Қоғам ынтымағы бәрінен де қымбат

Oinet.kz 31-05-2023 490

200501205057582e.jpg                

Қазақстанның  ең қымбат қазынасы ол мұнай немесе алтын емес, басты байлық – ол осы елдің азаматтары. Азаматтарымен қатар қоғамдағы барлық адамның өзара құрметі мен теңдік құндылықтары да қастерлі саналады.  Яғни қоғамда өзіндік мүдделері мен мақсаттары бар түрлі әлеуметтік топтар мен саяси күштер болады. Осы әлеуметтік топтар мен саяси күштердің өзара сенімі, келісімі, өзара әрекеттестігі мен ынтымақтастығы әлеуметтік өмірдің ерекше сапалы жағдайы болып табылатын қоғам бірлігін құрайды.

Қазақ жерінде бүгінде шығу тегі басқа, көзқарасы, діни ұстанымы, сенімі әртүрлі адамдар тіршілік кешуде. Бір шаңырақ астында осындай түрлі жанның бірлікте күн кешуі әрине ол ынтымақ пен бірліктің арқасы.  Ел ішіндегі ынтымақ пен ауызбіршілік, қоғамды құраушы жандардың өзара түсіністігі мен сый-құрметі – елдегі тұрақтылықтың кепілі. Қоғамда ынтымақтастық рухты қалыптастыру елдің тұрақтылығына тіреу болады. Сондықтан  тек мемлекет қана емес, бүкіл азаматтар осы қоғам бірлігі тетіктерін дамытуға бірлесе атсалысуы қажет.

Қазақстан  қоғамдық ынтымақтастық, бірлік пен өзара келісім, ауызбіршілік жағынан көпке үлгі болып отырған мемлекеттің бірі. Еліміздің кез-келген азаматы тілі, діні, тегі мен ұлты басқа болса да барлығына құрметпен қарау керектігін, тең екенімізді ұғынады және осы қадиғаданы ұстанады. Сондай-ақ ел басына күн туғанда республика азаматтары дәреже мен ұлтына қарамастан жұдырық болып жұмыла кететінін тарихтың өзі дәлелдеп келеді. Бұл сөзбен Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың Тифлология бөлімінің меңгерушісі Ербек Бакиев те келіседі. Қазақстан рекордтар энциклопедиясына 2018 жылы Тұңғыш зағип тележүргізуші ретінде енген кітапханашының  айтуынша қоғамның ынтымағы  бәрінен де маңызды.

 - Қоғамда тұрақтылық пен ынтымақ әрдайым керек. Себебі ынтымақ, татулық  ол бірінші кезекте елдің тыныштығы. Ал тыныштықты сақтайтын әрбір азаматтың бойындағы мәдениеттілігі жоғары болуы қажет. Мемлекет барлық адамға бірдей әділетті және тең мүмкіндікті жасаған.  Яғни біздің елде өзінің жеке артықшылығы мен шығу тегіне қарамай, қабілетіне қарай барлық мүмкіндігін жүзеге асырып, жетістіктерге жетуге жағдай жасалған.  Ал шыққан тегі мен ұлтына қарамастан қабілеті мен мүмкіндігі артқан адамдар саны көбейген сайын ел егемендігі нығайып, қоғамның біртұтастығы артады. 

  Осы ретте айтатыным: қоғамдағы ынтымақтастық рухын нығайту үшін ақпараттық саланы дұрыс жолға қойған жөн. БАҚ құралдары, әлеуметтік желілерде болсын жағымсыз емес жақсы жаңалықтарды көбірек таратса деймін. Зұлымдық пен қатігездік сипат алған ақпараттарды мейілінше азайтып, еліміздің жетістігін көбірек айтып, қоғам бірлігін насихаттаса нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар азаматтар арасындағы өзара келісім, ынтымақтастықты нығайтатын шараларды көбірек ұйымдастырсақ  түсіністігіміз бен бірлігіміз арта түсетіні анық»,- дейді Ербек Мейрамбайұлы. 

Адам саудасымен күрес күшейді
Жиырма миллионмен-ақ жер-дүниеге танылуға болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу