Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет қамқорлығында

Oinet.kz 31-05-2023 558

Қоғам болғасын оның ішінде адамдар әр түрлі болады. Сырт келбетінен бастап, әлеуметтік дәрежесі де әр қилы. Соған қарамастан барлық адамға құрметпен қарау біріншіден, адамгершілік пен ізгіліктің белгісі, екіншіден, заң алдында бәріміздің  бірдей екенімізді ұғындырады. 

Screenshot_24.jpg

Мемлекет ерекше қажеттілігі бар жандардың өмір сапасын арттыруға, денсаулығын оңалтуға, қоғамда өз орнын тауып, белсенділігін  арттыруға барынша қолдау көрсетуде.  Алайда кей жағдайда мұндай  адамдар  қоғамнан таса қалып немесе өзгелердің төмендетушілік жағдайына ұшырап жатады. Осындай олқылықтарды жою үшін елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдаумен қатар психологиялық көмек көрсететін орталықтар ашылған. Сондай-ақ ел ішінде мүгедек жандарды қоғамға бейімдеу, олармен қарым-қатынас жасаудың, құрметпен көрсетудің  жолдарын үйрететін семинар, жиындар да жиі ұйымдастырылып тұрады. 

Отыз жылдан астам уақыт спорт саласында еңбек етіп жүрген белгілі журналист, спорт комментаторы Диас Ахметшәріп мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет айрықша көңіл бөліп отырғандығын алға тартады. 

«Мүгедектер  үшін Ұлттық олимпиада комитеті жанынан Паралимпиада комитеті құрылған. Қазіргі таңда республикада мұндай  жандарға көптеген жағдай жасалуда.  Соның ішінде олардың спортпен айналысуына еш кедергі жоқ. Өздеріңіз білетіндей мүгедектер арасында көптеген параволейбол, парадзюдо,  басқа да жарыстар өтіп тұрады. Әлемдік деңгейде паралимпиада ойындары да  өтеді.  Сол олимпиадада жеңіске жеткен біздің параспортшылар мемлекет тарапынан үлкен қаржылай сыйлықтар алады. Яғни дені сау спортшылармен  теңестірілген. Орта Азия елдерімен салыстырсақ біздің елде мұндай жандарға қамқорлық жоғары деңгейде көрсетіледі» ,- деген ол мүгедектердің көп жағдайда қандай кедергілерге  тап болатынын тілге тиек етті.  «Менің әкемнің жасы  84-те.  Семей полигоны аумағында  өмір сүрген. Қазір Астанада өзімнің қолымда тұрады. Екінші топтағы мүгедек.  Мұндай жандарға арналған Астанада  көптеген тегін сауықтыру орындары  бар екен. Қанша жыл Елордада тұрып мен осыны білмеппін.  Себебі  неге екенін білмеймін халықты ақпараттандырмайды.  Мүмкіндігі шектеулі жандардың қандай құқықтары бар, олар  қашан, қайда тегін ем-дом ала алады, қажетті заттарын қайдан алады деген секілді сұрақтарға жауап беретін ақпараттарды не телеарналардан, не ақпараттық сайттардан таба алмайсың. Әйтеуір анадан-мынадан сұрастырып жүріп, қажетті ақпаратқа қол жеткізесің. Одан кейін маған мұндай адамдар құжат рәсімдеу жағынан жиі көмек сұрап жатады. Мүгедектіктігі туралы анықтаманы алу , өзге де құжаттарды рәсімдеу  оларға қиындық тудырады. Осы жағын жауапты басшылар назарға алып, жеңілдетсе деген ұсынысым бар.  Екінші мәселе, ерекше қажеттілігі бар жандарға кейде адамдар дұрыс көзқараспен қарамайды.  Сал ауруына шалдыққан қызды қоғамдық тамақтану орнының күзетшілері массың деп кіргізбей қойған жағдай да орын алып жатыр. Әлгі қыз кейін оларға шағым түсірді. Сал аурумен ауыратын адамдардың жүріс-тұрысы кішкене өзгешелу, сөйлеуі де басқаша болады ғой. Міне, осыны күзетшілер дұрыс түсінбей маскүнем біреу деп ойлаған. Бұл оқиғадан шығатын қорытынды тағы сол ақпараттандырудың осалдығына келіп тіреледі. Қоғамға мүмкіндігі шектеулі жандардың , ерекше диагнозбен ауыратын адамдардың түр-келбеті, аурудың белгілері  қандай болатынын, олар көпшілік ортада өздерін қалай ұстайтынын тағы да басқа адамдар білуі тиіс маңызды жайттарды түсіндіру керек, айту керек. Сонда мұндай жағымсыз оқиғалар орын алмас еді»,- дейді Диас Ахметшәріп.

А.Оңғарбай

Демография - мемлекет дамуының кепілі
Адам саудасымен күрес күшейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу