Қайрат Құдайберген жастардың өмірінің күл-талқанын шығарған букмекерлерді сынға алды

Oinet.kz 23-12-2020 12981

Белгілі миллионер әрі миллиондаған жазылушылары бар блогер Қайрат Құдайберген өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында өзекті мәселеге қатысты жазба жариялады.

Құмар ойын.jpg

«Бүгінде түрлі интернет-казинолар мен онлайн-букмекер кеңселердің тұзағына іліккен жастардың  қатары артып келеді. Мыңдаған жігіттер мен қыздар – оқушылар мен студенттер «1XBET», «ParіMatch» сияқты ойындарда ұтылып, қарызға белшесінен батуда. Олар бұл жүйеде ұтысқа қол жеткізудің тіпті де мүмкін емесін еш түсінбейді.

Мұндай жайлардың ішінде соңы сұмдық оқиғалармен аяқталып жатқандары да бар. Букмекерлерге қарыз болған бір жас жігіт ақырында асылып өлген. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды. Осындай ойыннан ұтысқа қол жеткіземін деп барынан айырылған бір қыз өз өміріне өзі қол салмақ болған. Ал бір ата-ана ұлының онлайн-казиноға берешек қарызынан құтылу үшін өздерінің өмір бойы тырнақтап жиған ақшасына алған пәтерін сатпақшы… Осындай оқиғалар мыңдап саналады.

Елімізді жарнамасы шектен шыққан агрессивті казино басып кетті. Олардың жарнамасын қыруар ақшаға жанын жалдайтын сатылғыш блогерлер жүргізеді. Өздерінің желідегі парақшасына жазылған адамдардың санына қарай олар ештеңе істемей-ақ бір аптада 500 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін табыс табады. Қайталап айтайын, бір аптада ғана.

Міне, сондықтан да олар әр күнін: «Сәлем, бауырлар!» (егер блогер қыз болса: «Сәлем, менің ардақтыларым!») – деп бастайды. – Мен сіздерге ақшаны қалай тез көбейту керегін айтамын. Онлайн ойынды мен сияқты 3 мың теңгемен бастаңыздар…» – деп сайрайды, өз жазылушыларын осылай алдап-арбай отырып, ары қарай оларға фейк ұтыс түбіртектерін көрсетеді.

Мұндай онлайн-жұлымырлар қазір барлық жерде бар. Олар онлайн-кинотеатрларға, спорт сайттары мен іс-шараларына  да демеушілік жасайды. (Мәдениет және спорт министрлігі қайда қарап отыр?!) Олардың жарнамаларын барлық жерден көруге болады. Әуежайдағы, «карусельдегі» суреттерге, орталық көшелердегі баннерлерге қараңыз. Биылғы күзде мен мұндай жарнаманы Нұр-Сұлтан қаласынан, «Ақордаға» кіре беріс жерден де көрдім. Бұған қалай жол беріліп отыр?

«Ойын бизнесі туралы» Заң бойынша интернет-казино жұмысына тыйым салынған. Сонда олар қалай жұмыс істеп тұр? Өйткені олар Үкіметке де, депутаттарға да кедергі келтірмейді. Оны ешкім де елең қылмайды, оған немкетті қарайды.

Таяуда Парламент сайлауы болады. Мен осы елдің азаматы ретінде Мәжілістің жаңа депутаттарының алдына заңға бүгінде әр аулада дерлік ашылған букмекерлік кеңсе, бинголардың жұмысына тыйым салуға мүмкіндік беретін толықтырулар ендіру мәселесін қоямын. Онлайн-казино жарнамасын жасайтын, спорт ойындарына ұтыс қоятындарды, әсіресе бұл жарнама блогерлер арқылы таратылатын болса, кінәлілерді нақты түрмеге отыру жазасына кесуге дейін мүмкіндік беретін толықтырулар ендіру мәселесін көтеремін».

…Міне, белгілі кәсіпкер азамат осылай дейді. Мұны туыстары ақша тігіп ойнайтын құмар ойындардың жетегінде кеткен мыңдаған адамдардың жанайқайы десе де болатын шығар. 

Танымал 6 әншіге есірткі тасығанын айтқан қыз сотталды
Айнұр Тұрсынбаеваның қайырымдылық қоры көпбалалы әкеге баспана сыйлады (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу