429 мың теңгеден асқан. Министрлік Қазақстанда жалақы 10 пайызға өскенін айтты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың III тоқсаны бойынша деректерінде елдегі жұмыс күші саны 9 778 691 адамға жеткен.

Соның ішінде 7 155 420 адам жалдамалы қызметкер ретінде еңбек етеді. Бұл көрсеткіш елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесінің едәуір екенін аңғартады.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың III тоқсанында республика бойынша орташа айлық жалақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға өсіп, 429 368 теңгені құраған. Дегенмен инфляция деңгейін ескерсек, жалақының бұл өсімі халықтың сатып алу қабілетіне айтарлықтай серпін берді деу қиын.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып белгіленіп, 2026 жылы да өзгеріссіз сақталды. Сарапшылардың пікірінше, ең төменгі жалақының индексацияланбауы төмен табысты азаматтар үшін әлеуметтік қысымды күшейтуі мүмкін.


