«Әйел – ұрысқақ Айсара ғана емес»: Қазақ киносындағы әйел образы неге өзгермейді?

Oinet.kz 13-05-2025 183

Күзде қаралым жағынан оқ бойы озық тұрған “Келінжан 6” сериалы жарық көрмек. Әлеуметтік желіде аталған туындыға қатысты екіұдай пікір жазылып жатыр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

Screenshot_2.jpg

Бірі сүйікті сериалын сағынса, енді бірі “Айсарадан жалықтық”, “Ұрысқақ долы әйелдердің өмірін көре беруден шаршадық”, “Келіндеріне “былшиған бетің құрысын” деп ұрсатын ене үлгі ме?!” деп жазып жатыр. Осыған қатысты Stan.kz тілшісі қазақ киносында әйелді ұрысқақ, долы, көкбет, толық етіп көрсетудің себебін анықтап көрген. 

Танымал сценарист Перизат Мырзахметтің сөзінше, әйелді жағымсыз кейіпте көрсетуге бағытталған кино түсіргіш компаниялар көбейген. 

“Қазақ киносындағы әйел бейнесімен күресемін деп мүлдем сериал жаза алмай қалдым. Тапсырыс беруші компаниялар ылғи ұрысқақ, долы, аяр, қызғаншақ әйел жазуды тапсырады. Өткен күзде бас кейіпкер “истеричка” әйел болмайды деп принципке барғанымыз үшін жобаны басқа командаға алып берді”, – деді қоғам белсендісі. 

Ал феминист Айгерім Құсайынқызы қазіргі режиссерлер мен киносценаристер әлі күнге дейін стереотиптің шеңберінен шыға алмай жүргенін айтты. 

Әйелді конфликтте ғана көрсету – көпқырлы табиғатын әдейі шектеу

“Шыны керек, бұл мәселе көптен бері мені де ойландырып жүр. Қазақ киносы және кеңірек айтқанда, теледидар контенті әйел образын көрсету тұрғысынан әлі күнге дейін стереотиптің шеңберінен шыға алмай келеді. "Ұрысқақ Айсара", "көзі ашық болса да, көкбет", "пышақтың қырындай арық әйел – жақсы әйел" деген ойларды тықпалау – кешегі кеңестік кезеңнен келе жатқан идеологиялық кодтардың бүгінгі жаңғырығы. Өйткені стереотип жақсы сатылады: көрермен жаттанды үлгіні көргенде ойланып отырмайды, автоматты түрде қабылдайды. Бірақ бұл – қоғамға қауіпті нәрсе. Өйткені әйел бейнесін үнемі “истеричка”, долы, артық салмақпен немесе тек тұрмыстық конфликтте ғана көрсету – әйелдің күрделі, көпқырлы табиғатын әдейі шектеу. Ал дене пішінін мазақ етуге келсек, бұл – біздегі толық түсінік қалыптаспаған bodyshaming мәселесі. “Келінжандағы” Айсараның толықтығын да сөз ететіндер бар. Айсара арықтауы керек пе, жоқ па – бұл тек Айсараның өзі шешетін дүние. Бірақ біздің продакшн-командалар әлі күнге дейін әйелдің құндылығын сыртқы келбетімен ғана өлшейтіні рас. Егер біз гендерлік сананы дамытамыз десек, алдымен контентті өзгертуден бастауымыз керек. Әйел – ұрысқақ Айсара ғана емес. Әйел – тұлға. Ал тұлға стереотиптен әлдеқайда күрделі”, – деді фембике. 

Сондай-ақ белгілі киносыншы Әсия Бақдәулетқызы адам бойындағы түрлі жағымсыз эмоция тек әйелге ғана емес, жалпы адамзатқа тән екенін атап өтті.

Әйелдің сырт келбетін сөз ету – жасөспірім қыздарды қысымға ұшыратады 

Жалпы, заманауи қазақ киносында әйелдерді стереотиптік бейнелерде көрсету кең белең алғаны өтірік емес. Табиғатта долы, өсекші, көкбет тек "әйелге тән" қасиет деу –  қате. Күшті, мықты деген қасиеттер де еркекке ғана тән деу – негізсіз. Әуелде сөз болған" демекші, қоғамда қайталатын дискурстар да, идеология да біздің шындығымызды қалыптастырады, біздің шындығымыз ғана идеологиямызды емес. Сол себепті киногерлер әйел және ер образдарын жазғанда стереотиптерге сүйеніп сүйкей салмай, өмірдегідей әралуан кейіпкерлерді тудыруға ұмтылса игі еді. Ал "толықтық" не "арықтық" сияқты дене келбетіне келсек, әйелдер әр түрлі, және соған сәйкес эфир мен экранда да түрлі әйелдердің көрініс табуы табиғи да қалыпты жағдай. Керісінше, әйелдердің бәрі арық, нәзік, құралай көз болу керек деген сияқты стереотиптерден абай болуымыз керек. Өйткені әйелдің сырт келбетін белгілі бір қалыпқа салу әйел затын, әсіресе бойжетіп келе жатқан қыздарды көптеген қысымға ұшыратады”, – деді кинотанушы.

“Бақыт” фильмінің сценарий авторы, журналист Әсем Жәпішева әйелді жағымсыз етіп көрсету тек қазақ қоғамында ғана емес, патриархал қоғамда өмір сүретін барлық ұлтта бар екенін жасырмады. 

Қазақ киносының мақсаты – патриархал қоғамды күшейту

“Өте жақсы, орынды мәселе көтеріп отырсыздар. Тек кинода ғана емес, қоғамда әйелдің екі-үш ғана бейнесі бар. Бірі – келін. Екіншісі – махаббат объектісі, үшіншісі – біреудің анасы. Одан кейін тағы бір бейнесін атап өтейін: “Келінжандағыдай” ұрысқақ, долы көкбет әйелдің образы. Бұл кездейсоқ нәрсе емес. Оның бірнеше себебі бар. Алдымен, патриархал қоғамды күшейту. Біздің киномыз әлі де ақылы бар, табысы артқан, жұмыста көтерілген әйелді жақтырмайды. Әйелдердің кинодағы образы арқылы біз мынадай ой түйеміз: “Әйелді тәртіпке көндіру, оларды ұялту, ыңғайлы болуға көндіру. Айсара сияқты болмаңдар, тәртіпке бағыныңдар деген сияқты санаға ой салады. Екінші себеп, күлкі мен рейтинг үшін құрбандық. Комедияда ұрысқақ ене, ұсақ-түйек үшін ұрысатын әйелдер жеңіл күлкі тудырады. Одан кейін шығармашылық еркіндіктің де шектелетін тұсы бар. Көптеген автор мен киногерлер шеңберден шыға алмай келеді. 10-15 жыл бұрын сценаристер жазып кеткен тақырыптар әлі бар. Өзім де 15 жылдай телеарна саласында еңбек еттім. Сол жерде де анық көзім жетті. Продюсерлер белгілі бір таптаурын форматты бекітіп алады, бүкіл қызметкер сол бойынша жүреді. Одан ауытқу мүмкін емес. Ол жерде әйелі, тек ене, ана, келін рөлдерімен шектеледі. Әйелдің ойы, арманы, ішкі-жан дүниесі көлеңкеде қалып кетеді”, – дейді қоғам белсендісі. 

Осы тақырыпты көтеру барысында әлеуметтік желіден “Әйел режиссер болғанда ғана кинодағы әйел бейнесі өзгереді” деген пікірді оқыдық. Спикерлерге сұрақты қойып көріп едік, әрқайсысы әртүрлі аргумент айтты. 

Мүмкіндік аз, қаржыландыруда әділетсіздік көп

“Бұл пікірді жиі естиміз: "әйел режиссер болса, әйелдер туралы образдар өзгереді". Иә, бұл – дұрыс бағыттағы ой, бірақ мәселенің тек бір қабаты ғана. Әйел режиссерлердің киноиндустрияда көбірек болуы – маңызды және қажет нәрсе. Әйел режиссер еркіндікке шыққан күннің өзінде, ол да нарықтық қысым мен тапсырыстардың талабына бағынады. Қазақстандық контекстке келсек, біздің киноиндустрия әлі де посткеңестік патриархалды шеңберде қалып отыр. Мысалы, соңғы жылдардағы ең танымал сериалдар – "Келінжан", "Әке", "Күйеу бала" секілді өнімдер әйелдің рөлін тұрмыстық шеңберден асырмайды. Тіпті, әйел режиссерлер шыққан жағдайда да, олар кейде конъюнктураға тәуелді болып, көрермен сұранысы деген желеумен стереотиптерді қайталай береді. Бұл жерде тағы бір қауіпті тенденция бар: институционалды тосқауылдар. Әйел режиссер болғысы келетіндерге мүмкіндік аз, қаржыландыруда әділетсіздік көп. Бұл туралы бірнеше рет қазақстандық жас режиссер әйелдер пікір білдірген: "Жоба ұсынғанда, продюсерлер ең бірінші әйелдің жасына, отбасылық жағдайына қарап жатады". Бұл – классикалық institutional sexism мысалы”, – дейді Айгерім Құсайынқызы. 

Киносыншы Әсия Бақдәулетқызының айтуынша, кино саласында әйел затының көбеюі мәселені толық шеше алмайтын көрінеді. 

Қоғамда әділетті теңдік орната алады 

“Кино әлемінде әйел мамандардың қатары артуы экранда белсенді әйел кейіпкерлердің артуына әсер еткені шындық. Екіншіден, кинода ғана емес, өмірдегі әйелдің әр салада теңдей маман болып қалыптасуға мүмкіндік алуы маңызды десек, кино саласындағы әр әйелдің экран сыртында да жетістікке жетуі маңызды. Алайда, бұл мәселе де басқа мәселе сияқты күрделі. Патриархал қоғамда өсіп өнген, сол қоғамның идеологиясын интернализациялаған, яғни түбегейлі сіңірген әйелдер үстем жүйенің "агенті", немесе қызметшісі болып шығатын жағдайлар өмірде жиі кездеседі, өнерде де сирек емес. Сондықтан кино мамандарын қыздар қатарынан тәрбиелеуге мән берудің өзі ғана бар мәселені шеше алмайды. Эгалитарлық құндылықтарды қоғамның бар саласына кешенді түрде сіңіру керек. Бірақ мұның бәрі өзара байланысты, өзара әсер ететін факторлар болғандықтан, әйел затынан киногерлердің көбеюі қоғамда әділетті теңдік орната алатын дискурсты қалыптастыруға үлес қоса алатыны анық”, – дейді мәдениеттанушы.

Сценарист Әсем Жәпішева да кино түсіру кезінде түрлі қиындыққа тап болған. Кино саласына әйелдердің араласуы мәселенің бір ғана қабаты екенін түсіндірді.

Әйел режиссерлерде қорқыныш басым 

“Бізде әйел режиссерлердің көбеюі қуантатын жағдай. Бірақ олармен бірге жүйе де өзгеруі керек. Жалпы, қоғамдағы әйелдердің өзі патриархал жүйеде дүниеге келген. Баяғы “ұрысқақ ене”, “айлакер абысын”, “ақымақ келін” образдарын қуана-қуана жалғастырып жатыр. Өйткені олар басқа форма көрмеген. Тәуелсіз ойлауға мүмкіндігі болмаған. Одан кейін қорқу сезімі де басым болуым мүмкін. “Жұмыстан айырылып қаламын”, “Жобам өтпей қалады”, “Ақша бермей қояды” деген сияқты қорқыныш та болады. Көрдіңіз бе, әйелдерді кемсітетін образда қалу пайдалы болып тұр. Сосын көрерменнің талғамы мен нарық та әсер етеді. Көрермен осыны көреді, сұраныс бар деп ақталады. Бірақ әйел режиссер болса да, нарыққа арзан күлкі, комедия, таптаурын тақырып керек болса, соны береді. Мысалы, “Бақыт” фильмін шығаратын кезде мен 2-3 жыл бойы продюсер іздедім. Кино нарығында жүрген біраз адам маған ондай киноның касса жинамайтынын айтқан. Бірақ ауыр фильм болса да, біз ойлағаннан да жақсы ақша жинады. Бұл біздің кино нарығының дайын екенін көрсетті. Ендігі жерде, кино продюсерлер әйел образын комедия жанрының бөлшегі ретінде көрсетпей, шынайы адам, тұлға ретінде насихаттау керек”, – деді Әсем Жәпішева. 

Қазақстанда ЛГБТ-ның кәмелетке толмағандарға әсері зерттеледі
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу