Жетістік деген сөзді ұнатпаймын

Oinet.kz 06-02-2019 922

Без названия (2).jpg

Таңдау еркіндігі маңызды

Продюсерлерге өкпе арта алмаймын. Осыдан біраз уақыт бұрын мүлде продюсерсіз жұмыс істеген едік. Польшада продюсер деген атауымен болмаған еді. Бірақ мен өзімнен үлкен әріптес, достарымнан ақыл сұрап, кеңесетінмін. Сондықтан олар белгілі бір деңгейде продюсер қызметін атқарған да болар. Олар өз пікірлерін білдіретін, оларын мен кейде елесем, кейде елемей тастайтынмын. Батыс продюсерінен күтетінім де осы – еркіндік пен серіктестік. 

Менің еркіндігім көптеген мәселенің шешімін қамтамасыз етеді. Мысалы, қаржылық ахуалды. Мен өздігінен іздеп, өзі ақша табатын продюсерді жақсы көремін. Жасым елуден асты, бұрынғыдай сергек әрі ширақ емеспін. Фильм түсіру үшін маған белгілі бір деңгейде жағдай керек. Қымбатқа түспейтін, бірақ кәсіби деңгейі жоғары фильмдер түсіргім келеді. Өндірістегі шыж-быжды жаным сүймейді. 

Бұл нені білдіреді? Ең алдымен еркін шешім қабылдай алуым керек. Продюсермен сценарийді, бюджетті, шарттылықтарды ойласқан кезде еркін болғанымды қалаймын. Мәселен, сценарийде жоқ сәтті түсіру үшін. Немесе қымбатқа түскен кадрларды кесіп алып тастауға – мендік таңдау еркін болуы тиіс. Продюсер кино мен киноны сату нарығын жақсы білуі керек. 

Жетістік деген сөзді ұнатпаймын

Мен «жетістік» деген сөзді ұнатпаймын. Себебі, оның шын мәнінде не екенін толық түсінбеймін. Мен үшін жетістік деген қалаған нәрсеңе қол жеткізу. Ал, бұл ойдың орындалуы екіталай. Әрине, қазіргі қолда бар танымалдылық өзімшілдікке жетелейді. Бірақ бұл сезімнің жетістікке еш қатысы жоқ. Атаққұмарлық пен жетістіктің арасы жер мен көктей. 

Атақты болу кей кездері өмірді жеңілдетеді. Әртістерді тез табасың, ақша табу қиын емес, басқа да түйткілдер өздігінен шешіле береді. Бірақ мұның бәрі дұрыс, жақсы екендігіне күмәнім бар. Бәлкім, бәрі қиын болғаны жөн бе еді? Қайғы шегу пайдалы емес пе? Кейде пайдалы секілді. Өйткені, тек қайғы адамның болмысын бүтіндейді. Егер өзің жеңіл әрі қиындықсыз өмір сүрсең, онда өзгелер туралы бас ауыртып, балтыр сыздатудың керегі жоқ. Ал, өз өміріңнің мәнін шын түсінгің келсе, әсіресе өзгенікін байыптау үшін – қайғы шеккенде ғана тереңдікке бойлай аласың. Әйтпесе, қайғының жоқтығын қалай сезбексің? 

Үйде жүргенде адамдар бір-бірі туралы не ойлайтынын, не сезетінін, қандай сезімді бастан кешетінін, жаны не үшін сыздайтынын айта бермейді. Жүректегі ауыр жүк туралы ойламауға тырысамыз. Сол салмақтан өзімізді тығып қойғымыз келеді. Өзімізді бағалаудан шошимыз.

Кейде менен неге Америкада жұмыс істемейсіз деп сұрайды. Оның себебі көп. Біріншіден, мен бұл елді жақсы көрмеймін. Ол тым үлкен. Адам көп, шу мен дуылдақ көп, әрбірі өзін бақыттымын деп көрсеткісі келеді. Мен мұндайға сенбеймін. Олардың арасында да бақытсыз адамдар бар ғой. Біз бақытсызбыз деп мойындай аламыз. Ал, олар ешқашан мойындамайды. Күнделікті өмірде бұл жағдай мені мезі етеді. Мен үшін күнделікті өмір кино түсіру ғой. Бір нәрсе түсіру үшін мен ол елде кем дегенде жарты жыл тұруым керек болар еді. Әрбіріне күнде «бәрі жақсы» дей беру мен үшін тым ауыр.   

Алғаш Америкаға барғанымда менен «қалың қалай?» деп сұрады. «Онша емес» дедім. Олар үйде біреу қаза болды деп түсініпті. Мен тек жеті сағаттық ұшудан шаршағанымды айтпақ едім. Олар үшін айтатын ең жағымды сөзім «әзірге тірімін». Осындай жағдайдан соң онда барып тұруға мен лайықсызбын. 

Оның үстіне ол жақта монтаж жасалатын жерге режиссерды кіргізбейді. Әйтеуір, мені шақырған ірі студиялардың ережесі солай болған. Ол жерде әркім өз жұмысын атқарады. Біреуі сценарий жазады. Екіншісі фильмді қояды. Үшіншісі оны монтаждайды. Мүмкін менен артық жаза алған адамның сценарий бойынша бір күні кино түсірермін. Бірақ монтаждан ешқашан бас тартпаймын. 

Киноның мүшкіл жағдайы...

Бүкіл әлемде киноның жағдайы мәз емес. Бүгінгі кино күміс тойын тойлап  жатқан, бірақ бір-бірінен әбден шаршаған, жалыққан жұбайлар кейпінде. Кино көрерменіне, көрермен киноға қызығушылығын жоғалтқан.  

Бұл мәселеде Америка ұтып тұр. Олар көрерменді жылт еткенмен қызықтыруға тырысады. Өзінің қалтасының қамын көбірек ойлайды. Алайда мен рухани өсуге жетелейтін кинолар түсіргім келеді. Тым асқақ айтылып тұрған шығар, дегенмен мен рухани ахуалды алдыңғы орынға шығарамын. Америкалықтар тиын санағыштықтарына қарамастан тамаша кинолар тудырып жатыр. Арасында күрделі, психологиялық фильмдер бар. Сонда да біздер рухани сұранысты толық сусататын дүниелерді әлі жасамадық деп ойлаймын. Көрермен мұны сезеді. Сосын теріс айналады. Режиссер ретінде мұндай кемшілікті мойындаймын. Кім білсін, бәлкім көрерменнің де сұранысы кеміп жатқан шығар. 

Кино көрермен өмірінде

Мен үшін ең маңызды нәрсе – көрерменнен мен түсірген киноның солар туралы болғанын есту. Осы кинодан соң көрермен өз өмірінде бірдеңе ашқанын, яки бір өзгеріс болғанын мойындауы маған аса қымбат. «Махаббат туралы фильм» атты киномды Берлинде көрсетіп жатқан кезде бір әйел келіп жолықты. Көз жанары жасқа шыланып тұрып, маған ыстық алғысын жеткізді. Жасы елуде екен. Көп жылдан бері қызы екеуі тіл табыса алмай келе жатқанын айтты. Бір күн бұрын менің кинома барыпты. Содан кейін қызы анасының бетінен сүйіпті. Соңғы бес-алты жыл мұндай жылылыққа жуымай кеткен қызының әрекеті анасының да жүрегін жібітеді. Әрине, олар кейін талай рет жүз шайысқан болар, екі күннен соң тағы да сөйлеспей кетісуі әбден мүмкін. Бірақ олардың жүрегіне жылу сыйлаған сол қысқа әрі есте қалатын сәт болды ғой! Осындай бет сүюге бола – кино түсіру бір мәртебе. Тіпті осындай бір әйел үшін болса-дағы. 

«Кісі өлтіру туралы фильм» түскен соң менен: «Адам өлтіру тура осылай болатынын сіз қайдан білесіз?» деп сұрағандар көп болды. «Киноқұмар» деген кином шыққан кезде адамдардан сансыз хаттар келді. «Киноны жақсы көретін адамның ішкі жан дүниесін қалай тамаша ашқансыз?», «Мұның бәрін қайдан білесіз?», «Мына фильм мен туралы екен» деген пікір, сауалдар көп болды. 

Немесе мынадай жағдай болды. Парижде. 15 жасар қыз келді. Ол «Верониканы» бірнеше рет көріпті. Маған келіп «адамның жаны бар  екендігіне көзім жетті» деді. Бұл ақиқатты ол енді анық білді. «Верониканы» осы қызға бола түсірудің өзі фильмді ақтап тұр. Мұндай көрермен – ең риясыз көрермендер. Олар өте аз.   

Мақсатым адамның жан дүниесін ашу

Менің мақсатым – адамның ішкі жан дүниесін ашып көрсету. Камераға түсіруге мүмкін болмайтынды түсіру. Бұл мақсатқа жету мүмкін емес. Оған тек жақындауға болады. Өнердің басты мақсаты осы. Ең алдымен әдебиет үшін. Адамның жанына терең үңілдіретін жүздеген кітаптар бар. Камю мен Достоевскийдің романдары, Шекспир мен грек драматургтерінің пьесалары. Фолкнер мен Кафканың прозасы. Варгас Льостың айтпағы тамаша дүниелер. 

Адамның жанын сөйлету әдебиетке тән. Кинематографтың ондай құдіреті кемшін. Соншалықты нәзік емес, тым тік сөйлейді. Бірақ кейде тік сөйлеу көп мағыналылыққа ұрындырады. Менің бір фильмімде сүт құйылған бөтелкенің кадры бар. Бөтелке қисаяды да, сүт төгіледі. Бір уақта бұл жағдайға біреу керемет сипаттама берді. Ол туралы мен тіпті ойланған да емеспін. Мен үшін сүт құйылған бөтелке тек бөтелке болған. Қисайды, сүті төгілді. Сол ғана. Дүние құрыды деп мағына бермеген едім. Бас кейіпкердің ана сүтінен ерте айырылғанына мән бермеген екенмін. Бұл нәрселерді байланыстырмағанмын. Бірақ бұл байланысты басқалар көрді. Осындай шынайылықты кино ғана бере алады. 

Өзім сабақ беретін жас әріптестеріме түсіндіргім келеді. Жағылған оттық тек оттық қана. Жағылмаса, сынғаны. Осы ғана. Бірақ он мыңнан бір адам осы құбылысқа басқа мағына бере алса, оның жеңгені. Ғажайыпқа қол жеткізгені. Бүгінгінің режиссерларынан мұндай ғажайыпты тек Тарковский жасай алды. Бергман мен Феллини, Кен Лоуч жасап кеткен. 

Әрине оттық деген түкке тұрғысыз мысал. Мен тек киноның көрсете алатын қауқарын жеткізбек едім. Менің мақсатым – осыдан қашып құтылу. Өзімнің кейіпкерлерімнің ішкі жан дүниесін өзім көрсеткім келгендей ешқашан көрсете алмасымды білем. Кино  түсіргендегі басты мақсат – көрермен өзін осы фильмнен таныса, нұр үстіне нұр. 

Жастарға ақыл

Шашыма ақ түскендіктен жастарға ақыл айтсам артық болмас. Қауіпті тенденция қатер төндіріп келеді. Камера мен мониторды жалғап кино түсіріп жүргендерді байқап қалып жүрмін. Режиссер кино түсіру аумағынан кетіп қалады. Өз бөлмесіндегі мониторға тесіледі. Мұнда сахналайды. Ол анда отырады. Мүмкін олар әртістер үшін алаңдайтын болар, қуанады, ренжиді. Бірақ ойнап жатқан әртістермен байланыс тоқтайды. Ал, әртіс деген режиссердың әлпетіндегі әр қимылды жіті бағады. Өзінің ойнағаны режиссерға ұнаған, ұнамағанын бір көзқарастан-ақ сезеді. Ал, режиссер арқасын беріп, мониторға қадалып отырғанда осындайды сезіне аласың ба? Мен үнемі әртістердің жанында болуға тырысамын.  

Әртістер ғажап адамдар. Мен оларды жақсы көремін. Бір қарағанға олар мен үшін бүкіл міндетті атқарып шығады. Өз әлпеттерін маған береді. Шеберліктерін, кейде өзінің танымын, сезімін ортаға салады. Мен осынысын пайдаланамын. Сол үшін оларды жақсы көремін. Олар да мені жақсы көреді. Болмысындағы шеберлігі мен өтірік көз жасынан әлдеқайда көп нәрсе беруге құлықты.   

Шаштаразға өзін ойнайтын әртіс ешқашан жақпайды. Қайшыны дұрыс ұстамайды дейді. Басқалар үшін бұның маңызы жоқ. Бірақ ол үшін мұндай кәсіби біліктілікті меңгермеген әртіс түскен фильмді көру тіптен мүмкін емес. Кино әлемінде де осы тектес түйткіл. «Польшада жаңадан саяси партиялар құрылды. Ал, фильмде бұл туралы ештеңе айтылмаған. Бұл қалай?» Мені қызықтырмайтын нәрсемен шұғылданғым келмейді. Сайлау, үкімет, партия сияқты дүниелер менің өмірімнен тыс...

Ұлы мәртебелі көрермен! 

Көрерменге келсек, мен бақыттымын. Варшавада менің кином екі ай бойы көрсетілді. Зал лық толып жатты. Қанша адам көргенін білмеймін, бірақ продюсер пайда тапты. Бұдан артық нені армандауға болады? Шіркеудің, әзірге киноға ақшасы жоқ, оған да шүкір...

Бірақ мен ешқашан нәтижеге риза болған емеспін. Мен жеткізуге талпынған киноның тек отыз бес пайызы ғана орындалады. «Вероника» сондай болды. 35% менің өзімшілдігімді тоят таптырады. Осы жеткілікті. Бұдан артыққа қол жеткізу мүмкін еместігін мойындайтын уақыт келді. 

КШИШТОФ КЕСЬЛЁВСКИЙ, поляк кинорежиссеры

Аталмыш  кітабынан үзінді...

Аударған Шынар Әбілдә

Зорлық жасамаудың жаршысы
Атақты психолог Карл Юнг айтқан қанатты сөздер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу