Намаз Ізімбергенұлы: «Дәрігерлік - жаныңды жадыратар ғажабы да мол ұлы мамандық»

Oinet.kz 22-12-2017 1045

Бұл кісіні еліміздің оташы-дәрігерлері «отандық хирургияның ардагер атасының бірі» деп біледі. Денсаулық сақтау саласында жарты ғасыр еңбек етіп, әріптестерін мойындатып, еліміздің белгілі тұлғасына айналу әркімнің басына қона беретін бақыт құсы емес. Тәуба, біз әңгіме етпек болып отырған азамат Ақтөбедегі  Батыс Қазақстан мемлекеттік М.Оспанов атындағы медицина институтының хирургия кафедрасының профессоры, еліміздің Ұлттық ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның медицина академиясының мүшесі, денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, жоғары санатты хирург, тәжіріибелі де ұлағатты ұстаз Намаз Ізімбергенұлы көпшілікті мойындатқан, сый-құрметке бөленген сондай белгілі азамат.

Screenshot_16.jpg

Адамның еңбек пен тұрмыс жағдайын жақсарта беру, оның өмірін ұзартып, аурулардың алдын алу - бүгінгі күндердің басты мақсаттарының бірі болып табылады. Денсаулық күзетінде мыңдаған дәрігерлер мен медбикелер, фельдшерлер мен акушеркалар тұр. Олар күнді түнге, түнді күнге алмастырып ауруханаларда, емханаларда, жедел жәрдем станцияларында, медпунктерде еңбек етуде. Олардың басым көпшілігі білімділігімен, біліктілігімен көптің сый-құрметіне бөленіп жүрген абзал жандар. Күнделікті іс-шараларын ғылымен байланыстырып, отандық медицинаны әлемге жаңа қырынан танытып жүрген ғалым-дәрігерлер арамызда баршылық.  Соның бірі еліміздің Батыс өңірінің хирургтарының ұстазы, белгілі ғалым-профессор Намаз Ізімбергенұлы Ізімбергенов.

Осы ағамен әр кездескен сайын ерекше күйде боламын. Оның терең білімділігі, ой-санасының кеңділігі, қазіргі өмір мен мына дүниеде болып жатқан өзгерістерге деген ой-пікірі мен азаматтық көзқарасы, болып жатқан өмірдегі өзгерістерді пайымдауы және де басқа өзіне тән асыл қасиеттері кімді болмасын тәнті етеді. Осындай зиялы жақсы ағалармен дидарласып, ой бөлісудің өзі бір ғанибет дүние.

Бір кездескенімізде Намаз аға «әр қоғамның әлеуметтік жағдайы, экономикалық дамуы оның  тұрғындарының денсаулығымен, өмір ұзақтылығымен бағаланады. Денсаулық - адам өміріндегі ең жоғары, бағалы, қымбат дүние. Сондықтан болар: «Басты байлық - денсаулық» деп халық орынды,тауып айтқан. Өмірдің бақыты мен қуанышы, шаттығы мен қызығы денсаулыққа байланысты. Адам бақыты - денсаулығының мықтылығында. Дені сау адамның көңілі көтеріңкі, өзін бақытты сезінеді.

М.Я.Мудров өзінің бір еңбегінде: «...ауру дегенді емдейтін жан дәрісі де бар. Олар даналық, ақыл ғылымынан және психологиядан құрастырылып алынады. Бұл өнермен қайғылыны жұбатасың, ашулыны жұмсартасың, шыдамсызды тыныштандырасың, тұйықты - ашық, шыншыл, ұялшақты батыл етесің. Бұл өнермен ауруларға беріктілік рух беріледі. Ондай рух тәннің ауырғанын, қамығуды, қиял-арманды жеңеді, ауру адамның еркіне, жігеріне өзінің сырқатын бағындырғызады». Міне, көріп отырсыз, дәрігер мен медбикенің аурулардың сауығып, аяғына тұрып кетуіне қандай рөл атқаратынын...

Алдыңызда тұрған науқасқа медициналық көмек көрсетумен қатар, адамгершілік қамқорлықпен қарап, олардың жан дүниесіне, көңіл-күйіне мән берген жөн. Қолдан келгенше мұң-мұқтажына да көмектесіп отыру - сіздің адамдық, емшілік асыл парызыңыз. Ойлап қарасаңыз, бұдан абыройлы да маңызды ештеңе жоқ. Қазақ атамыздың: «Көңіл көңілден су ішеді», немесе «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген қанатты сөздері бекер айтылмаған. Адамның көңілі мөлдір, таза, кіршіксіз шыны тәрізді. Оған құрметпен, сыймен қараған жөн.

Ұлы ғұлама Ибн Сина медицина туралы былай деп ой түйіпті: «Дәрігердің үш қаруы бар. Бірі - пышақ, екіншісі – шөп,  үшіншісі – сөз». Абайсызда, ойланбай айтылған ауыр сөз, дөрекі мінез, орынсыз әзіл-қалжың адамның жүрегін жараласа, жақсы, жағымды, жылы сөз адамды марқайтады, мерейін өсіреді, жанына қуаныш сыйлайды. Бұл айтылған пікірлер менің  ертеректе шығарған «Хирургиядағы деонтология» (Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1994) кітабынан үзінділер. Одан бері де біраз жылдар өтіпті. Уақыт бір жерде тұрмайды, ұрпақ өседі, заман өзгереді, тіпті, талап та басқаша», деп еді ағынан жарылып.

Таяуда бір конферецияда жолыққанымызда, қазір елімізде денсаулық сақтау саласында болып жатқан қазіргі реформалардың пайдалы жағы мен керісінше зиянды жағы да бар екеніні жайлы ой қозғадық. Өмірге сергек қарайтын ағамыздың сонда былай дегені есімде қалыпты: «Бір байқағаным, алған құрметті атағың, ортаң берген баға-даңқ, оның үстіне, өмірлік тәжірибеңмен қабаттаса  келген жасың кімнің болмасын жауапкершілігін арттырып, қосымша салмақ салады екен. Әр айтқан сөзіңді, атқарған ісіңді, жасаған қадамыңды көпшілік бақылып, саралап отырады. Жаман іс жерде жатпайды, ертең «пәленбай академик айтты» деген гу-гу әңгіме тез тарап кетеді. Ол сөз орынды, жақсы жағынан тарап жатса бір бөлек, ал, керісінше, біреудің намысына тиіп, оның еңбегі оңды баға алмай  жатса бір басқа. Сондықтан, мен үшін «Ұлттық Академияның академигі» деген атақ қосымша салмақ салып, жауапкершілікті арттыра түсті, тіпті, бізбір кезде менің негізгі қызметімнен басқа қоғамдық істі, жаупкершілікті жүктеді десем болады. Халық сенім білдіріп отырғаннан кейін солардың сөзін сөйлеп, қуынышы мен ауртпалығын бөлісіп,  жаның солармен бірге болу керек. Қандай бір жетістікке жетіп, биікікке көтерілсек те, атақ-данққа кенелсек те  елден үлкен емес екеніміз әрдайым есте болғаны жөн. Өйткені халық қана саған шын баға бере алады, сенің «кереметтігіңді» мойындайды. Олай болмаса барлығы бекершілік, уақтынша дүние».Ой таразысына салсақ, айтылғанның барлығы шындық. Абыз ағадан артық не айтуға болады бізге?!

Ия, медицина ғылымы басқа салалар сияқты бір жерде тастай болып тоқтап тұрып қалмайды. Жыл сайын диагностикалық және емдік жаңа тәсілдер өмірге тоқтаусыз келіп, жаңа технология енгізілуде. Оларды біліп, үйреніп, тәжірибеге  енгізу барлығымыздың міндетіміз. Кешегі көзқарас, тәсіл өзгеріп, басқаша ем-дом жүргізілуі әбден мүмкін. Сондай кезде «көштен қалмай» кәсіби жаңалықты меңгергеніңіз дұрыс.   Мамандықты жетілдіру курсына бес жылда кем дегенде бір рет барып, біліміңізді толықтырғаныңыз да құптарлық іс.  

«Дәрігер – дипломат бола білуі керек»

Бірде «Намаз аға, отандық дәрігерлер арасында медициналық этика және деонтология мәселесімен көп жылдар бойы араласып, зерттеп, зерделеп, бірнеше  кітап жазып оларды  республикалық баспалардан көп тиражды етіп шығардыңыз. Қазіргі кезде науқас пен дәрігер, дәрігер мен науқас, дәрігерлер мен дәрігерлер арасында қалыптасып келе жатқан норма  мен орын алып отырған жайттарға қалай қарайсыз?», деп сұрадым.

- Сіз медицина қызметкері болғасын жан-жағыңыздағы адамдар, көршілер, таныстарыңыз әртүрлі сұрақпен алдыңызға келуі заңдылық. Барынша оларға дұрыс жауап беріп, түсіндіріп, таным-түсінігін кеңейтуіне жәрдем бергеніңіз құптарлық іс. Сонда жалпы жұрт сіздің білімділігіңізді бағалап, құрметпен қарайтын болады. Әрине, ол үшін сауатты маман болғаныңыз жөн. Білім - өмір теңізінде сізді адастырмайтын, қиындықтан шығаратын сенімді құрал екенін естен шығармаңыз.

Медицинада «Дәрігердің құпиясы» деген сөз бар. Ол деген не? Дәрігердің құпиясы деп, біріншіден, ауру адам жөнінен жиналған құпия деректерді қоғамға әнгімелемеу, екіншіден, дәрігер ауру адамға оның өзінің қолайсыыз, қатерлі сырқатының диагнозын және болжамын және басқа да ауруға керек емес құпияларды білдірмеу керек. Дәрігерлік құпия туралыы алғаш рет «Гипократтың антында» аталған.

Бұл құпиялықты хирургтар мен бірге онымен бірігіп жұмыс істеп, көмектесіп жүрген орта және кіші медициналық қызметкерлер де қатал сақтау қажет. Бұл мәселені күнделік жұмыста қадағалап бақылап, көмекшілерді хирургия бөлімінің меңгерушісі, аға медбике ескертіп, үйретіп отыру қажет. Ауру адаммен, оның жақындарымен, туыстарымен аурудың сырқаты жөнінде тек қан емдеуші дәрігер немесе оның бастығы ғана сөйлескені дұрыс болады.

«Дәрігерлік - сананы сарғайтатын азабы да, жаныңды жадыратар ғажабы да мол ұлы мамандық» - деген екен ертеректе бір ғұлама. Онысы рас. Жақсы, білікті, білімді дәрігер болу жеңіл жұмыс емес. Ол үшін көп еңбектену, талмай іздену, ерекше ыждан, аса ұқыптылық, білімге құштарлық, талпыныс керек. Кей сәттерде уақытпен санаспай өз денсаулығыңды, тіпті, жаныңды да аямайтын кездер болады. Ол еңбегіңді түсінетіндер бар, түсінбейтіндер тағы бар. Дәрігер мен науқас немесе оның жақындары арасындағы жанжал-дау көбінесе дәрігердің  алдына келген кісімен тең дәрежеде сөйлесіп, дерттің барысы жайлы түсіндіріп, дер кезінде қажетті мәлімет бермеуі себеп болып жатады. Өйткені қазіргі дәрігердің уақыты тапшы, қағазбастылық жаулап алды. Соған қарамай, науқаспен, оның жақындарымен сөйлесуге уақыт таба білген жөн. Өйткені барлық жайды олар дәрігердің өз аузынан естігісі келеді. Әрине, дәрігерге біреуді менсінбеу,  өзін  басқалардан жоғары ұстау, кеуде соғу әдеттері мен дөрекілік, көпсөздік, менмендік жараспайды. Сондықтан дәрігер көпшіліктің тілін табатын, қайғысын сейілтетін, үмітін сөндірмейтін білгір дипломат болу керек  десем жаңылыспаймын-, деп жауап берді Намаз аға.

- Қандай да болмасын ғалымның аты оның ғылым саласындағы орнымен, оның дамуына қосқан үлесімен анықталады. Қандай да құнды еңбек болмасын ғылым мен тәжірибенің дамуына байланысты уақыт таразысына түседі, тіпті ескіруі де, бүгінгі жаңалық ертең байырғы пікір, ескірген қағидаға айналуы да мүмкін. Ескірмейтін, осы ғылымның даму тарихында белгілі бір белес болып қалатын нәрсе - ғалымның аталған ғылым саласына қосқан үлесі, оның дамуына еткен әсері, кейінгі ұрпаққа қалдыратын ғылыми шығармашылық қолтаңбасы. Бұлар сол ғылым саласының тарихында мәңгі қалмақ. Тарихсыз ғылым - жетім ғылым. Өткенін білмейтін ұр­пақ бүгінгісін бағалай алмайды, келе­шегін жобалай алмайды. Мұндай ұрпақ болашағы бұл­дыр, өзінің бағасын білмейтін, өзгелердің өнегесіне телміре қарап, жетесіз, жігерсіз өседі. Болашағымызды мұндай бақыт­сыздықтан қорғау­дың жалғыз жолы - өзіміздегі барды баға­лап, болашақтың ке­ре­гіне жа­рай­тын байлығымызды кейінгі ұрпағымызға үйренетін үлгі ету»,  деп еді Намаз аға астаналық дәрігер-академик Райыс Қажыкенұлы Төлебаевтың 75 жылдық мерейтойында.

Қандай орынды, парасатты айтылған ой-пікір! Шынында да бұл күндері ортамыздағы еңбекқор, ізденімпаз, жаңалыққа жаны құмар, өз мамандығының шебері,  бірақ сол еңбегін ел алдына саудаға салмай, өмірде қарапайым жандардың сіңірген еңбегін елеп, барды оңды бағалап жүрміз бе осы біз?  Олардың орнын жағымпаз, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін жылпылдақ, жылтыр, мадақтау мен мақтауды сүйетін, даңғазалық пен бөспесөздікті бойына сіңірген, даңқ пен атаққұмар жандар басып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Адамға атақ-лауазымдардың қай-қайсысы да тек еңбекпен келсе ғана, атақ иесінің адами-зияткерлік дең­гейі сол дәрежелерге сай болса ғана баянды болмақ, халқының мақтанышы, ұлттың ұлағаттық қазынасы, кейінгі ұрпақтарға мұра, ізетті үлгіге айналмақ.  Ойланатын мәселе...

Адам өмірі -  бұл жарық әлемде ең қымбат, еш дүниемен, бағамен өлшенбейтін асыл құнды дүние, ал дәрігердің көмегімен сақталып қалған әрбір адам өмірі - бұл жеңіс. Сондықтан болар, халық дәрігерлерді денсаулық сақшылары деп орынды атайды. Халық денсаулығын сақтау саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, операциялық үстел басында аянбай тер төгіп, талай мазасыз күндер мен түндерді басынан кешірген, сөйтіп, «алтын қолды дәрігер» атанған, азаматтық арын биік ұстаған, білгенін шәкіртеріне үйретуден аянбай, көптеген ғылым кандидаттары мен докторларын, жүздеген практикалық оташы-дәрігерлер дайындаған, сөйтіп өзі еңбек етіп жүрген Батыс өңірінде хирургтар мектебін ұйымдастырған ұстаз-ғалым Намаз Ізімбергенұлы Ізімбергенов ағамызға  зор денсаулық, қажымас күш-қайрат, ойына сергектік, жемісті еңбек, сый-абырой, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Кеннет Әлібек. Атышулы профессордың Америкаға екінші рет қашқаны ма?
Қажымұқанды жеңген қазақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу