Адам саудасымен күрес күшейді

Oinet.kz 31-05-2023 805

Адамның өмірі мен босандығынан қымбат ештеңе жоқ. Алайда осы баға жетпес байлыққа қол сұғып жататындар кездеседі. Яғни адам саудасы, өкінішке қарай әлем елдерінде өршіп тұр. Адам саудасы - тұсауға дес бермей тұрған заңсыз бизнестің түрі, аса ауыр қылмыс болып саналады.

Screenshot_25.jpg

Мұндай құрбанға қоғамның әлсіз топтары - әйелдер мен балалар ұшырап жатады. Адам саудасы көбінесе жыныстық қанау, мәжбүрлі еңбек, күштеп қайыр сұрату, адам ағзаларын алу және жаңа туған нәрестелерді асырап алу үшін сату оқиғаларымен байланысты.

Қазақстан да әлемнің өзге елдері секілді адам саудасымен күресті жүргізуге күш салып жатыр. 

Мамандардың айтуынша елімізде жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден аса қылмыс тіркеліп,  5-ке дейін қылмыстық топтың ұйымдасқан әрекетінің жолы кесіледі екен. Айталық ағымдағы жылдың төрт айында адам саудасына қатысты 65 қылмыстық іс тіркеліпті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында адам саудасы мәселесін көтерген болатын. 

«Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет. Мұндай заң адам саудасының құрбаны болған азаматтарды қорғауды және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етеді. Бұл күн сайын артып келе жатқан мәжбүрлі көші-қонның жаһандық және аймақтық процестері жағдайында өте маңызды», - деді өз сөзінде Президент.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде алғаш рет адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы қолға алынды.  «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы заңнаманың бір-біріне ұқсамайтын нормаларын біріктіруге бағытталған. Қазір бұл саладағы қатынастар 10-ға жуық заңмен реттеледі. Салалық заң жобасы мәселенің салдарымен емес, себептерімен күресуге жол ашады. Сондай-ақ мемлекеттік органдарды, ҮЕҰ және қоғамды біріктіру мақсатында әзірленген. Жобада адам саудасының барлық нысандарының алдын алу, қылмыстық жауапкершілікке тарту, құрбандарға көмек көрсету нормалары қамтылып, адам саудасының құрбаны ұғымы мен адамды қанау ұғымына мәртебе берілген.

Осы орайда саясаттанушы, экономист Қуат Күнболатов  адам саудасымен күресті күшейтудің жолдарын атап өтті. 

- Кезінде, Германияның ұлы канцлері Отто фон Бисмарк: «Нашар заңмен, бірақ жақсы шенеуніктермен басқаруға әбден болады. Бірақ шенеуніктер нашар болса, ең жақсы заңдар да көмектеспейді», - деген болатын. Демек, адам саудасымен күресудің басты жолы, шенеуніктердің жалпы сапасын жоғарылату болып табылады. Мемлекеттің күштілігі - шенеуніктердің білім деңгейі жоғары болуымен қатар, меніңше, шенеуніктердің азаматтық борышын жоғары ұстауында деп білемін. Неліктен мен бұлай айтып отырмын? Себебі, біздің шенеуніктер және құқық қорғау органдары, адам саудасымен айналысатын, не болмаса құлдықта адам ұстайтын күдікті адамдардың көбісін тікелей білуі әбден мүмкін.  Дегенмен мәселеге салғырттық танытады. Ал бұндай салғырттықтың басты себебі, баяғы сыбайлас жемқорлық немесе ондай заңсыз істермен айналысатын адамдардың аға-көкесі барында. Демек, адам саудасына ұшыраған адамдар, құқық қорғау органдарына көп жағдайда хабарламайды, өйткені билік өкілдеріне сенуден баяғыда қалған. Оларға хабарлаған кезде де, заң бұзушыларға қарсы шара қолданылмайды және мәселе тіпті ұшығып кетеді деп ойлайды. Бұл ауқымды мәселелені оңтайлы шешудің жолы, меніңше, адамдардың мемлекеттік қызметтегілерге деген сенімін қайтару. Ол оңай шаруа емес, аталған бағытта табанды жұмыстармен бірге, жылдар қажет. Сондай адам саудасымен айналысып ұсталған адамдарды және мәселеге салғырт қарағандар болса, барлығын жауапқа тарту және бұндай мәселелер бойынша ақпараттарды кеңінен халыққа тарату керек деп есептеймін.

А.Оңғарбай

Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет қамқорлығында
Қоғам ынтымағы бәрінен де қымбат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу