындағы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жәсөспірімдер театрында Қазақстан КВН одағының ұйымдастыруымен өткен республикалық премьер лиганың жартылай финалдық сайысына қатысып, бірінші орынды олжалап қайтты. Жеңіс мұнымен тоқтамай, республикалық «Жайдарман» ойындары орталық лигасының 1/2 жартылай финалдық сайысында 1-орын алса, қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған Шымкент қаласы әкімінің жүлдесіне арналған республикалық КВН ойындарының фестивалінде «қала әкімінің кубогына» ие болды. 

Сондай-ақ, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Хабар» агенттігінің кубогында жақсы өнер көрсетіп, халық ықыласына бөленді.  Қоржынында осындай  табысы бар әзілкештер Алматы қаласында өткен республикалық премьер лига чемпионатының ақтық мәре сайысына да қатысты. Республиканың түкпір-түкпірінен 38 команда додаға түсті. Ақтық мәреге суырылып шыққан жеті команданың ішінде Оңтүстік өңірінің атынан барған М.Әуезов атындағы ОҚМУ құрамасының «Корпус В» командасы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, «чемпион-2011» атағына ие болды.   

Қазір ғылым мен білім, спорт саласында алда келе жатқан университетте студенттер арасында қызығушылық тудырған шығармашылық бағыттардың бірі «Қоғамдық кәсіптер» факультетінде  «көңілді тапқырлар клубы» үйірмесі жұмыс істеуде. Дәл осы үйірмедегі ұстаздар тәрбиесінің  нәтижесінде бүгінде елімізге танымал сатира жанрының саңлақтары шықты. Олар осы өнердің қазанында әбден пісіп-жетіліп, қанаттары қатайып, бүгінде өнерден өз орындарын тапты.  Мәселен «Нысана» театрының белді мүшелері Дәнекер Оразбай, Абай Аязбаев, Нұрбол Айтулов, Жарас Ахметовты айтуға болады.   

Білім ордасының атын  спорттан кем танытпайтын КТК ойыншыларына білікті басышы, техника ғылымдарының докторы Жұмахан Мырхалықов барынша қолдау көрсетіп келеді. Университеттің жаңа «Байдың балалары» командасы қазір наурыз айының 29-30-31 күндері аралығында Астана қаласында өтетін Премьер лига ойындарына қызу дайындық үстінде. Ендеше, командаға алдағы ойында сәттілік тілейміз.

Нұрым Досболов, ОҚМУ-дың «Көңілді тапқырлар клубы» үйірмесінің жетекшісі:

Қазіргі КВН-ның талабы қатал

Жалпы ОҚМУ-дың  10 жылдық КВН тарихында нашар командалар шықпаған. Мен 2008 жылы аталмыш отқу орнына түскеннен кейін ұстазым Зұлпыхар Баймұрзадан тәрбие алып, «Корпус В» командасында өнер көрсетіп жүрдім. Ұжыммен бірге талай жеңістің дәмін таттық. Оқуымды тәмамдаған соң осындағы басшылар мені жұмысқа шақырып, үйірмеге жетекші болдым. Тәжірибесі мол ағалармен ақылдаса келе жаңа «Байдың балалары» атты команданы жасақтадым. Қазір құрамда бірінші, екінші курстың жас жігіттері бар. Соларды үлкен сахнаға дайындап жатырмын.  Команданың атауына байланысты алғашқы кезде сын айтқандар кездесті. Бірақ бұл атауды өзгертетін ойымыз жоқ. Себебі «Байдың балалары» бізге сәттілік әкеледі деген сенімдемін. Кеменің аты қандай болса, солай жүзеді деген сенім бар ғой, сол секілді бастысы нәтиже деп ойлаймын. Оқу орнымыздың басшысы Жұмахан Үшкемпірұлы бізден көмегін аянып қалған емес. Әр жарыста бізге сәттілік айтып, тілеуімізді тілеп отырады. Қаражат басқа да қажеттілік жағынан қысылған емеспіз. Осы күнге дейін өнер көрсетіп, жоғары жетістіктерге жеткен командалардың барлығы осы университеттің көрсетіп отырған қамқорлығының арқасы деуге болады. Қазір Астана қаласында өтетін премьер лига ойындарына дайындалып жатырмыз. Құрамда үлкен сахнаға шықпаған  жас өнерпаздар болса да ОҚМУ-дың атын асқақтатуға тырысамыз.

Көпішілік басқа театрларға қарағанда КВН-де өнер көрсету әлдеқайда оңай деп есептейді. Олай емес. КВН ойынында тапқырлық, еңбек, талант қажет. Әзілді, сценариидің барлығын өзіміз жазамыз. Бір минутта бірнеше образға еніп, жұртты күлдіру үлкен өнер деп санаймын. Оның үстіне қазіргі ойындарға талап қатал. Бұрынғыдай көрші Ресейдің немес басқа елдердің әзілдерін көшіруге рұқсат жоқ, әр команданың әзілдерін сахнаға шығармас бұрын бес, алты редакторлар тексеріп, сүзгіден өтікізіп шығады. Және бүгінде бәсекелестер көп. Мәселен бір ғана Шымкент қаласынынң өзінде 40-қа жуық командалар бар. Бүкіл республикадағы командалардың арасынан суырылып шығу нағыз еңбек, нағыз жеңіс.           

Мәди Төреқұлов, «Нысана» театрының әртісі:

«Студенттік кезеңді сағынамын»

Мен өнер көрстекен «ТехАС» КВН командасынан кейін түлеп ұшқан университетімнің атынан шыққан  «Шымқала», «Корпус В» командаларын білемін. Олардың ойындарын жібермеуге тыратынмын. Сол студенттік кезеңдерді, алғашқы жеңістерімізді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Қанша дегенмен, дарынымызды шыңдап, әртістік қабілетімізді ашқан сол  ОҚМУ ғой.  «Нысана» театрының есімін қойған осындағы ұстазымыз, бұрынғы проректор Сәдібек Қалмақаұлы еді. Ұшқан ұяма жиі келіп тұрамын. Ректор Жұмахан Үшкемпірұлы университеттің акт залында дайындалуға рұқсатын беріп тұрады. Жақында өтетін концертімізге де дайындықты осында өткіздік. Оқу орнын бітіріп кетсем де ОҚМУ-дың қамқорлығын әлі сезініп келемін. 

Нұрбол Айтулов, «Нысана» театрының әртісі:

«ОҚМУ түлектерін ұмытпайды»

Университетте оқып жүргенде КВН ойнауға барымды салдым. Бұрынғы ректор Уәлихан Қозыкеұлының жалпы студенттерге деген қамқорлығы ерекше еді. Команданы ешқандай жарыстан қалдырған емес. Жеңсе те, жеңілсек те ақ батасын берді. Оның бізге, командаға көрсеткен жақсылығын ешбір басшы көрсете алмады десем артық айтқаным емес. Сондай демеудің арқасында біздің «жұлдызымыз» жанды.  Университеттің 70 жылдық мерейтойында қазіргі ректор, іскер басшы Жұмахан Үшкемпірұлы бүгінде әр саланың шыңына жеткен  біздің мақтан тұтар түлектеріміз деп  құрметпен шақырды. Ол мерейтойда менде болдым. Жігіттер квартетінен бастап, өзге да түлектерге медаль тақты. ОҚМУ бізбен мақтанса, біз ОҚМУ-мен мақтанамыз.

Артымыздан ерген ойыншылар кейде ақыл сұрап жатады. Олардың бетін қаққан емеспін, сахнада өзін-өзі ұстау, актерлік шеберліктерін  арттыруға аздап ат салыстым. Шыны керек біз ойнаған жылдары КВН-ның кем-кетік тұстары болды. Лигалар теледидарға шыға бермейтін. Тек көшедегі қағазға ілінген жарнамадағы «ТехАС», «ОҚМУ» деген жазуларды көріп қуанып қаламыз. Дегенмен біздің өз көрермендеріміз болды. Ал қазіргі КВН-ның дәрежесі әлдеқайда жоғары, әлдеқайда мықтырақ. Барлық ойындар жоғары деңгейде өтеді және міндетті түрде экранға шығады.   

Өзбекәлі Жәнібековтың өнегесі
Алтынай Байтоқанова. Алаштың Алтынайы еді...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу