Құндылық көп болса бірлігіміз бекем болады

Oinet.kz 03-04-2023 306

Ұлыстың ұлы күнінің айрықша мерекеленуіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы түрткі болып отыр. Мемлекет басшысы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бұл жөнінде тұщымды ой атады. 

сайт 15 фото.jpg

«...Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деді Президент.

Осыған байланысты ипподром маңындағы этноауылда өткен мерекелік той-думанның ерекше мазмұны Мемлекет басшысының осынау тапсырмасына сай қолға алынған шара болды. Бұл жөнінде шымкенттіктерді Наурыз мерекесімен құттықтауға келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та баяндап өткен еді. 

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мерекесін атап өту тұжырымдамасын түсіндіріп өткен болатын. Осыған орай, мәдениет және спорт министрлігі ұлыстың ұлы күнін тойлау жөнінде жаңа тұжырымдама әзірледі. Тұжырыма негізінде әз-Наурызды барлық аймағы бірдей бір-ақ күн тойламай, «Амал мерекесі», «Тарихқа тағзым» секілді күндермен аталып, 10 күн тойлау ұсынылған болатын. Бүгін біз сол бағдарлама аясында жаңа ипподромда көшпенділердің рухын көтеретін тамаша көріністерге куә болып отырмыз» деді министр.

Жалпы 160-тан астам киіз үй тігілген этноауылда «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Соның аясында көптеген спорттық жарыстар мен мәдени сазды концерттер өтті. Мәселен Наурыз тойында боз кілемге шыққан палуандар күш сынасты. Олар тек өз елімізден ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен де арнайы ат терлетіп келді. Бұдан бөлек садақ ату бәсекесі де тартысқа толы болды. бірінші мәрте жалауы желбіреген садақ атудан І Азия кубогін тамашалауға жұрт көп жиналды. Осының өзі адамдардың ұлттық спорт өнеріне деген қызығушылығы мен жанашырлығын, құрметін көрсетеді. Сондай-ақ Балғынбек Имашев сынды айтыс өнерінің дүлділі қазылық еткен аламан айтыс дүбірледі. Суырып салма ақындықтың қасиетін бойына дарытқан таланттар осы ақындар бәсекесінде бір-бірін сөзбен қағытып әдемі айтысты. 


Жаңа ипподром қала мақтанышы
Жаңа нысандар мегаполис спортын биікке көтереді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу