«Келіп алып, телефонға үңіліп отырасыздар». Сессия барысында депутаттар ұрыс естіді
Астана мәслихатының тұрақты комиссия төрағасы сессия кезінде жас балалар секілді тәртіп бұзған депутаттарға ұрысып берді. Бұл туралы Оinet.kz тілшісі хабарлайды.

Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек мәслихат сессиясы басталар алдында әріптестеріне бірқатар қатаң ескерту жасады. Ол ең алдымен отырыс залындағы тәртіптің сақталуы керегін атап өтті. Адамбек егер депутаттар сессияға қатысуды қажет деп санамаса, залдан алдын ала шығып кетуіне болатынын айтты. "Отырыс барысында орнынан тұрып, кіріп-шығып жүру — құрметсіздік белгісі. Егер бұл отырыс сізге қажет емес деп ойласаңыз, қазір тұрып кетуге болады. Бірақ сессия кезінде орыннан тұрып, ары-бері жүруге болмайды. Бұл — президиумға да, депутаттарға да құрметсіздік», — деді ол.
Сондай-ақ комиссия төрағасы депутаттардың мобильді телефон қолдануына назар аударды. «Келіп алып, телефонға үңіліп отырасыздар. Артта отырғандар экраннан бас алмайды. Егер келсеңіздер — тыңдаңыздар. Тыңдағыңыз келмесе, мүлде келмеген дұрыс», — деді төраға.
Бұдан бөлек, ол мәслихат отырысы Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көрсетілетінін еске салып, әр сөзге жауапкершілікпен қарауға шақырды. «Резонанс тудырудың, хайп жасаудың қажеті жоқ. Бұл — шоу емес. Кейін кешірім сұрайтындай жағдайға қалмаңыздар», — деді депутат.


