Баланың тілін қалай табуға болады?

Oinet.kz 23-04-2019 1059

image_l (3).jpg

Кез келген адам, соның ішінде бала да қабылдаудың түрлі арнасын қолданады. Бірақ олардың біреуі басымырақ болады. Балада қабылдаудың мұндай ерекшелігі мектепке дейінгі жаста қалыптасады. Баланың дүниетану әлемінің типін және ақпарат қабылдаудың бастама арнасын білу арқылы оның тілін табу, жақсы түсіну, көмектесу және түсіндіру әлдеқайда оңай. Визуал бала көретін ақпаратқа көбірек сенеді. Жаңа ойыншықты және басқа таныс емес заттарды әр жағынан дұрыстап қарап, мұқият зерттейді. Қабылдаудың көру арнасы бар балалар сурет салғанды жақсы көреді, оқуды жылдам үйренеді, ертегіні тыңдағаннан гөрі кітаптағы суреттерге қарағанды ұнатады. Визуал ұлдар кішкентай данышпанды еске түсірсе, визуал қыздар кішкентай кезінен бастап өздерін сәнқой ретінде ұстайды. Визуал бала үшін оның киімі, қалай көрінетіні маңызды. 

Олалар аз қозғалады. Бірақ, ереже бойынша өздерін тік ұстап, алға қарап жүреді. Олар көп сөйлемейді. Егер баласы ешкіммен араласқысы келмесе, ата-анасы оның сөйлесу қабілетін дамытуға күш салу керек болады. Визуал бала болашақ достарын алдымен бақылайды, сосын ғана ортақ ойынға кіріседі. Егер басқа балалардың бір жері ұнамай қалса, бала ұзаққа дейін жалғыз ойнауы мүмкін. Визуал балалар – әрдайым өз мұратын іздейтін болашақ теорияшыл, романтик, эстетиктер. Визуал баланың тілін қалай табу керек? Оның қабылдауына жақын және түсінікті сөздер қолданыңыз: қарашы, көрші, анықтап қара, көресің және т.б. Егер түс, ашықтық, нақтылық, пішін, өлшем, қашықтық, жағдайын суреттейтін сөздер қолдансаңыз, оған қалағаныңызды түсіндіру оңай болады. Оқу тапсырмасынан маңызды жерлерді ашық түсті қарындаштармен айқындап қойыңыз, кесте ретінде сызып беріңіз және сурет салу арқылы түсіндіріңіз. Оған солай жеңіл болады. Егер бала еркелей бастаса немесе тыңдамаса, ең тиімдісі – қандай да бір қимылмен көрсету. Мысалы: басыңызды шайқау немесе саусағыңызбен бұлғау. Аудиал бала бірінші кезекте дыбысқа әсер береді. Ол ерте сөйлеп бастайды, естігенін жеңіл есте сақтайды, бірақ оқуды баяу үйренеді. Аудиал балалар әнге, аудиоертегілерге бей-жай қарамайды. Оқу кезінде оларға шу кедергі келтіреді, толықтай тыныштық керек. Аудиал оқушы үй жұмысын жасағанда ернін жыбырлатып отырады, ал жақсы жаттау үшін сыбырлап қайталайды. Ол көпшіл, бірақ қозғалмалы ойындардан бас тартады. 

Сондықтан ата-анасы олардың физикалық денсаулығы мен белсенді демалуына ерекше мән беру керек. Аудиал балалардан болашақ креативті адамдар мен керемет шешендер шығады. Аудиал баланың тілін қалай табу керек? Есту қабілетіне жақын сөздер қолданыңыз: тыңдашы, құлақ салшы, қалай естіледі және т.б. Ол үшін сөз қарқыны мен ырғағы, дауыс тембірі маңызды. Түрлі дыбыс вариациясын қолдану  арқылы оған ақпаратты жеткізу оңайға түседі. Сыбырлап айтқан ескерту оның зейінін жақсы аудартады. Аудиал балаға жақсылап түсіндіріп, айтып берсеңіз, ол сізді қызығушылықпен тыңдайды. Жылап отырған аудиал баланы анасының немесе басқа жақынының дауысы тез жұбатады. Кинестетик баланың қабылдау арнасында жанасу басымырақ болып келеді. Ол сипағанға, иіске және дәмге мән береді. Кішкентай кинестетиктердің моторикасы жақсы дамыған. Олар ерте жүріп бастайды және өте көп қозғалады. Тамаққа талғампаздау келеді. Балабақшада кинестетик бала белсенді ойындарға бірінші болып қатысады, сондықтан да жарақаттануға жақын. Оның басқа құштарлығы – ойыншықтарды қарау. Осылай болашақ зерттеуші оянады. 

Кинестетик бала бір орында ұзақ отыра алмайды, бір ғана затқа ұзақ зейін қоя алмайды және ол айналасындағы әр нәрсеге кез келген себеппен алаңдай береді. Үй жұмысын жасау кезінде бір орында күштеп отырғызып қоймаңыз, арасында жүгіріп келуіне, қозғалуына мүмкіндік беріңіз. Кинестетик балаға жанасу сезімі маңызды болғандықтан, оны жиі сипаңыз, құшықтаңыз және сүйіңіз. Оған «жарайсың» деп айтқан кезде басынан сипауды ұмытпаңыз. Кинестетик бала ата-анасына, әсіресе, анасына аса жақын болады. Ұзаққа дейін қолдан түспейді немесе ата-анасының алдына келіп отырады. Кинестетик баланың тілін қалай табу керек? Дене арқылы сезінуге жақын сөздерді қолданыңыз: ұстап көр, сез, иіскеші, дәмін көрші және т.б. Ол текстурасына, салмағына, температурасына қатысты сөздерге мән береді. Кинестетиктердің көпшілігі сезімтал болып келеді. Оны асыра мақтау қиын. Бірақ бір күні оны тартатын нәрсеге деген ықыласын кетірсеңіз, одан пассивті адам шығады. Оған ақпаратты түсіндіру кезінде «шулама» деудің орнына «тыныш отыр» деген секілді сөйлеу керек.
Дереккөз: massaget.kz

Сіздің реакцияңыз – сіздің денсаулығыңыз
Махаббат ескірмесін десеңіз...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу